Мына жағдайларда оразаның қазасымен қатар кәффаратын өтеу талап етіледі:
1. Түнде ораза ұстауға ниет еткеннен кейін тәуліктің ауыз бекітетін бөлігінде[1] ораза екенін біле тұра[2] жыныстық жақындықта болу.[3]
Ері жақындасуды қалап, әйелі оның талабына көнген жағдайда[4] екеуі де қазамен бірге кәффаратын өтейді.[5]
Ері жақындасқанға мәжбүрлеген жағдайда[6] әйелі кәффарат-сыз тек қазасын өтейді. Еріне қазамен бірге кәффарат міндетті болады.[7]
Әйелі жақындасуды қалап, ерін соған көндірген жағдайда екеуі де қазамен бірге кәффаратты өтеуі тиіс.[8]
2. Тәуліктің ауыз бекітетін бөлігінде[9] ораза екенін біле тұра[10] ішіп-жеу.[11] Бұл ешбір үзірсіз, тек қарыны ашқаны немесе шөлдегені себебінен ішіп-жеген адамға қатысты. Ал үзірге Хақ Тағаланың: «Сендерден біреу науқас немесе жолаушы болса, ораза ұстамаған күндерін басқа күндерде ұстайды»,-дегеніне сай,[12] ауыз бекіткен адамның сапарға шығуы не болмаса науқастанып, дәрі ішуге мәжбүр болғаны жатады.[13]
Тәуліктің ауыз бекітетін бөлігінде дәрі ішуге мәжбүр болған адам тек сол күннің қазасын өтеп, оған кәффарат міндеттел-мейді.[14]
Жол жүретін адам сапарға шыққаннан кейін ауыз ашса болады. Бұл жағдайда да ол тек сол күннің қазасын өтейді. Сапарға шықпастан бұрын ауыз ашқан жағдайда қазамен бірге кәффаратын өтеуі міндетті болады.[15]
Ораза кезінде темекі тарту мәселесіне келер болсақ, біреулер: «Ішіп-жемесең және әйеліңмен жақындаспасаң болды. Темекі тамаққа жатпайды»,-дейді. Ал ақиқатында шариғат бойынша ораза бола тұрып темекі тартқан адам қазамен бірге кәффаратын өтеуі тиіс.[16]
Абдуссамад Махат
«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы
[1]яғни, таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта.
[2]яғни, қасақана.
[3]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаға».
[4]яғни, жақындасқанға қарсылық етпеген.
[5]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».
[6]яғни, әйелі ораза парыз екенін ескерсе, алайда ерінің талабына мәжбүрлікпен көнсе.
[7]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».
[8]Бұл да сонда.
[9]яғни, таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта.
[10]яғни, қасақана.
[11]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаға».
[12]«Бақара» сүресі, 184 аят.
[13]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаға».
[14]Бұл да сонда.
[15]Бұл да сонда.
[16]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».