22 қыркүйек. АСТАНА. Ummet.kz – Елорда мешіттері жалпықалалық сенбілікке атсалысты, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Бүгін Елордада қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жалпықалалық сенбілік өткізіліп, шаһар бойынша ағаш отырғызу, санитарлық тазалау шарасы ұйымдастырылды. ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің қадағалауымен Елорда мешіттері де экологиялық айлықтан тыс қалмай, мешіттің іші-сыртын тазалау жұмыстарын жүргізді.
Хазреті Пайғамбар (с.ғ.с): «Тазалық – иманның жартысы» деген, сондай-ақ тағы бір хадисінде «Алла – таза, тазалықты сүйеді» деп айтқан. Әсіресе, ғибадат орнын лас нәрселерден таза ұстау – әр мұсылманға міндет.
Жалпықалалық сенбілікке атсалысқан «Нұр Астана» орталық мешітінің қызметкерлері мен жамағаты, «Астана» медресе-колледжінің шәкірттері мешіт айналасын, оның аумағындағы саябақты ретке келтірді. Ал, әйелдер жамағаты мешіттің ішін жиыстырды. Шаң сүртіп, есік-терезелерді жуып, күндегісін күнде жайнап тұратын мешітті одан сайын мұнтаздай етті.
Жалпықалалық сенбілікке қаламыздағы барлық мешіттер атсалысып, мешіт айналасын қоқыстан арылтып, тиісті тазалық шараларын жасады.