24 қыркүйек. АСТАНА. Ummet.kz – «Нұр Астана» орталық мешіті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жаны саудың тәні сау» жобасы аясында доцент, ф.ғ.к. Мухитдинов Рашид Сражұлының жетекшілігімен Исламтану мамандығы бойынша магистранты Байзақ Мақсаттың ұйымдастыруымен отбасылар арасында «Ынтымағы жарасқан жанұя» атты эстафеталық жарыс өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Алатау спорт кешенінде өткен отбасылық эстафетаның алғысөзін сөйлеген ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Асқар Әбітайұлы отбасында салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталып өтті:
«Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың маңызды институты. Ал, салауатты отбасы – бұл салауатты ұлт. Себебі, салауатты отбасында ұрпақтар сабақтастығы, үлкендерді құрметту, балаларға қамқорлық, өзара бірі-бірін қолдау дәстүрлері, еңбек сүйгіштік және білімге талпыну қалыптасады.
Салауатты өмір салты Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бізге қалған берік сүннеттің бірі. Айша (р.а.) анамыз бірде Пайғамбарымызбен жүгіріп жарысқанын жеткізген. Одан бөлек, хадисте де «кушті мүмін әлсіз мүмінге қарағанда Алланың алдында жақсы және Алла оны жақсы көреді» делінеді».
Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы КММ басшысы Долиев Жапал, «Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы» ММ діни бірлестіктермен, миссионерлермен және теологиялық оқу орындарымен жұмыс бөлімінің басшысы Альмуxанов Нұрдәулет Иманәліұлы спорттық шараның қонағы болды.
Алты турдан тұратын эстафетада 9 отбасы сайысқа түсті. Соның ішінде Ермұратовтар отбасы белсенділігімен, ынтымағымен көрерменнің көзайымына айналып, әділқазылардың жоғары бағасына ие болды. Бас жүлдені ұтып алған Ермұратовтар отбасына кір жуатын машина табысталса, ал, 2-орын иегері Алайдаровтар отбасы пеш ұтып алды. Жүлделі 3-орынды иеленген Тасыбековтер отбасына үлкен ыдыс-аяқ жиынтығы табысталды. Сондай-ақ, отбасылық эстафетаға жанұясымен бірге қатысқан барлық жас отау иелері түрлі сыйлықтармен марапатталды.