26 наурыз. Астана. Ummet.kz “Астана – мейірімді қала” атты қайырымдылық керуені Аягөздегі ағайынға табыс етілді. ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі “Нұр Астана” орталық мешітінің ұйытқы болуымен ШҚО, Аягөз ауданындағы апатты аймаққа көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған “Астана – мейірімді қала” акциясы аясында жиналған гумманитарлық көмек Аягөз аудандық орталық мешітіне жеткізілді.
Акция аясында Елордамыз Астана қаласындағы жеті мешіттен жиналған жалпы салмағы 16 тоннаны құрайтын, киім-кешек, азық-түлік, үй-құрылыс материалдары Аягөз аудандық орталық мешітінің ауласында су тасқынынан зардап шеккен ағайынға үлестірілді.
Қайырымдылық керуенін бастап барған “Нұр Астана” орталық мешітінің найб имамы Ербол Абдуахитұлы аталған шараның маңыздылығына тоқталып, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының тапсырмасы аясында Респбуликамыздың барлық мешіттерінде атқарылып жатқан ізгі шаралар туралы баяндап берді. Сонымен бірге, найб имам аягөздік ағайынға ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, “Нұр Астана” орталық мешінің Бас имамы Асқар қажы Әбітайұлының сәлемін жеткізді.
Түн қатып көмек алуға келген жұрт алыстағы ағайынның жанашырлығы мен ізгі тілегіне, ақжарқын көңіліне тәнті болды. Әсіресе, қайырымдылық шарасын ұйымдастырып алыстағы ағайынға көмек көрсетуге бастамашы болып келе жатқан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына айырықша ризашылығын білдіріп, “Астана – мейірімді қала” акциясын ұйымдастыруға ұйытқы болған ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігі “Нұр Астана” орталық мешітіне алғыстарын жаудырды.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі