Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет «Нұр Астана» орталық мешітінде жұма уағызын жүргізді. Бас мүфти қасиетті күннің құлшылығына жиналған Елорда жұртына «Мұсылманның ақысы» жөнінде салиқалы әңгіме өрбітті.
Ислам шариғаты мейлінше діни бауырластықты нығайтады. Ал, осы имани бауырластыққа зияны тиетін кез келген себепті түп-тамырымен жояды. Шариғатта мұсылманның өзінің діндес бауыры алдындағы ақысы мен қадір-қасиеті айқын баяндалған. Шынтуайтында әрбір мұсылман адамның өзінің мұсылман бауырының алдында белгілі бір орындауы тиіс амалдары мен ақысы бар. Олар: сәлем бергенге сәлемін қайтару, шақырса шақыруына жауап беру, насихат айту, түшкірсе (Алла рахмет етсін! / мейірімін төксін! деп) дұға жасау, ауырса зиярат ету, жаназасына қатысу – деп мұсылманның мұсылман бауырының алдындағы ақыларын тізбектеп өтті.
Мұнан бөлек, Бас мүфти өзінің парасатты пайымдарымен елді ауызбіршілікке шақырды. «Жұмыла көтерсек жүк жеңіл, ырыстың баратын жері ынтымақ, сондықтан ел азаматтары бірлік ұранын ұстануы тиіс» деген Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет мұсылман адам үшін адамзаттың асылы болған Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір жолы үлгі-өнегелерге толы екенін жеткізді.
Намаз соңында Құран оқылып, Бас мүфти отанымызға тыныштық, ата дінімізге күш-қуат, елімізге бейбіт те, мамыражай тіршілік тілеп дұға жасады.
Ummet.kz рухани – ағарту порталы