Бүгін астаналық мұсылман жамағаты спорттық сайыста күш сынасты. Дәстүрлі «Салауатты жамағат» V қалалық спорттық ойында жарысына қаладағы сегіз мешіт қатысты. Салауатты өмір салтын ұстану – саналы қоғамның таңдауы. Сайыстың мақсаты – жамағат арасындағы бірлікті, бауырмашылықты, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау.
Мемлекет тарапынан үлкен маңызға ие бастама игі істердің ұйытқысына айналған Астана мешіттерінде де жалғасын тауып келеді. «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен спартакиадаға астана қалалық Дін істері басқармасы қолдау білдірді.
Спорт сайысын ашып берген «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Марат Бектазинов мешіт жамағатының бірлігін нығайтып, дәстүрлі дін Исламды бір арнаға салып, ел руханиятын осындай игі шаралармен көтеріп отырған «Нұр Астана» орталық мешітіне, бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлына алғыс айтып, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Астана қалалық спорт басқармасының өкілі, Бас төреші Өсербай Ержігіт ойын шарты мен ережесіне тоқталды. Спорт сайысында Астана қаласы мешіттерінің жамағаты арасынан жиналған 8 команда тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Командалар аламан жарыста «Сәлемдесу», «Үй тапсырмасы», «Теннис жарысы», «Қаппен секіру», «Аламан», «Кім жүйрік», «Арқан тарту», «Капитандар сайысы» бойынша күш сынасты. Тартысты өткен спорт додасы үш сағатқа созылды. Қазылар алқасы сегіз тур бойынша балдық жүйемен топтың белсенділігін бағалап, шын жүйрікті анықтауға ден қойды. Әділ қазылардың ортақ ұйғарымымен үздік деп танылған мына командалар жүлделі орындармен марапатталды.
І орын – «Сұлтан» командасы («Әзірет сұлтан» мешіті)
ІІ орын – «Сұңқар» командасы («Төлебай» мешіті)
ІІІ орын – «Сарыарқа» командасы («Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті)
Сондай-ақ, спорттық ойындар сайысында жақсы ойын үлгісін көрсеткен бірқатар үздік ойыншылар жеке-жеке марапатталды. Жарысқа қатысып, белсенділік танытқан өзге топтарға арнайы алғыс хаттар мен бағалы сый-сияпаттар табыс етілді.
«Нұр Астана» орталық мешітінің
баспасөз қызметі