«Жақсылық жаса!» қайырымдылық акциясы аясында «Зекет» корпоративтік қорының Астана қаласы өкілдігі тағдыр тауқыметін тартқан аналарға құрмет көрсетті.
«Зекет» қорының қамқорлығындағы балалар арасында «Анашым, менің қолымнан келеді» тақырыбымен сурет байқауы өткен болатын. Сайыста денсаулығында физикалық, сенсорлық және интеллектуалдық кемістігі бар балалар өз қолдарымен салған туындыларын паш етті.
«Жақсылық жаса!» қайырымдылық акциялар циклінің кезекті іс-шарасы өмір үшін ауру-сырқаумен күресіп, мақсаттарына ұмтылған осы қайсар ұл-қыздардың аналарына арналды. Өйткені тағдырға мойымай, толыққанды өмірге талпынған өнерлі балалардың артында Ананың аялы алақаны мен зор қолдауы жатыр.
Мейірімділік акциясының ашылу салтанатында «Зекет» корпоративтік қоры Астана қаласы өкілдігінің директоры Ибрагим Сматаев:
– Өмір жолында әрқайсымыз түрлі қиындықтарға кезігеміз, сынақтардан өтеміз. Алайда тауқіметтің бәрі дерлік қайғы-қасіреттің нышаны емес. Кейде оның астарында игілік жасырынып, қайыры болуы да мүмкін. Өйткені Алладан көмек сұрап жалбарына дұға етсек, сабырлық танытып оған бойұсынсақ, Аса Рақымдының кешіріміне ілігіп, жәннатқа қол жеткізе аламыз. Баланың жарқын болашағы үшін еш аянбаған еңбектеріңіздің қарымы зор. Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Ұлы сый-марапат үлкен сынақтармен келеді. Алла тағала қандай да бір құлын жақсы көрсе, оны сынаққа алады. Сынақты қабылдаған адам Алланың разылығына бөленеді. Ал кімде-кім сынаққа наразылық танытса, өзіне Алланың қаһарын келтіреді». Әлбетте, баланың денсаулығы үшін арпалысып, оның ел қатарына қосылуын армандап еңбек еткен аналарымыз сый-сияпаттың қайсына да лайық. Құранда айтылғандай, әр қиындықтың артынан жеңілдік келеді. Сондықтан сабыр қылудан шаршамаңыздар. Кішкентайларыңыздың дертіне Алла шипасын беріп, ертеңгі күні олар ел үмітін ақтар нағыз азамат болуын тілейміз! – деді. Сондай-ақ, қор басшысы шараға шақырылған аналарға ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. «Астана қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы сіздерге сәлемін айтып, қажырлы еңбектеріңізге ықыласын білдіреді. ҚМДБ өмірдің қиын сәттерінде өздеріңізге демеу болып, қолдау көрсетуге дайын. Бүгінгі шара да соның айғағы болмақ. Титтей болса да көңілі күпті аналардың жандарына медет болып, жағдайын ашуға көмегіміз тисе, одан асқан бақыт жоқ. Сондай-ақ, акцияны ұйымдастырып, сауапты іске үлесін қосқан жанашыр азаматттарға да алғыс айтамыз» деді сөзін жалғап.
Шара барысында «Аманат» ЖШС қаржылай директоры Данияр Әлиасқарұлының қолдауымен жиналғандарға реттелген металл кіріктері бар медициналық созылғыш белдіктер сыйға тартылды. Бұл белдіктер беломыртқаны дұрыс ұстап, белге түскен салмақты тепе-тең реттейді, сондай-ақ, суық тиюден сақтайды. Осындай тартуды ұсыну – ұйымдастырушылардың ойынша нағыз керек зат. Себебі, алдыңғы іс-шарада зекеттіктер әйелдердің белдеріне орамал тартып жүргенін, баланы көтерген кездегі ауырлықты жылы күлкімен жасырғысы келгенін байқаған. Бұл қиындықты сәл де болса жеңілдету ойымен аналарға қаламыздағы дәріханалардың бірі көмекке келуге келіскен екен.
Бұдан бөлек, қатысушы аналарға баланы жан-жақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін марапаттау қағаздары тапсырылып, «Береке» кондитерлік дүкенінің басшылығы атынан «Жақсылық жаса» деген тәтті бәліштер берілді.
Мәдина Жақып,
ummet.kz