01
Жұма,
Қараша

һижри

Nur Astana open talk. Жамағат форумынан репортаж (ФОТО)

Мешіт тынысы
Жарнама

Елордада алғаш рет «Nur Astana open talk» жобасы аясында «Бірлігіміз жарасқан» атты жамағат форумы өтті.

 

«БИЛІК – ҚМДБ – ЖАМАҒАТ» КӨПІРІ ҚҰРЫЛДЫ

Астана мешіттері жамағатының басын қосқан келелі жиынды қалалық Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен «Нұр Астана» орталық мешіті ұйымдастырды.  Негізгі мақсат – атқарушы билік, діни басқарма, мешіттер мен жамағат арасында пікір алмасу көпірін құру, ашық қоғам қалыптастырып, ел ішіндегі өзекті мәселелерді бүкпесіз талқылау. Сондай-ақ, Құранның «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер» аятын басшылыққа алып, мұсылмандардың ауызбіршілігін нығайтуды, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер», «Мәдени және конфессияаралық келісім», «Қазақстанның рухани құндылықтары» сынды маңызды қағидаларды дәстүрлі діннің аясында түсіндіріп, ел тыныштығын бұзуды көксейтін жат ағымдарға төтеп беруді көздейді. Осы принциптерді негізге алған алғашқы ашық диалог алаңына елордалық мешіттер жамағатынан 200 адам қатысты.  Таңертеңнен «Нұр Астана» орталық мешіті алдында жиналған жамағат форумға арнайы қоғамдық көлікпен тасымалданды.

IMG 9706

IMG 9717

IMG 9744

Форумның ашылу салтанатында сөз бастаған ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы:

– Ақпараттың жедел тараған заманында шетелде білім алуға қызығып, оқудан оралған соң халыққа сол жақтың түсініктерін енгізіп, өзге жамағат қалыптастырып, шетелдегі ұстаздар арқылы арамызға жаңа пәтуа кіргізіп, мүфтиятқа қарсы шығып, имамдарды тыңдамауға шақырып, бірлігімізді бұзғысы келетін жастар, өкінішке қарай аз емес.

Қазақстан – біздің Отанымыз, ата-бабамыздың жері. Отан үшін қанша бабаларымыз, аналарамыз құрбан болды,  жетім-жесір қалды. Ал енді Алла керемет бақ берген кезде Тәуелсіздігімізден айырылып қалмау үшін Отансүйгіштікті отбасымыздан бастап, еліміздің қайраткерлерін сыйлап, артынан еріп, өзіміздің діни майталмандардың уағызын тыңдау арқылы елдігімізді сақтауымыз керек.

Осы тұста тарихты еске түсіргім келіп отыр. Көне қала Таразда намазда қолын қимылдатқан кісілердің саусағын сындыруға әмір еткен кездер болған. Неге? Осылайша бірлікті бұзатын кез келген істің алдын алған екен кезінде. Асыл дінімізде «Отанды сүю – иманнан» деген қағида бар. Дін мен дәстүрді сабақтастырған қазақ халқы үшін туған жердің қадірі жоғары, бағасы  биік. Ата-бабаларымыз Исламды қылыштың жүзімен емес, парасаттың пайымымен, дала демократиясы даналығымен қабылдаған, - деп, мұсылман қауымы үшін қашан да ынтымақтың рөлі басты орында екенін еске салды.

IMG 9794

IMG 9804

IMG 9791

БІЗГЕ КЕРЕГІ – РУХАНИЯТ ПЕН ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛІГІ

Форум бағдарламасына сәйкес «Арабский пасьянс. Хроники столетия» кітабының таныстырылымы өтті. Кітаптың авторы, белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы, шығыстанушы, публицист Расул Жұмалы  араб елінің тарихын жүйелі баяндап, адасушы топтардың қалай пайда болғанын, олардың ақиқат дінді іздеп емес, шиеленіскен саясаттың шырмауына түскенін, араб елдеріндегі қақтығыстар мен төңкерістердің басында кімдер тұрғанын, бірліктің бүлінуінен сыртқы күштердің араңдатуы оңайлықпен енгенін, қазіргі ушыққан жағдайлардың саясатын ашық түсіндірді.  

IMG 9752

IMG 9827

«Сырты бүтін, қуатты көрінген араб қоғамы іштей нәзік, түртіп қалса үзіліп кететіндей әлсіз болып шықты. Ешбір төңкеріс, революция түбі жақсылыққа әкелмейтінін көрдік. Одан бетер қантөгіс, одан бетер қақтығысқа ұласып кетеді. Сондықтан, басты мәселе – руханият екені анық. Әр мемлекеттің тарих кенінде жинаған мирас – рухани азығын қорытып, заман талабына сай икемдеген ұлттар тұтастығын, амандығын сақтап қалады. Ел тыныштығы – тек биліктің ғана мәселесі емес. Зиялы қауым, көзі ашық азаматтар, қоғамның белсенділігі, айналып келгенде бұл – дүйім жамағатқа ортақ жауапкершілік. Белгілі дәрежеде «араб көктемі» оқиғаларының бір себебі – қоғамның немқұрайлығы. «Ресми саясаткерлеріміз бар, солар шешеді, қатысымыз жоқ» дегендей бейжайлықтың нәтижесі биліктің өзіне ғана емес, жергілікті халыққа таяқ болып тиді. Сондықтан руханият мәселелеріне келгенде басқаның жылтырағына ұмтылмай, өзгеге әуестенбей, өзіміздің сан ғасырлық тарихымыз, мәдениет, дәстүрлерімізді үлгі етіп, ұлағатты тұлғаларымыздың еңбектерін пайдалана алсақ, түрлі араңдатулардан сақтайтын үлкен кепілдік болады» деді саясаттанушы Расул Жұмалы.

IMG 9873

IMG 9891

Панельдік отырыстың сұрақ-жауап кезеңінде қатысушылар ерекше белсенділік танытып, көкейлерін мазалап жүрген сауалдарын жолдады. Расул Берекетұлының айтуынша, елдегі көкейтесті мәселелерге қоғам немқұрайлы қарамау керек. «Жылдар бойы қордаланған, ушыққан проблеманы қарапайым шеше салған болмайды. Күрделі мәселелерге кешенді, ұзақмерзімді күрделі шешімдер керек. Бүгінгі ең басты майдан – адамның киімінде, сыртқы пішінінде емес, ой-түсінігі мен сана-сезімінде. Меніңше, кез келген үлкен мәселе қоғамдық ашық талқылаудан өту керек. Бірақ оған жетелейтін – жамағаттың өзі. Қол қусырып отырмай, заңды, өркениетті жолмен, ойын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізіп, шешім табуға қолғабыс етуі керек. Өйткені, «бірігіп пішкен тон – келте болмас» - деген жауап қайтарды.

IMG 9853

МЕКТЕПТЕРДЕ ХЭЛЛОУИНДІ ҚАЛАЙ ТОҚТАТАМЫЗ?

«Бірлігіміз жарасқан» жамағат форумының тағы бір құрметті қонағы Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Данияр Есин көпшілікке «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жайында әңгімелеп, бүгінгі күндегі дін саласындағы оң бастамалармен таныстырып шықты. «Астанада қазіргі уақытта 8 мешіт бар. Тағы 3 мешіттің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның біреуі – «Алланың гүлі» мешіті жақын арада пайдалануға берілмек» деп атап өтті Данияр Нұрашұлы.

IMG 9929

IMG 9915

IMG 9926

Жамағат тарапынан басқарма басшысына мектептердегі оқушылардың дәстүр мен дінімізге қайшы «хэллоуин» мерекесін ұйымдастыруына тосқауыл қою мәселесі жолданды. Өз кезегінде Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Данияр Есин:

– Әрине, бұл біздің басқарма құзырындағы тақырып емес.  Алайда, осы күнге дейін бір де бір мектептің ата-аналары жиналып, осы тектес іс-шара өткізіп, мәселені талқыға салмады. Өйткені «Балаларға хэллоуин тойлатуға қарсымыз» деп ата-аналар комитеті талап қоя алады.  Бұл – әрбір адамның азаматтық құқығы. Оған ешкім шектеу қойған емес, - деді.

Жиын барысында әлеуметтанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, әлеуметтанушы Талғат Жақиянов «Жаңғыру 3.0: мұсылмандық болмыс пен ұлттық құндылықтар» тақырыбында дәріс оқып, аудиториямен кері байланыс орнатты.

Ұйымдастырушылар тарапынан «Nur Astana open talk» жобасының қатысушыларына түскі және кешкі ас беріліп, әңгіме-дүкен, талқылау дастарқан басында да жалғасын тапты.

IMG 9990

IMG 0025

АЛЛА ТАҒАЛА ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН

БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЙҒАН

Ал, екінші секциялық отырыста «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің докторы, теолог Қайрат Құрманбаев «Сәләфизм ағымының құрылымы, зияны» тақырыбын ашу мақсатында хадис ілімін, оның маңызды екі бөлігін жіті түсіндірді.

IMG 0039

IMG 0184

Алуан түрлі көзқарастың болуы заңды құбылыс екенін айтқан теолог: «Жүз мыңнан аса сахаба болды. Соның 200-ге жуығы ғана пәтуа берді. Сахабалардың екінінің бірі пәтуа берумен шұғылданбады. Өйткені жауапкершілігін түсінді. Оның ішінде 7-ақ сахаба пәтуа беруде көп танылды. Көпшілігі соларға жүгінді. Әсіресе, Омар ибн Хаттаб (р.а) және Абдулла ибн Масғұт (р.а) 100 мәселеде екі түрлі көзқарас ұстанған. Бірақ, әртүрлі көзқарастардың салдарынан жанжал, дау-дамай, талас-тартысқа кетпеу керек. Барлық дін өкілдеріне, барлық ағымдарға ортақ құндылық бар – ел тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы. Қараңыздар, Алла тағала Құранда қаншама аят арқылы ел тыныштығын сенің ризығыңнан да, сенің иманыңнан да, таухидіңнен де бірінші қояды ғой. Неге? Өйткені діннің бүкіл талаптарын қоғамың тұрақты кезде ғана жүзеге асыра аласың» дей келе бүліктің шықпауын ең алдыңғы кезекте екенін діни дәлел-дәйектермен баяндап берді.

Қайрат Құрманбаевтың айтуынша, «Жамағатта, қоғамда қалыптасып қалған іске қайшы әрекет жасау имамдардың (бұл жерде намаздағы имамдық емес, тарихта имам дәрежесіне көтерілген ғұламалар) қасиетінен емес». «Имамдар не істеген? Қоғамда қалыптасты ма, оған қайшы амал жасамаған. Мына жақта сол қоғамға сай екінші риуаят тұрса, соны алған» дейді дінтанушы.

IMG 0084

IMG 9783

«Бірлігіміз жарасқан» форумы белгілі исламтанушы, Республикалық имамдар білімін жетілдіру институтының ұстазы Абдолла Жолдасұлының уағызымен қорытындыланды.   

IMG 0130

IMG 0133

Абдолла ұстаз  жамағаттар арасында түсініспеушіліктердің басын ашып, бірігіп намаз оқуда орын алып жүрген кей қателіктердің ара-жігін ажыратып берді. Жиналғандар көпті көрген дана ақсақал ұстазға сұрақтарын жаудырып, тұшымды, өнегелі жауаптар алды.

Ауқымды шараның соңында Абдолла Жолдасұлы ақ батасын беріп, осындай бастаманының ұзағынан болуын тіледі. Бұл ұсынысты жамағат та қоштап, форумның арасын суытпай жиірек ұйымдастырылуын қалайтындықтарын жеткізді.

IMG 9987

IMG 9969

IMG 0014

IMG 0207

IMG 0214

Мәдина ЖАҚЫП, ummet.kz

Бөлісу: