2013 жылдан бері қыркүйектің екінші жексенбісі ҚР Президенті Жарлығымен Отбасы күні ретінде тойланып келеді. Биыл бұл мереке 10 қыркүйекке түсіп отыр. Осыған орай, бүгін ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы «Шалқар» радиосының қонағы болып, «Өнегелі отбасы» хабарының тікелей эфирінде неке қию, шаңырақ құру тақырыбында тағылымды сұхбат берді.
Наиб мүфтидің айтуынша, биыл қаңтар айынан бастап «Нұр Астана» мешітінде 605 отбасы некесін қиған. Ал, жылына мұнда орта есеппен 700-800 жас бас қосып отбасы құрады екен. Наурызбай қажы Тағанұлы радиотыңдармандарға Отбасы күні аясында 9 қыркүйекте, сағат 15:00-де «Нұр Астана» орталық мешітінде «Мерейлі отбасы» атты рухани кездесу өтетінін хабарлап, мерекелік шараға қатысуға шақырды.
Бұл кеште ағымдағы жылдың басынан бері отау құрып, «Нұр Астана» орталық мешітінде ақ некелерін қидырған жұптар «Жанұя шаттығы» тақырыбында насихат тыңдап, Исламдағы жанұя, отбасы мәселесі төңірегіндегі сауалдарға дін мамандарының жауабын тыңдай алады. Сондай-ақ, осы күні отбасын құрып жатқан жас жұбайлардың некелері қиылып, жаңа туылған нәрестенің құлағына азан шақырылып, есім қою рәсімі өтеді деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, бағдарлама барысында Астана қаласының Бас имамы тыңдармандардың сұрақтарына жауап беріп, неке қиюдың шариғи шарттарын түсіндіріп берді. Ер мен әйел хақысын қозғап, Алла разылығына бөленетін бақытты шаңырақ болудың сырларымен бөлісті.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі