Астана іргесіндегі «Теміржолшылар» елдімекенінде орналасқан «Әс-Сәлам» мешіті Құрбан айт мейрамында бірқатар қайырымдылық шараға ұйытқы болды.
Жергілікті тұрғындар айт мерекесін айрықша қуанышпен қарсы алды. Айт намазынан соң 800-ге жуық жамағатқа айттық ретінде құрма таратылып, мешіттің ардақты ақсақалдарына шапан жабылды. Бас имам Нұрбол Абсаттарұлы бастаған мешіт қызметкерлері мен шәкірттері осы игі һәм сауапты іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты.
«Әс-Сәлам» мешіті республика деңгейінде қолға алынған «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы аясында 150-ден аса отбасыға (мұқтаж, мүгедек, әлеуметтік аз қамтылған) 5 кг-нан құрбандық етін үлестірді. Жалпы айтқанда, Айт мерекесінде 800 кг-ға тарта ет таратылды. Бұдан кейін Құрбан шалған кісілерге арнап мешітте дастарқан жайылып, жиналған халыққа дәм ұсынылды.
ummet.kz