Елорда іргесіндегі «Әлжан ана» мешітінде «Қазіргі жаһандық сын-қатерлер тоғысындағы дәстүрлі діни құндылықтардың маңызы» тақырыбында имамдар семинары өтті.
Қала имамдарының біліктілігін арттыруға арналған шараның ашылу салтанатында ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мен Астана әкімдігі Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Есин Данияр, «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, белгілі теолог Қайрат Құрманбаев қатысып, семинардың маңыздылығын қатысушыларға түсіндірді.
Екі күнге жалғасқан семинар жұмысында РАНТ мүшесі, ҚМДБ Пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанов «ҚМДБ-ның соңғы пәтуәларына анықтама беру», «Матруди ақидасының діни мәтіндік негіздері және Салафилік-уахабилік көзқарастардың қателіктері», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті Омар Жәлел «Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп еңбектеріндегі Матуруди сенім мектебінің бірізділігі», «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Қайрат Құрманбаев «Ханафилік намаз үлгісінің Құран және сүннеттегі негіздемесі» сынды бүгінгі күннің дін саласындағы өзекті мәселелерді қамтыған тақырыптарын тарқатып берді. Семинар соңында қатысушы имамдарға арнайы сертификаттар табысталды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі