29 қараша. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Ардақты Алла Елшісінің (ﷺ) туған айының құрметіне орай, «Нұр Астана» мешітінде Мәуліт оқылды, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Мәуліт оқыту – сан ғасырдан бері бабаларымыз дәстүрге айналдырған арда құндылықтарымыздың бірі.
Тәуелсіздік алғаннан кейін аталған құндылық қайта жаңғырып, мазмұн жағынан да, формасы жағынан да толығып, халықтық мерекеге айналып үлгерді.
Қасиетті жұма күні жылдағы үрдіс бойынша, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, танымал қари Жұманазар Садырханов арнайы Мәуліт оқыды. Жиналған жамағат Пайғамбарға (ﷺ) салауат айтып Алла Елшісіне (ﷺ) деген сағыныш пен махаббатын білдірді.
Мәуліт соңында Бас имам Нұрлан Рамазанов еліміз бен жерімізге тыныштық, ел халқымызға береке-бірлік тілеп арнайы дұға жасады.
Мерекеге орай, жұма намазына жиналған жамағатқа құрма үлестіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.