26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зұлхижжаның алғашқы он күндігінің артықшылығы

Зұлхижжаның алғашқы он күндігінің артықшылығы

Құрбан Айт
Жарнама

Расында Алла Тағала құлдарына аса мейірімді. Осындай мейірімінің бірден-бір көрінісі Зул-хижжаның алғашқы он күні.   Пайғамбар ﷺ бұл күндерде салихалы, ізгі амалдарды барынша көбірек жасауға шақырған. Себебі бұл күндерде жасалған әрбір жақсылықтың Алла алдында ерекше орны бар. Олай дейтініміз, Зул-хиджа айы қасиетті айларға кіреді, әрі бұл он күннің ішінде «Арафа» күні бар. Сол үшін де осы күндерде тәубе жасауға асығып, тура жолға түсіп, Алланың әмірлерін орындауға талпынуымыз керек.

Азхар университетінің құрметті ұстазы марқұм доктор Мухаммед Муяссар (р.а): «Расында Алла Тағаланың құлдарына кей сыйлықтары бар, олар Алланың өзі таңдаған кей уақыттар мен мекендерге жасырылған. Ол құлдарын осылайша ізгі амалдар жасауға және сауаптарын еселендіруге талаптандырады. Осылайша адамдардың Аллаға деген махаббаттары артып, салихалы ғұмыр кешуге қызығушылықтары артады. Осы сыйлықтардың бірі – Зул-хиджаның он күні. Ол Зул-хиджаның алғашқы күнінен басталып «құрбан шалу» немесе «құрбан  айт» деп аталатын оныншы күніне шейін жалғасады» деген.

Имам Бухари (р.а) Сахих жинағында: «Пайғамбарымыз ﷺ: Алла Тағалаға бұл күндерде істелген ізгі амалдан жақсырақ амалдар жоқ»-дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Алла жолында күрескен жиһад та сай келмей ме?»-деп сұрайды. Алланың Елшісі ﷺ: «Алла жолында шыққан жиһад та тең келмейді, тек жанымен, малымен жорыққа шығып оның ешбірімен кері қайтпаған адам ғана басқаша-деп жауап береді» дегенін жеткізеді (Бухари). Пайғамбарымыз ﷺ осы күндерде барынша көбірек ізгі амалдар жасауымызға шықыруда. Себебі бұл күндерде жасалған амалдардың сауабы да мол, Алла алдында орны да бөлек. Әрбір мұсылман адам әдеттегі парыздарын орындап болып, бұл күндерде қосымша құлшылықтарға көбірек көңіл боледі: нәпіл намаздар оқиды, қосымша не қаза оразасын өтейді, садақа береді, туыстарымен қарым-қатынас жасайды, жағдайлары нашарларға көмек теседі, жетімдердің басынан сипап қуаныш сыйлайды. Бұл ізгі істер әркезде жасалынуы керек-ақ, алайда бұлар осы он күнде жасалынуы және де абзалырақ болады. Себебі біз мынаны түсінуіміз керек: Алла жолында күреске шыққан адам белгілі бір қиындықтарға кезігеді, бірақ сонымен қатар онда үнемі үзбестен намаз оқып, ораза ұстап жүрген адамдай сауапқа кенеледі.

Алла жолында күресушілер туралы Алла Тағала Құранда былай дейді: «Мәдиналықтардың және маңайлардағы бәдәуилердің Алланың Елшісінен кейін қалуларына сондай-ақ оның жанынан өз жандарын артық көрулеріне болмайды. Өйткені, олар, Алла жолында шөлге дұшар болса, шаршаса, ашықса, кәпірлерді ызаландыратын бір жерді басып өтсе және дұшпанды жеңсе ғана оларға сол себепті жақсы амал жазылады. Алла игілік істеушілердің сауабын зая қылмайды. Олар, Алла жолында үлкен-кіші бір нәрсе сарып қылса, бір ойпатты басып өтсе, Алла олардың көркем амалдарына сыйлық беру үшін сауап жазады.» (Тәубе 120-121).

Міне, Алла жолында күреске шығатындардың мәртебесі осы, алайда Алла Тағала дәл осындай сауапты бізге Зул-хиджаның он күнінде ондай бір жанкештіліксіз ақ берді. Жалпы Зул-хиджа айының он күнінің өзіне тән кей ерекшеліктері бар, оның біріншісі Зул-хиджа айының өзі қасиетті айлардың құрамына кіреді. Бұл туралы Алла Тағала Құранда былай деді: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі қасиетті айлар...» (Тәубе 36) Зул-хижжа айы осы төрт қасиетті айлардың бірі. Екінші ерекшелігі – Алла Тағала осы он күнмен «Фәжр» сүресінде ант етіп: «Және он түнмен ант етемін» (Фәжр 2) дейді. Тәпсір ғалымдары мұндағы он түннің Зул-хиджаның он күні екенін айтқан. Ал Алла не нәрсемен ант етер болса, демек ол нәрсенің Алла алдындағы орны ұлы демек.

Ал үшінші ерекшелігіне келсек, ол – Арафа күні. Арафат қажылықтың негізі: «Қажылық дегеніміз – Арафат, кімде-кім арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады.» Сонымен қатар Арафа күнінің оразасының да сауабы мол. Пайғамбарымыз ﷺ бұл күннің оразасы туралы былай дейді: «Арафа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы  күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін» дейді. (Муслим) Мұндағы мақсат кіші күнәлардың кешірілуі және дәреженің жоғарылауы. Ал үлкен күнәлар болса, оған тәубе жасау керек. Ал біреулердің ақысына кіріп, зұлымдық жасаған болса, онда ол адамдардан кешірім сұрап, алған ақысын қайтаруы керек. Алайда қажылық ғибадатын өтеп жүрген адам бұл күні ораза ұстамайды. Себебі ол қажылық ғибадатында қиналып қалуі мүмкін. Қалай болғанда да барша мұсылман жұрты кешірімнің қақпасына бет алады, бірілері қажылықтарымен, ал екіншілері оразаларымен. Пайғамбарымыз ﷺ Арафа күнінің артықшылығы туралы: «Алла Тағаланың құлдарын тозақтан ең көп азат ететін күні – Арафа күні» деген. (Муслим).

Игі күндердің игілігінен мақұрым қалмайық. Алла Тағала қажыларымыздың қажылықтарын қабыл етіп, баршамызды тура жолына бағыттап, рахметіне бөлесін!

ummet.kz

Бөлісу: