26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ер адамның қолындағы ең жақсы қазына

Ер адамның қолындағы ең жақсы қазына

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Әйелі азған елдің ертеңі жоқ» дейді қалт айтпайтын халық даналығы. Олай болса, үйдің қазығы мен иманның жартысына баланған жақсы жар қандай болуы керек?  Отбасылық құндылықтарға баса назар аударатын асыл дініміз шаңырақтың ұйытқысы әйел затына қандай жауапкершіліктер жүктейді?

Алла Елшісінен (с.ғ.с.) жеткен бір хадисте: «Әйел бес мезгіл намазын оқыса, оразасын тұтса, өзінің ар-намысын қорғаса және еріне бағынған жағдайда оған: «жұмаққа қалаған есіктен кір»[1] деп айтылады», – делінеді. Яғни, мұсылман әйелдің жұбайы алдындағы ең әуелгі міндеті – күйеуінің көңілін тауып, Алланың тыйым салмаған істерінде оған бойұсыну.

Ал, Муаз ибн Жәбал (р.а.)  Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Егер мен Алладан өзгеге сәжде жасауды бұйыра алғанымда, әйелге күйеуінің алдында сәжде жасауын бұйырар едім. Мұхаммедтің жаны қолында болғанмен ант етемін! Әйел адам күйеуінің алдындағы міндеттерін орындамайынша өзінің Раббысының алдындағы міндеттерін орындамайды. Және күйеуі оны, тіпті ол ертоқымның үстінде отырғанда қаласа да, әйелі күйеуіне бұл нәрседе қарсы келмеуі керек»,[2] – деген.  Дінімізде жұбайының күйеуіне мойынсұнуының жоғары болғаны сондай тіпті, нәпіл ораза құлшылықтың өзінде ерінің бір ауыз рұқсатына тәуелді. 

Сондай-ақ, әйел адам шаңырақ иесінің абыройын сақтап, намысын қорғауға, оның рұқсатынсыз бөтен кісілерді үйге кіргізбеуге міндетті. Хадисте: «Ал, сендердің әйелдерiңдегі хақыларың - төсектерiңе бөтен бiреудi отырғызбаулары, үйлерiңе сендер қаламаған адамды кiргізбеулері тиіс» [3].

     Алла Елшісі (с.ғ.с.) бірде Омарға (р.а.) былай деді: «Ер адамның қолындағы ең жақсы қазынаның не екенін айтайын ба? Ол – игі әйел, егер күйеуі оған қараса, қуантады, егер оған бұйырса, айтқанды орындайды, ал үйде болмаған кезде оның ар-намысын қорғайды. Ибалы жар ешқашан күйеуінің рұқсатынсыз көше кезіп кетпейді. Бір жерге баратын болса міндетті түрде ерінен рұқсат сұрайды.

Үшіншіден, әйелі күйеуінің сырын сақтап, оны ешкімге жар салып таратпауы тиіс. Сонымен қатар, күйеуін ренжітіп мұңайтатын әрекеттер мен қылықтардан бойын аулақ ұстап, үй шаруасы мен тамақтың уақытында әзір болуын жіті қадағалауы маңызды. «Жақсы әйел, жаман еркектi түзетедi», - дегендей күйеуінің көңіл-күйі болмаған кездерде де төзімділік танытып, ашуды сабырға жеңдіре білуі керек. Сондықтан да, әйел адам өзіне қатысты міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындап, үй иесін қуантатын болса, мұндай жардың барар орны – жәннат болмақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қайсы бір әйел күйеуі одан риза болған күйінде жан тәслім етсе, әлгі (қайтыс болған) әйел жәннатқа кіреді» [4],– деп сүйіншілеген. Қысқасы, күйеуін риза етуге тырысқан әйел пейішке барады.

Омар (р.а):«Ешбір адам мұсылмандықтан кейін сұлу да көркем мінезді, сүйкімді де бала туатын әйелден өткен жақсылық көрген емес. Және Аллаға серік қосу жамандығынан кейін тілі ащы, долы мінезді әйелден өткен жамандық көрген емес»,-деген. [5] Яғни мұсылман әйел өз бойына дініміздің  құндылықтарын сіңіре алса, өзін-өзі тәрбиелей білсе жарының мына өмірдегі ең басты қазынасы, сүйеніші және екі дүниелік серігі болмақ.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің

Бас имамы Жұманазар Садырханов


[1] Ахмад ІІІ т. – 199 б. (№ 1661 хадис). – 508 бет.

[2] Байһақи. VII т. – 292 б. (№ 15108 хадис). – 481 бет.  

[3] Сунән ибн Мәжа. І т. – 594 б. (№ 1851 хадис). – 690 бет.

[4] Байһақи. VI т. – 421 б. (№ 8744 хадис). – 547 бет.

[5] Сунан әл-Бәйһәқи әл-Кубра, 7-том, 82- бет

Бөлісу: