26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жақсы әке болудың қарапайым құпиясы

Жақсы әке болудың қарапайым құпиясы

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Дүние-мүлік пен бала-шаға – тіршіліктің сәні...[1]», - делінеді Құран Кәрімде. Расында, ұрпақ сүю – Алланың берген нығметі. Ал, нығметті шүкіршілікпен қарсы алу – мұсылманның міндеті.

Әке атану – үлкен бақыт. Сонымен қатар, әкелік – жауапкершілік. Судай мөлдір, сүттей таза баланың ақ жүрегі мен санасын жақсылық пен ізгілікке баулу – әкенің міндеті. Міне, сонда берілген нығметтің жемісін көруге болады. Шүкіршілік – балаға жақсы тәрбие беру.

Ендеше, әке атанбас бұрын әке болудың қарапайым құпиясын біле жүрейік. Бала – басқа бәле болмасы үшін, оның оғаш қылығы мен айтқан ақылға құлақ салмауының себебін үйден тыс, алыстан іздеудің қажеті жоқ. Сонымен бірге, баланың тәрбиесі нашарлады екен деп оған қаттылық көрсетіп, қатал болуға асықпаңыз. Теріс мінезінің себебін өзіңізден іздеңіз. Фудайл бин Ғияд (р.а.): «Мен Алла Тағалаға бір күнә жасап қойсам, сол күнәмнің салдарын көлігімнің және жұбайымның пиғылынан көремін», - деген екен. Демек, баланың тәрбиесіндегі олқылықтың негізгі кінәратын өз іс-әрекетіңізден іздеп көріңіз. Міне, сонда көптеген мәселелер оңды шешімін табады.

Әрбір азаматтың өмірінде әке үнемі бағыт-бағдар беріп тұратын, адасқанда «мен мұндалап», жол табуына сеп болатын заңғар биік, асқар тау. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, өскелең ұрпақ үйден алған тәрбиесімен, дүниетанымымен әлеуметтік ортаға араласады. Осыдан-ақ, артымыздан ерген көз қуанышымызға үлгілі әке болудың маңызын біле беріңіз. Ал, енді жақсы әкенің мән беруі керек қарапайым қасиеттерге тоқталып өтейік.

Жақсылық жасау. Ер азаматтың құлшылыққа және жақсылыққа жақын жүруінің шарапаты өзінен бөлек отбасына да тиеді. Құран Кәрімдегі: «...әкелері жақсы кісі еді...[2]», - деген аят соны меңзейді.  Ибн Мункадир: «Алла Тағала ізгі адамның баласын және баласының баласын және айналасындағы үйлерді де қорғайды», - дейді

Шаңырақта Құран оқу. Үйде Құран көп оқуды дағдыға айналдыру қажет. Құран берекет пен тыныштыққа себеп. Хадисте: «Алла Тағала зікір етілетін үй мен Алла Тағала зікір етілмейтін үй - тірі адам мен өлген адам мысалындай[3]», - деп айтылған. Ал, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ақиқатында, Құран оқылатын шаңырақ үй иелеріне кеңейіп, ол жерге періштелер келіп, шайтан атаулы қашып, жақсылық көбейе түседі. Егер шаңырақта Құран оқылмаса, ол үй отбасыға тарлық етіп, періштелер кірмей, шайтандар келіп, жақсылық азайып кетеді[4]», - деген.

Жұмсақтық. Бала қаншалықты қате жасаса да, оған жұмсақтық танытыңыз. Баланың қателесуі және сол қателігін қайталауы - заңдылық деп қараған жөн. Шектен тыс қаталдық баланың дұрыс қалыптасуына өзіндік кедергілері мен зиянын тигізеді. Сондықтан, баланың қателігін – баланың үйренуі, тәржірибе жинауы және талпынуы деп қараған дұрыс. Демек, тәрбие әкенің сабырлығы мен төзімділігін талап етеді. Ал, сабырлық өзінің жемісін сөзсіз береді.

Заманмен санасу. Ауылда төрт түлік малдың ортасында өскен әке, қалада тұратын баласының өмір салтына түсіністікпен қарауы керек. «Біздің кезімізде былай етуші едік, ал, сенің қолыңнан түк те келмейді» деген сияқты сөздер орынсыз. Мал бағып өскен баланың табиғаты бөлек, көп уақытын төрт қабырғада өткізетін қалалық баланың табиғаты басқаша. Ілімнің қақпасы, бала жасынан пайғамбар тәрбиесін көрген Әзірет Әлі (р.а.) бір сөзінде «балаңызды өз заманына қарай тәрбиелеңіз» дейді.

Дұға жасау. Сөзсіз қабыл болатын дұғалардың бірі – әкенің өз перзентіне жасаған тілегі. Сондықтан, балаға жақсы дұға-тілегіңізді аямаңыз. Осы орайда, мына бір жайтқа ерекше мән беріңіз, балаңызға дұға жасау үшін сіздің діндар да тақуа болуыңыз шарт емес. Әке ретінде сұраған дұғаңыздың басқа тілектеріңізден жөні бөлек. Сондықтан, ұл-қызыңызға тілек айтқанда жүрегіңізде қабыл болар ма екен деген күдікке жол бермеңіз. Сонымен бірге, балаңызға қатты сөйлеуден сақ болыңыз. Өйткені, «оңбаған», «көгермегір» деген сияқты ашу үстінде ата-ана аузымен айтылған сөздер қарғыс болып табылады. Хадисте: «Өздеріңе қарсы дұға жасамаңдар, бала-шағаларыңа қарсы дұға жасамаңдар, малдарыңа қарсы дұға жасамаңдар...[5]», - делінген.

Баланы жауапкершілікке тәрбиелеңіз. Белгілі дәрежеде жауапты шаруаны тапсырып, соны толығымен орындауын қадағалаңыз. Бұл жас баланың кез келген жағдайда жауапкершілікке білек сыбанып кірісуіне және ойлағандай нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.  

Сонымен бірге, балаға сынды көпшіліктің көзінше айтудан сақ болыңыз. Бұл сізге де, балаңызға да ешбір пайдасын бермейді. Әке – балаға сыншы. Яғни, балаңызды жастайынан түзетсеңіз, өзі де, көлеңкесі де түзу өседі. Жүсіп Баласағұнның көзқарасы бойынша, ер бала тәрбиесінде әкенің орнын ешкім алмастыра алмайды. Оның «бейбастақ қып өсірсе ұлдың қылығын, кінәлі әке, жазығы жоқ ұлының» деген өлең қатары бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айқындай түседі.

Ең бастысы, бала – нығмет, сол нығметке ерекше жауапкершілікпен қарауды ұмытпаңыз.

«Әл-Ғани» мешітінің

Бас имамы Бағдат Абдукаримов


 

[1] «Каһф» сүресі, 46-аят

[2] «Каһф» сүресі, 82-аят

[3] Муслим

[4] Дарами

[5] Муслим

Бөлісу: