26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Отағасының жұбайы алдындағы міндеттері

Отағасының жұбайы алдындағы міндеттері

Исламдағы отбасы
Жарнама

Қазақ халқының «Отбасы – шағын мемлекет» деген ғибратқа толы қанатты сөздерінде терең мән-мағына жатыр. Әрбір жанұя өзінше бір Отан. Оның басшысы, отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер адам. Адамзаттың абзалы ардақты Елші (с.ғ.с.) хадисінде: «Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол  –  қол астындағыларға жауапты,» — деген.[1] 

Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірлерінің алдындағы құқықтар мен міндеттерді орындауларына тікелей байланысты. Бабаларымыз: «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болады. Екi жаман қосылса, өлгенiнше өш болады», – деп тектен тек айтпаса керек. Ерлі-зайыптылардың түндігі бүтін, түтіні түзу бақытты отбасы қатарынан табылуы үшін бір-бірлеріне қатысты құқықтар мен міндеттерді біліп, оларды іс жүзінде жүзеге асыруы қажет.  Өкінішке орай, «Үйлену оңай, үй болу қиын» – демекші, бүгінгі күнде ажырасқан отбасылар қатары көбейіп келеді. Бірін-бірі шынайы сүйеміз деп «екі жарты, бір бүтін» болып шаңырақ көтерген екі жастың арасына жік түсіп, бір-біріне деген ыстық сезімдерін жоғалтып, шаңырақтың шайқалуына нендей нәрсе себеп болды екен? – деген сауалдың астарында көбінесе ер мен әйел бір-бірлерінің алдындағы міндеттерін орындамаудан туындап жатады.

     Ер мен әйелге қатысты міндеттердің ең маңыздысы төмендегідей. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар» [2] - деп айтқан.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): « Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдында және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар» [3], - деп ескертті. Жаратқан Иеміз қасиетті Құран аяттарында, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл хадистерінде көрсеткендей мұсылман ерге әйелінің алдында бірнеше  міндеттер жүктеледі.

       Бірінші - сүйікті жұбайыңа жұмсақ мінез танытып, әрдайым көркем мәміледе болу. Өйткені әйел адам – ер азаматтың өмірлік адал жары, кеңесер қабырғасы, қуанышта да, қайғыда да қасынан табылатын сүйеніш досы. Ата-бабаларымыз әйелзатын бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен дүниені тербеткен абзал жан, асыл ана деп бағалаған. Сондықтан да ол – жұмсақ мінез бен көркем мәміле жасауға ең лайықты пенде. Әйелге лайық, отағасылық мiндеттi атқару әрбір мұсылман ерге парыз. Себебі, әйелзаты Жаратқан Иенің ер адамға  тапсырған аманаты болғандықтан, сол аманатқа қиянат жасау мұсылмандыққа тән қылық емес. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әйелдеріңізде (олардың хаққысында) Алладан қорқыңыздар! Өйткені сіздер Алла алдында оларды аманат етіп алдыңыздар»,[4]–  деген. Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Әлбетте, жұбайыңның сенде хақысы бар» [5] – деп әйелдерімізге қатысты міндеттерді ұмытпауға үндеген.

      Екінші - Әйелдің киімін, ішер асын, тұрар үйімен бірге қамтамасыз ету, балағаттамау, елдің алдында дауыс көтеріп сөкпеу.  Муғауия ибн Хайда (р.а.): «Мен: «Уа, Алла Елшісі! Әйелдерiмiзге қатысты бiзге не нәрсе мiндеттелiндi?» – деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с.): «Өзiң жегенiңнен жегiзу, өзiң кигенiңдi кигiзу. Және оның бетiнен ұрма, сондай-ақ балағаттап жаман сөз айтпа! Үйiңнен тыс орында дауысыңды көтерiп ұрыспа!» [6]– деп жауап қатты.  Міне, Ислам діні – отбасын материалдық һәм рухани тұрғыдан қамтамасыз етуді ер адамға жүктеді. Өмірлік жарының киім-кешегі мен ішіп-жеуі күйеуінің мойнында. Ардақты Елші (с.ғ.с.): «Әйелдерге келер болсақ, олар сендерден өздерiн жақсы киiндiруiлерiң мен тамақтандыру-ларыңды талап етуге құқылы» [7] – деген.   Жоғарыдағы хадисте әйеліне қол көтеріп ұрып-соғуға, ауыр сөздер айтып ренжітуге, дауыс көтеріп кіжіңдеуден қайтарған. Керісінше әйелінің алдында сөзімен де, ісімен де, жан дүниесімен де жан-жақты әдемі көркем болуға тырысу керек. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) майталман сахабасы ибн Аббастың (р.а.) нақыл етуі бойынша: «Әйелдің мен үшін көркем әсем болғанын ұнатқанымдай, өзімнің де әйелімнің алдында көркем болғанымды қош көремін. Өйткені, Алла: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар», [8] – деген.

      Үшінші - Бала тәрбиесінде  жұбайына жәрдем беріп, отбасы мүшелеріне пайдалы білім үйрету. Білім үйрету дегенiмiз - жұбайы мен бала-шағасына екі дүниенің де азабынан құтқаратын пайдалы бiлiм алуына жағдай жасау және дініміздің талаптарын орындауға баулу.  Омар (р.а.): «Үй-iшiңдi намаз оқуға бұйырып, өзiң де оған көңiл бөл» [9], – деген аят түсiрiлген кезде: «Уа, Алла Елшісі! Бiз Алла Тағаланың азабынан сақтануға тырысамыз. Ал, отбасымызды қалай қорғасақ болады?», — деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.) : «Алла сендердi не нәрседен қайтарған болса, сендер де отбасыларыңды содан тыйыңдар! Сондай-ақ Алла сендерге ненi iсте деп бұйырса, сендер де бала-шағаларыңа соны  бұйырыңдар!» – деп жауап бередi» [10].  

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл дүние – өткiншi (рақат). Сол өткiншi жалған дүниенің iшiндегi ең абзалы – iзгi әйел»[11] – деген болатын. Ендеше, бес күндік қамшының сабындай мына жалғандағы ең қымбат дүниеміз – әйел затын ардақтап, өз міндеттерімізді толыққанды орындайық. 


[1] Бұхари,853- хадис. [2] ибн Касир. Тафсиру әл-Қуран әл-азим. І т. – 336 б. – 734 бет. [3] Тирмизи. ІІІ т. – 467 б. (№ 1163 хадис). – 668 бет. [4] Нәсаи. ІІ т. – 421 б. (№ 4001 хадис). – 489 бет. [5] Бұхари ІІ т. – 696 б. (№ 1873 хадис). – 982 бет. [6] Найсабури. ІІ т. – 204 б. (№ 2764 хадис). – 684 бет. [7] Сүнән ибн Мәжа. – Бейрут: Дәр әл-фикр. І т. – 594 б. (№ 1851 хадис). – 690 бет. [8] Байһақи. VII т. – 295 б. (№ 14505 хадис). – 481 бет.  [9] «Таһа» сүресі, 132-аят. [10] Мухаммед Саид Тантауи. Әт-Тафсир әл-уасит. І т. – 4256 б. [11] Мухаммад ибн Сәләмә ибн Жағфар Әбу Абдуллаһ әл-Қадағи. Мүснәд әш-Шиһаб. ІІ т. – 236 б. (№ 785 хадис). – 346 бет.

     «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің

Бас имамы Жұманазар Садырханов

Бөлісу: