25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Олар разы болса, Алла да разы

Олар разы болса, Алла да разы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әлбетте «Дін-насихат” болғандықтан, хақ Құраннан бастап, аса ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.)  хадистерінде көп айтылған ата-анаға құрмет ету, оларға шын ықыласпен қызмет жасау ар-ұяты бар әрбір жұмыр басты пенденің парызы.

Алла Тағала Қасиеттi Құран Кәрімде ата-анаға құрмет етуді ашық түрде бұйырады: "Раббың өзiне ғана ғибадат етулерiң мен әке–шешеге жақсылық қылуларыңды әмiр еттi. Ол екеуiнiң бiрi немесе екеуi де жандарыңда кәрiлiкке жетсе, бiр себептермен оларға "үф” деме! Ол екеуiне зекiмей, сыпайы сөз сөйле. Ол екеуiне кiшiпейiлдiлікпен мәрхамет құшағын жай да: "Раббым! Ол екеуi менi кiшкентайымда тәрбиелегендей, Сен де оларды рахметiңе бөлей гөр!”, – деп дұға ет” (Исра сүресі, 23-24). Алла Тағаланың разылығы - ата-ананың разылығында деп үгіттеген дінімізде тіпті Уайсал Қарани сынды әулиелер әулиелік дәрежеге анаға қызмет етумен жеткені, ең қиын істердің басы – ең жеңіл болған ата-ананың разылығын алумен басталады деп қадап айтып кеткені барша мұсылман қауымға аян.

Мәселен, Әнас ибн Мәліктен (р.а) жеткен хадисте былай дейді: «Кім ғұмырының ұзақ әрі ырыздығының мол болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, жақындарымен қарым-қатынасын үзбесін». Исламның ірі ғалымы Таберанидің тілімен айтқанда, «ата-анаңызға жақсылық жасасаңыз, балаларыңыз да сізге жақсылық етеді”

Қасиетті Құранның келесі бір аятында «Маған және әке-шешеңе шүкір ет,» (Лұқман сүресі, 14) - деп бұйырады. Кімде-кім Алла Тағалаға  шүкіршілік етіп, әке-шешесіне шүкір етпейтін болса, Алла Тағалаға деген шүкіршілігі қабыл болмайды. Бұл сүрелер Ислам дінінде ата-ананы құрметтеудің жоғары бағаланатындығын тайға таңба басқандай айқындап береді. Ислам дінімен қатар дәстүрлі қазақы ұстанымымызда да жасы үлкенге құрмет, ата-анаға қамқор болу ерекше әспеттелген. Әу бастан «әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп тәрбиеленген қазақ баласы ешқашан әке-шешесінің алдын орап, жарыса сөйлемейтін. Себебі отбасының тірегі әке мен ананың орны ерекше.

Ұлттың ұлт болып қалыптасуына атсалысатын әр азаматтың бойына даритын адамгершілік қасиеттер, бар ізгіліктің бастамасы ата-анадан тарайтынын көреміз. Сондықтан да біз ата-анамызға өмір бойы қарыздармыз. Алла Елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.), анам көз алдымда қартайды. Мен оны бағып-қақтым, тамағын бердім, сусынын ішкіздім, дәретін алдырдым, тіпті арқалап та жүрдім. Анамның алдындағы борышымды өтей алдым ба?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ. Жүзден бірін де өтемедің. Бірақ сен жақсы амал жасапсың. Алла Тағала сенің аз амалыңа көп сауабын береді,» - деп жауап қатады.

Ал, ата-ананың разылығын алған адамға Алла Тағаланың шексіз мейірімі жауады. Ибн Аббас (р.а) риуаят етеді: «Кімде-кім әке-шешесіне таңның атысы, күннің батысы құрмет көрсетіп, оларға қызмет ететін болса, ол адам үшін Алла Тағала Жәннаттың екі есігін  айқара ашады. Ата-ана разы болған уақытқа дейін Алла Тағала да разы болады,» - дейді. «Ол адам залым болса да ма?» - деп сұралғанда, «иә, залым болса да,» - деп жауап бергенін екен Алла Елшісі (с.ғ.с.).  

Тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті діннің тұтас ішкі-сыртқы мәнімен үйлесімде болған қазақ ұлты ата-ананың орны мен қадірін бесікте-ақ сезініп, Майлықожа мен Шөженің жауһар жырларын жаттап, тұла бойына толайымен сіңдіріп өсті. Әйткенмен, “ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады” демекші, ұрпақтар сабақтастығы солғын тартып, жат әдет-түсініктер қасақана сіңдірілген кеңестік кезеңнің соңғы өліара шағында жетіліп өскен жеткіншектер ұлтымызды әлде де әбүйірсіз қылып тұрған жайы бар. Еліміздегі қарттар үйіндегі қарттардың аянышты тағдыры  итің ұры десе намыстанған қазақ үшін ұятты дүние. Белгілі жазушы Ғ. Мұстафин «Ата-ананың қадірін білмеген, халықтың қадірін білмес» дейді, сондықтан ата-бабамыз:

Тоғызыншы тілек тілеңіз

Төреңіз тақтан таймасқа

Тоқсандағы қарт баба

Топқа жаяу бармасқа.

Оныншы тілек тілеңіз

Он ай сені көтерген,

Омыртқасы үзілген,

Аязды күнде айналған,

Бұлтты күнде толғанған,

Тар құрсағын кеңіткен,

Тас емшегін жібіткен,

 Анаң бір аңырап қалмасқа, – деп ата-ананың тілеуін тілеген.

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы еліміздегі мыңдаған мешіттерде, әсіресе елдің негізгі тірегі - жастар көп жиналатын жұма намаздарында ата-анаға құрмет етудің маңыздылығын түсіндіретін уағыздарды көптеп айтуда. Әсілі, мәдениеттер қақтығысынан зәрезап болып, тексіз дүбәра болып қалудан барынша сақтанып жатқан әлемдік мәдени үдеріс көшінен қалмай, рухани жаңғыруға талпыныс қарекетіміз де уақыт сәтімен өз жемісін берері анық.

Ұлттық кодымыздың негізі – ұлттық санамыз бен ұлттық талғамымыздың қайта түлеп самғарына да сенімдіміз, ол үшін тек дінімізбен астасқан ділімізді қайта жаңғыртып, бойымызға сіңіре білсек болғаны.

         Астана қаласы,

 «Әлжан Ана» мешітінің

бас имамы Қалижан Заңқоев

Бөлісу: