27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Қазақ ойшылдарының көзқарасына қарай жар таңдау

Қазақ ойшылдарының көзқарасына қарай жар таңдау

Исламдағы отбасы
Жарнама

Атақты «Құтты білік» кітабының авторы Жүсіп Баласағұн былай жырлаған:

Әйел алса төрт белгісін көздейді,
Бұл төртеуден кездеспейді өзгесі.
Бай әйелді біреу іздеп жүреді,
Енді бірі сұлуға көз тігеді.
Бірі тілер тұқымы асыл тектіні,
Қуаныш болып ұлықтығы, бектігі.
Бірі нәзік имандысын таңдайды,
Оны тапса көңілінде алаң қалмайды. (10 ғасыр жырлайды, Алматы, «Дәуір» 2006 ж.)

Ал заңғар заманының дала данышпаны Ұлы Абай Құнанбайұлы жар таңдау туралы өз өлеңінде:
Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапіл қалма, – деп, ер жігітке сай жар болатын әйел баласының бойындағы ең керекті қасиеттің «ар, ұят, ақыл» екенін, міне, осы үш қасиетті бойына дарыта білген кез келген қызды жар ретінде таңдап, яғни «анасын көріп қызын ал» деген халық мақалынан туған ұлттық болмысты нақтылай түседі.

Ал атақты Шал ақын:
Отау тігер қарап ал, ақылдысын,
Ол сенің ақыреттік жақын досың, – деп, таңдалатын жардың тек аз ғана ғұмырдың ләззаты үшін емес, ұзақ ғұмыр, ақыреттік серік болатындығын тағы бір нақты дәлелдесе, заманының әйгілі заңғар ойшылы, хан кеңесшісі Бұқар жырау:
Қанша батыр болса да
Жауға салма жалғызды,
Қанша шешен болса да
Дауға салма малсызды.
Қанша жүйрік болса да,
Жауға мінбе жалсызды.
Қанша сұлу болса да,
Қойныңа алма арсызды.
Жал құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас, – деп жырлайды.

Демек, жоғарыдағы ұлы тұлғалардың барлығы дерлік жар таңдауда басты назарға текті, арлы, ақылды жар таңдауға насихаттайды. Ешбірі түріне, бойына, қалыңмалының арзанына, байлығына немесе ата тегінен келген беделіне бола үйленуге үндемейді.

материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: