27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Отбасы құруда проблема туғызатын адамдар

Отбасы құруда проблема туғызатын адамдар

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасы құруда проблема туғызатын адамдардың түрлері:

1. Өз-өзіне толыққанды сенімі болмаған адам
Өз-өзіне сенімі жоқ адамдар – көбінесе бала кезінде ата-анасы басы артық мейірім көрсетіп, өмірдің қиыншылығына үйретпеген, баласы ақ алақан, бос белбеу болып өсуден пайда болады. Бұндай жағдайда баланың өзіндік «мені» толық қалыптаспағанымен қоймай, адам ретінде де тұлғалық қабілеттері толық қалыптаспаған болып саналады. Өйткені кез келген мәселеде бала кезінен ата-анасы баланың алдына түсіп, баланың орнына шешім қабылдап, баланың өз еркімен шешім қабылдауына мүмкіндік бермегендіктен, уақыт өте келе баланың болашағына орасан зор кері әсер жасап, былайғы өмірде бала ешқашан өз бетінше, шешім қабылдай алмай қалатын ауруға ұшырайды. Бұндай адамдар ерлер мен әйелдерде ортақ болғанымен, еркектерде әлдеқайда көбірек басым әрі кері әсері көп болады.
Бұндай адамдар кез келген мәселеде өзі шешім қабылдай алмай, мәселенің шешу жолын таба алмай, психологиялық тығырыққа тіріледі. Әрқашан қиын мәселелермен бетпе-бет жолығудан қашқақтап, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен әрекет етуге тырысады. Кез келген ұсақ-түйек мәселелеріне дейін ата-анасымен ақылдасуға тырысады. Әсіресе анасымен бөліскенге құштар болады. Бұндай адамдар ертең өз алдына біреуді жар ретінде таңдап шешім қабылдауы да қиын, қабылдаса да, анасының айтқанынан шықпайтын болады. Сондықтан бұндай адамдар ұзақ уақыт үйлене алмау, таңдаған адамымен тіл табыса алмай, үйленбей жатып айырылысуы көп болады.
Отбасы құрған күннің өзінде жарына ие болу, бала-шағасына тәрбие беруде әлсіздік танытып, анасының сөзінен шыға алмай, бала-шағасын дұрыстап баға алмай ата-анасы мен әйелінің ортасында жүгіріп жүріп отбасынан қалай ажырасқанын білмей қалады.

2. Негатив, қара ниетті адамдар
Бұндай типтегі адамдар ешқашан мәселенің жақсы жағын көрмейді, әрқашан айналасына негатив көзқараспен қарағандықтан, өмірдің барлық жағы қиыншылық пен азаптан тұрады деп қарап, өмірі қиыншылық пен рухани әрі психологиялық проблемалардан көз ашпай жүреді. Бұндай адамдар өмірде өлмес ауқат тауып күн көргенімен айналасындағы өзі тектес адамдармен салыстырғанда жеткен жетістіктері аз болады. Әне, соның кесірінен жетістікке жете алмауының кесірін өзінен емес, басқадан, мемлекеттен, саясаттан, қабылданған заңдар мен ережелерден, мысалы, жол ережесін бұзғанын жол полицияларынан көреді, баласының сабақ оқымауына мұғалімін кінәлі санап, кінәні басқадан іздеп, барлық адамдарды жамандап, мәселенің шығу тегін, кемшілігін басқалардан іздеуге тырысады. Бұндай адамдар өмірдің кез келген саласында жетістікке жете алмайды, бақытты бола алмайды, болса да сол бақытты сезіне алмайды.
Өздерін бақытсыз еткендей, айналасындағы адамдарға да негатив атмосфера тудырып, олардың да бақытсыз болуына себеп болады. Бұндай адамдардың бір адамды тауып үйленуі де қиын, ғашықтық, албырт сезіммен үйленген болса, ары қарай сақтауы өте қиын.

3. Тырнақ астынан кір іздейтін адамдар
Бұндай адамдар кез келген мәселемен бетпе-бет келгенде шешім қабылдау қабілеті әлсіз. Себебі әр нәрседен тек кемшілікті күтеді, өзінен басқа ешкімге сенбейді. Қандай да бір жасалған іс көңіліне ұнаса да, әйтеуір сынықтан сылтау тауып, тырнақ астынан кір іздейді.
Бір нәрсенің  жақсы жағын көрмей, тек бір ғана кемшілігін көріп, соған бола арадағы байланысты үзіп, көмектесуден немесе бірігіп жұмыс жасаудан бас тартады.
Әр нәрсенің тек қана жақсысын, әдемісін, дұрысын іздегендіктен өмірде көп таяқ жейтіні белгілі. Себебі өмірде кемшіліксіз жаратылған ешнәрсе жоқ екені елдің бәріне түсінікті. Бара-бара машинасын кілттегеннен кейін міндетті түрде төрт есігін жеке-жеке тартып көретін сенімсіздік ауруына ұшырайды. Ешкімге сенбейді, әр нәрсені тек қана өзінің қадағалауында болғанын қалайды. Бұндай адамдардың өзгелерден бірден-бір ерекшелігі әсіре тазалықты талап етуімен ерекшеленеді. Әне, соның кесірінен үйлену процесі ұзаққа созылады, үйленсе де дау-жанжалдан көз ашпайды.

4. Қызғаншақ адамдар
Қызғаншақтық – әркімнің бойында жаратылысынан бар қасиет. Ұлы Жаратқан Алла берген сол қасиетті өз мақсатында өлшеммен қолдана алса, адам баласының ары мен намысын, ұяты мен мал-жанын сақтау үшін тамаша құрал ретінде қаралады. Бұл қасиет біздерге отбасыны, ұрпағын, Отанын қорғау сынды дұрыс жолдарда қолдану үшін берілген. Алайда бұл қызғану қасиеті белгілі бір өлшемнен шыққаннан кейін, адам бойында пайдасынан гөрі зияны көбірек болып, тіпті кейбір адамдарда шектен шығып, рухани ауруға айналады. Соңында өзін де, өзгені де зиянға ұшыратады.
Бұндай адамдар отбасында қызғанышын дұрыс қолданбаса, әр екі жақтың бір-біріне сенімсіздігі артып, «бүйректен сирақ шығарып», әр іске күмәнмен қарап, ақыр соңында ажырасудан басқа жол қалмайды. Бұндай трагедия отбасында өмірге бала келгеннен кейін болса, нәтижесі мүлдем жаман болмақ.

5. Рухани жақтан құлдыраған (депрессияға ұшыраған) адамдар
Рухани ауру адамдар – біздің ғасырымыздың обасына айналған, шешімін таппай жатқан ғасыр індетінің бір түрі. Бұндай адамдар Отанның ең кішкене бөлшегі – отбасыдан бастап алып мемлекеттерге дейін жазылмайтын бас ауруындай болғаны қаша-а-ан. Ондай адамдар күнделікті ұсақ-түйек қателіктерден бастап, соңы өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Алайда осындай психологиялық ауытқушылыққа апаратын себептерді санағанмен бітпейді. Әлеуметтік байланыс пен қарым-қатынастар теңдігі бұзылған бір ортада, бұндай ақыл мен тәрбиеден ауытқушылық, басқа рухани құндылықтары дұрыс болған қоғамға қарағанда көп болады. Бұндай ауруға ұшыраған адам бір сәтке өзін тежеп, әлеуметтік ортадағы қарым-қатынасын дұрыстап, уақытында емделмесе, соңы «депрессияға» апаруы мүмкін.
Бұндай адамдардың негізгі мәселесі өз-өзімен және айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауда белгілі дәрежеде дұрыс тепе-теңдік жасай алмауында жатыр. Басқа түскен қиыншылыққа келгенде төзімділігі жетпейді, себебі бұл дүниенің көп нәрселерінің шешілуі тек қана материя, дүние деп ойлағандықтан да, материяның шамасы жетпеген жерде рухани жақтан күйзеліске тез түседі. Әне, соның кесірінен кез келген ортада жүйкесі сыр беріп, лезде ашуға беріліп, мәселенің мәніне ақылмен ойланумен, кеңесумен шешім қабылдаудың орнына мәселені ойламауға тырысып, керісінше, ойын басқа бос нәрселерге аударып, түсініксіз музыка тыңдау, шытырман фильм көру, ішімдік пен шылымға салыну сынды пайдасыз нәрселермен уақытша өзін алдайды. Алайда шешімін таппаған мәселе сол күйінде алдына айналып келе берген соң одан сайын рухани жақтан күйзеліс күшейе береді.
Олар отбасына жауапкершілікпен қарау былай тұрсын, отбасы мүшелеріне басы артық жүк болады. Оларға үнемі күрделі мәселелер тудырып, оларға өмірге деген үміт бергеннің орнына, керісінше, соңы жоқ күдік, үмітсіздік сыйлайды. Бұндай адамдар үнемі отбасының қирауына апаратын бәйтеректің тамырына түскен құрт тәрізді. Олар үнемі өздерін бақытсыз сезінеді. Өмірден тек қана негатив нәрселер көре бергендіктен ұзамай жүйке ауруына ұшырауы мүмкін. Тіпті бастарына қиын жағдай түскенде айналасындағы отбасы мүшелеріне тіл тигізу, қол жұмсау сынды ақылсыз әрекеттерге барады, тіпті ең сорақысы өзіне қол жұмсауы да мүмкін.

6. Өзімшіл адамдар типі
20-21 ғасырда адамдардағы ең үлкен аурулардың бірі – «өзімшіл адамдардың» бүкіл адамзат қоғамын жайлауы. Бұндай адамдар нәпсіқұмар, дүниеқұмар, атаққұмар болғандықтан, әрқашан әркімнің назары тек қана менде болсын, мен алда болайын, барлық нәрсе менен басқа ешкімде болмасын дегеннен кейін өзгелерге көмектесу, басқалардың хал-жайымен санасу, басқалардың деңгейінде ойлай білу, шешім қабылдай білу сынды істерден мақұрым болады. Оның көз алдында бір-ақ нәрсе бар: ол – жатса-тұрса бар нәрсе тек онда болса, оған ғана қызмет етсе, ол ғана пайда тапса, деген тек өзіне ғана арналған қалаулар басым болады. Ондайлар отбасы мүшелеріне кез келген мәселеде әділ көзқараспен қарай алмайды. Олардың мәселелерді ақылмен ойлауы, өзгелерді түсінуі, діни көзқарасы толыққанды болмаған соң, олар үшін отбасында билеуші болу, ақшаны қолда ұстау, шешім қабылдаушы болу бәрінен маңызды.
Олар әрқашан отбасы мәселесіне немесе үйленуге жыныстық қажеттілік ретінде қарайды. Нәпсісінің қалауын қанағаттандыру үшін кез келген тәуекелге барады. Алайда құмарлығы басылған соң немесе ақша мен билік қолына келген соң басқа түскен жауапкершілікке бас пайдасыз селқос қарап, қол сілтеп, тайып тұру басты әдеті болып саналады. Тіпті өзінің нәпсісін ақтау үшін екіжүзділікпен амал етуден тайынбайды.
Әдеттегі өмірде адамдық құндылық, ақиқат, әділеттілік, құқықтық мәселелерін қорғауда ұлт жанашыры секілді көрінуде алдына жан салмайды. Ал нақты мәселенің шешуші кезеңінде, нақты іс жасайтын сәтте өзінің бас пайдасы болмаған жерде сатқындық жасау, басқалардың жолына кедергі жасау, артынан сөз айтып, ор қазудан тайынбайды. Отбасы мәселелерінде өзінің ыңғайына көнбесе ажыраса салу ол үшін ең оңай шешім болып саналады.

7. Түрлі комплекстерге түскен адам
«Комплекс» – адамдардың өзара қарым-қатынасының ауытқушылығы, дұрыс жолға қойылмауы немесе қалыпсыздыққа түсуі. Мұндай адамдар өздерін басқа ортада өзінің негізгі жаратылысынан басқа бір типте көрсетуге тырысады. Кедей болса бай болып көрінуге, көріксіз болса басқаларға әдемі көрінуге тырысып өзінің рухани жақтағы әлсіздігін, өзіне деген сенімсіздігін жасырын ұстауға тырысады.
Комплекстің үлкені өзінің байлығын, түрінің әдемілігін, атағын, тегін, күшін, беделін көрсетуге әрекет етсе, ал кішісі керісінше кедейлігін, әлсіздігін, кемшілігін жасыруға оны басқаларға сездірмеу үшін жалған әрекеттерге бару, өтірік айту, өтірік түр жасатып бояну т.б. айла-амал арқылы басқалардың назарын аударуға тырысады.
Олар басқа адамдардай бола алмағаны үшін өздерін бір түрлі жәйсіз сезініп, әрқашан өзінің осындай әлсіздігін көрсетпеу үшін адамдармен ашық барыс-келіс жасаудан қашады. Үнемі жалғыздықты немесе оңаша тар ортада қалғанды ұнатады.
Бұндай адамдар көппен бірге ойын-той, қарым-қатынас жасамағаннан кейін үйленуі де қиындай түседі. Белгілі бір себептермен үйленген күннің өзінде отбасын алға сүйреп, заманның талабына сай жақсы әке немесе жақсы ана болу сынды асыл қасиеттен гөрі, өмірге нала мен өкпе айтқан, басқа түскен қиыншылыққа батылдықпен шешім қабылдай алмай, барлық өшін көз жасы мен жалғыз қалудан алатын әлсіз типті адам болады. Әне, соның кесірінен алдына келген көптеген мүмкіндіктен айырылып, өзінің несібесінен тіптен адал еңбегінің жемісінен де құр қалатын жағдайларға жиі ұшырайды. Жармен бірге ақылдасып іс жасау немесе бала тәрбиесі мәселелерінде жоғарыдағы комплекстің кесірінен нақты сұрақтарға жауап таба алмай, ақылын дұрыс жұмыс істете алмайды.

8. Мінезі тұрақсыз адамдар
Бұндай типтегі адамдар көбінесе ата-ананың толыққанды екі жақты тәрбие бермеуінен келіп шығады. Әсіресе тұрақсыз мінезді адамдар көбінесе ата-анасы ажырасқан отбасылардың балаларында көп шығады. Бұндай жарым-жарты отбасыларда тәрбиеленген адамдардың тұлғалық қабілеттері толық қалыптаспағаннан кейін, әрқашан дүниеге, адамдық құндылықтарға, соның ішінде, отбасы мәселелеріне енжар көзқараспен қарайды. Қашан, қай уақытта, қайда, қандай шешім қабылдайтыны белгісіз, тосын сый шешім жасағанға құштар, себепсізден себепсіз болайын деген істерді де болдырмай қоя салу, берген уәдесін бұза салу т.б. адам баласына сенбеу, әсіресе, сүйген жарына сенбей тырнақ астынан кір іздеп тұру – бұндай адамдардың басты ерекшеліктері.
Сондықтан мінезі тұрақсыз адамдардың отбасы құруы – ұзаққа созылатын мәселе. Кез келген уақытта қанша жерден ұнатып тұрса да сөз байласқан адамын орта жолда қалдырып, берген сөзінен тайып, келісілген құдалықты да, тойды да болдырмай тастай салуы мүмкін. Үйленген күннің өзінде отбасының гармониялық тепе-теңдігінің сақталуына жар мен жұбай болып ақылдасып мәселе шешуге, балаларға дұрыс білім беру мен тәрбиеде, ата-анаға қарайласу мен туысқандармен араласуда күтпеген жерден шу шығарып, жағымсыз жағдайларға кездесе береді. Ең көп кездесетін мәселе – істің ақ-қарасын ажыратпастан, парқына бармай тұрып айғай-шу шығарып, жоқ жерден мәселе табады.

9. Фанат адамдар типі
Фанат туралы сөз болғанда адамдардың санасына көбінесе спорт саласындағы жетістігі бар спортшыларға адамдардың қайран қалуы, оны өзіне үлгі тұту т.б. елестейді. Алайда қоғамдық өмірге қарап отырсақ, қоғамның әр саласында өзіндік фанат адамдар бар. Мысалы, діннің, техниканың, әншілердің, киімнің, тамақтың, марканың, көліктің т.б. барлық нәрселерге фанат бола береді.
Бұндай адамдар өздері жақсы көріп фанат болған нәрсеге ғана көңіл бөліп, одан басқа ешбір нәрсеге дұрыс баға бермейді, қадір тұтпайды, қабылдамайды. Үнемі өзгелерді төмендетіп, өзінікін жоғары қойып, сөз жарыстырып, пікір таластырып, тіпті мәдениеті төмендері қарсы жағын басу үшін жаман сөздер қолданып, жаға жыртысуға дейін барады. Бұлардың көзқарасында кез келген адам осылардың жақсы көргенін жақсы көріп, осылардың кигенін киіп т.б. бір типте өмір сүруі керек деп ойлайды. Сол арқылы айналасындағы адамдарға өз қалауларын қабылдатуға тырысады.
Бұлардың ішіндегі қоғамға қатты әсер етіп, вирус сияқты зиян әкелетіндер – спорт және саясат фанаттары мен әсіре дін фанаттары болғандар. Өздеріне қарсы келгендерге кез келген құралды қолданып жауап беруі мүмкін.
Фанат типті адамдар отбасында ата-анасы немесе жары болсын көзқарасы ұқсамаса, олармен үнемі пікір қайшылығына келіп, сөз таластырады. Отбасындағы басқа мүшелердің өзімен бірге ойлап, бірге түсінбеуіне қатты қиналып, оларды жек көруге көшеді. Сүйіп қосылған жарының жеке мүдде, жеке көзқарас, жақсы көру, қалау және таңдау еркіндігін шектеп қана қоймай оған кейде қатал шаралар да қолданады. Өзінің қалағаны болмаса айғай-шу, қол көтеру, тіпті бала-шағасын орта жолда қалдырып, жарымен ажырасуға дейін барады.

10. Алдамшы адамдар
Заманымыздағы қоғамның ең үлкен айықпас дертінің бірі, қоғамның дамуына кесе-көлденең болып, мемлекеттің қазынасын судай шашып, сан мыңдаған шаңырақтарды шайқалтып, жесір ана мен жетім баланың санын көбейткен, шешуі қиын күрделі, көп мәселенің басында осы алдамшы типтегі адамдар отырғаны белгілі.
«Адам – дәуірдің түйесі, дәуір – адамның иесі», «балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны алады» дегендей, бұндай адамдардың қоғамда көп болуы қоғамда қалыптасқан заман талабының заңды, құқықтық мүдделеріне жауап бере алмайтын ескіден қалған алдамшы, көз бояушы, жалған есеп беру сынды жүйенің де сондайға көбірек мүмкіндік беруі.
Алдамшы адамдар – отбасында, мектепте, қоғамда алған тәрбиенің әсерінен өсіп келе жатқан бір буын деп қарауға болады. Себебі кез келген адам баласы анадан туғанда алдамшы, өтірікші болып тумайды. Оған дәлел ретінде бабаларымыз «балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деп ешқашан бала жүректің алдамайтынын, алдау тіптен ойында да жоқ екенін айтқан. Алайда бала өсе келе, ортасына және отбасындағы тәрбиеге, жолдастарының жасаған қылықтары мен әрекеттеріне еліктеуден келіп шыққан мәселе.
Бұндай адамдар үшін жалған айту, орындамаса да уәде беру, өзінің жалғаны мен орындамаған уәдесін ақтау үшін ойдан құрастырылған себептер мен сылтаулар айту, қолынан келмейтін істі келеді деп бос мақтану үйреншікті әдет, ұнатқан қызбен үйлену үшін бойында бар кемшіліктерді немесе жасап жүрген жаман қылықтарын жасырып, жалған айтып, жақсы көрінуге тырысып, әрқашан жақсылардың рөлін ойнауға тырысады. Сондықтан бетпе-бет кездескенде басқа сөз, айырылысқанда артыңнан басқа сөз айту – ең сүйікті ісі. Себебі ол әркімнен өзін ақылды, пысық, іскер, мал табар санайды.
Бұндай алдамшы адамдардың отбасы құруы да тез болуы мүмкін, себебі «адамның тіліне аспандағы бұлт азады» деген халық даналығына жүгінсек, бұндайлардың жалғанына басы айналып қалатын жас бойжеткендер көп болуы мүмкін. Бірақ көп заман өтпей жалғандық пен алдаудың, құр уәделердің үстіне құрылған бұндай отбасының ұзаққа бармасы анық.

11. Тойымсыз, қанағатсыз адамдар типі
Жалғыз басты немесе дәулетті, аз балалы отбасыларда жетілген балаларда болатын тип. Әрқашан тойымсыз, әр істе қолында бардың қадірін білместен аста-төк, көл-көсір шашып қолданып үйренген ортада жетілгендіктен, отбасы құруда да болашақ жардан сондай керемет, кемшіліксіз, үздіксіз, өнерлі, мінезді, сымбатты, атақты, даңқты т.б. көп нәрсе күтеді. Сол себепті үйлену жасы артып, ұзаққа созылады. Қалағаны болмаса керісу, сатып жіберу т.б. оның әдеттегі істеріне жатады. Оның түсінігінде айналасының барлығы оған қызмет етіп, оның қалағанын жасап жүруге міндетті санайды. Сондықтан ондайлардың өмірде досы аз, туысқандары алыстаған, жанында болғандары да бостандығы жоқ тәуелді немесе материалдық қажеттіліктері үшін жүргендер болып саналады. Бұндай адамдарға жар болатындардың көбісі дүниенің соңынан кеткен, өмір мал табудан, қымбат нәрселер тұтынудан тұрады деп, достары мен туысқандарына жарының мал-мүлкімен мақтанатындар мен намысты тастап қойып дүниеге өзін құл қылғандар жар болуы мүмкін.

12. Жұмысбасты адамдар
Бұндай адамдар кез келген мәселеде алға ең бірінші жұмысын қояды. Ол үшін жұмыс – өмірінің тынысы, өмірлік барлық мәселені шешуші фактор. Жұмыс тоқтаса, өмір тоқтайды деп ойлайды, соған сай көңіл-күйі болады. Алайда ол жар, бала, махаббат, ата-ана, тәрбие т.б. сынды қымбатты нәрселерді жұмысы былай тұрсын, таудай алтынға да айырбастап ала алмайтынын түсінбейді.
Жұмысбасты адамдар ұйықтағанда, тамақтанғанда, тіпті түсінде де жұмысты ойлайды, жұмысын көреді. Кездесулері, жиналыстары, шешетін мәселелері ешқашан бітпейді. Тіпті демалыс күндері де жұмыс орнында отыру – ол адамдар үшін қалыпты нәрсе. Әне, соның кесірінен отбасына, ата-анасына ешқашан көңіл бөле алмайды. Олар өздерінің хақтарын сұраса (демалыс күні бізбен бол дегендейін) дауыс көтеру, шу шығару, яғни, «мен сендерді бағу үшін осылай жүремін, мен ойнап жүрген жоқпын, мен жұмыстан шығып қалсам көрер едім жағдайларыңның не болғанын» деген сөздер айту арқылы өзін де, өзгені де алдап, жауапкершілікпен бетпе-бет келуден қашады. Міне, осындай түрлі жолдармен ауыздарын жабады. Сол арқылы жарына, бала-шағасына ешқашан бос уақыт айырып, көңіл бөлмейді. Анда-санда жанұясымен бірге бір жерге барса, барғанша, келгенше ұрыс-керіс жасап, жол бойы қолынан телефонын түсірмей адамдармен жұмыс мәселесін сөйлесумен болады. Келесі күндері жұмыста бір келеңсіз жайт бола қалса, апталар бойы отбасы мүшелерін кінәлайды, «сендердің кесірлеріңнен осылай болды» деп. Осындайдан кейін отбасы мүшелері ешқашан онымен бірге бір нәрсе жасау былай тұрсын, тіпті бірге тұрудан жиіркене бастайды.
Егер бұндай адамдар әйел адамдарда болса, соңы тек қана екі нәрсемен бітеді: не отбасынан ажырасады, не жұмысын тастайды. Олай жасамаса, соңы депрессияға айналып, әйел адамның ақылына ақау келуі мүмкін. Сондықтан қазіргі қоғамдық өмірге қарап отырсақ, бұндай типтегі адамдар әлдеқайда көбірек, еркек адамдарда басымырақ.
Жұмысбасты адамдар типіне кіретін адамдар көбінесе жастайынан кедей өскен, дүниенің тарлығын көп тартқан, ақша мен атаққа енді ғана қолы жеткен, осы жұмысынан айырылса, өмір бітеді деп ойлайтын рухани жақтан әлсіз, өз-өзіне сенімі жоқ адамдардан келіп шығады.

13. Қияли адамдар
Кейбір отбасыларда балаларына мүмкіндігінен тыс, басы артық көңіл бөлгеннің кесірінен балаларды да өзінің мүмкіндігінен тыс артық бос қиялға салыну комплексіне әкелері даусыз.
Жастайынан бос қиялға салынып өскен бала үйлену жасына келгенде елден өзгеше адамдарға үйленіп, адамдар таңғалатын басқаша бір отбасы болуды армандайды. Соның себебіне үйленетін адамына өзгеше шарт қояды. Мысалы, актер, сәнгер, әнші, биші, жұлдыз т.б. болуын қалайды. Алайда тапқан адамдарының бойынан екінші сипаты табылмаса, кейінге қалдырып, үйленуді кешіктіріп, тағы басқасы бар ма дегендей уақыттың қалай өткенін білмей қалады.

материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: