27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Әйел адамның қабырғадан жаратылуының хикметі

Әйел адамның қабырғадан жаратылуының хикметі

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Расында, әйел адам қабырғадан жаратылды, ал қабырғаның қисықтау жері үстіңгі жағы. Егер оны түзеймін десең, сындырып аласың, ал егер сол күйі тастап қойсаң, сол қисық күйінде қалады. Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар!».

Хадиске түсіндірме:
Ғалымдар «хадисте айтылған әйел кісі – Хауа анамыз» деген. Ал Хауа анамыздан кейінгі әйелдер судан жаралған. Құранда бұл ақиқат былайша баяндалады: «Алла жер басып жүретін әрбір тіршілік иесін судан жаратты. Олардың кейбіреуі бауырымен жорғалап жүреді, кейбіреуі екі аяғынан тік тұрып жүреді, енді біреулері төрт аяқтап жүреді. Алла қалағанын жаратады. Шүбәсіз, Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді» («Нұр» сүресі, 45-аят).

Тәпсір ғалымдарының айтуынша, Хауа анамыз Адам атаның қабырғасынан жаралған. Құранда Алла Тағала: «Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар» – деп баяндайды.

Аяттың түсіндірмесі:
Ибн Кәсир: «...одан жұбын жаратып...» деген аяттың тәпсірінде: «Бұл – Хауа анамыз. Алла Тағала Хауа ананы Адам ата ұйқыда болған кезінде, оның сол жақ қабырғасынан жаратты. Адам ата оянған кезінде, Хауа анамызды көріп қатты таң қалады. Екеуі өзара бауыр басып, бірін-бірі ұнатып қалған еді», – дейді. Бұған дәлел – Пайғамбарымыздың жоғарыда айтылған хадисі.

«...Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан...» деген аяттың мақсаты – Адам ата. Ал «...бір жаннан (бір кісіден)» деген аяттағы мақсат – дене және рух. Денеге – дене бөлшектері жатса, рухқа – адамның рухани болмысы мен ақыл-ойы жатады. Адам баласының жаратылыс негізінің бір болуы отбасылық өмірдің сүйіспеншілік пен махаббатқа, мейірім мен өзара жанашырлық сезіміне толы болғанын талап етеді.

Осыған қатысты мынадай бір дерек келтіріледі:
Хауа анамыздың Адам атаның қабырғасынан ол ұйықтап жатқан кезде жаратылуындағы хикмет – ер кісі қиналғанды қаламайды. (Яғни, қиналу себепті жақсы көруді қаламайды). Егер Хауа анамыз Адам атаның қабырғасынан оның ояу кезінде жаратылған болса, бәлкім, Адам ата Хауа анамызды жақсы көрудің орнына жек көріп қалар ма еді?!

Ал, әйел адам керісінше – қиналу себепті жақсы көріп, мейірімі оянады. Мысалы, әйел адам дүниеге бала әкелу барысында жанын шүберекке түйіп, өмір мен өлім арасында арпалысумен болады. Сөйте тұра өзінен туған балаға пенде баласынан ешкім көрсетпеген мейірім танытады. Бар ғұмығұмырын баласының игілігіне арнайды.

Әйел кісінің сол жақ үстіңгі, яғни, жүрекке жақын орналасқан қисық қабырғадан жаратылуындағы хикмет – жүрек тұсындағы қисық қабырға жүректің қорғаны іспеттес. Яғни, әйел адам – жүректегі сезім мен махаббаттың қорғаушысы, жүрекке жақын орналасқаны себепті сондай нәзік, мейірімді әрі ер кісінің үнемі іздеп, сағынып тұратын адамы. Ер адамның негізі топырақ болғаны себепті жер бетіндегі – құрылыс, егін шаруашылығы т.б. ауыр кәсіптің түрлеріне бейім келеді. Дұрысын Алла біледі!

Пайғамбарымыздың жоғарыда айтылған хадисінен әйел кісінің жаратылысымен қоса, онымен қалай қарым-қатынас жасалу керектігін де үйренеміз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелді күш қолдану арқылы емес, керісінше, оған қамқорлық танытып, мейірім көрсету арқылы дұрыстауға болатынын білдіруде. Хадистегі «Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар...» сөзін ғалымдар: «Бір-біріңе әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болуды өсиет етіңдер және өздеріңнен де сол нәрсені талап етіп, жауаптылықпен қараңдар, әйелдің тарапынан болатын қиындыққа да сабырлық танытыңдар, тура жолдан ауытқымауы үшін жақсылыққа шақырып жамандықтан тыю арқылы ізгілікті насихаттаңдар» – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің қоштасу құтбасында: «Уа, адамдар! Әйелдердің ақысын аяқ асты етпеңдер. Алладан қорқыңдар. Әйелдеріңді Алланың аманаты ретінде әрі нәзік жаратылыс иесінің ар-намысын қорғауға Алла атымен сөз беріп, адал жар ретінде алдыңдар» – деген өсиет қалдырды.

Хадистегі «Егер оны түзеймін десең, сындырып аласың, ал егер сол күйі тастап қойсаң, сол қисық күйінде қалады. Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар!» сөзін ғалымдар былай түсіндіреді: Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисін «Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар!» сөзімен бастағаны секілді аяқтағанда да осы сөзбен аяқтады. Осы сөзі арқылы Пайғамбарымыз бізге әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетуде. Сондай-ақ әйел кісінің табиғатын немесе мінезін дұрыстап, оны өзгерту өз шегінен шықпау керектігі және әйелді сол күйі тастап қоюға да болмайтыны айтылуда. Яғни, әйел кісіні жөнге салуда шектен шығуға да, жөнге салмай сол күйі тастап қоюға да болмайды. Өйткен жағдайда сындырып аласыз. Қабырғаның сынуын Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқа бір хадисінде «талақ» яғни «ажырасу» – деп түсіндірген. Ал ажырасу – рұқсат етілген істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы. Пайғамбарымыз: «Рұқсат етілгендер арасында Аллаға ең ұнамсызы – талақ (яғни, ажырасу)», – деген. Бұл жерде ең дұрысы – орта жолды ұстану. Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде: «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Ең жақсыларың – әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – деген.

Хадистегі: «...ал қабырғаның қисықтау жері үстіңгі жағы...» сөзін ғалымдар «қабырғаның атқаратын ең маңызды функциясының бірі, жүректі айнала қорқоршап, оған қорған болу» дейді. Дәл сол секілді әйел адам да денедегі қабырға секілді, күйеуі мен бала-шағасына бас-көз болып, оларға мейірім танытады. Әйел кісі күйеуін жаман көзден сақтағаны секілді, күйеуін жаман ойға барудан және жаман нәрсеге қараудан сақтағаны абзал. Әйелдің күйеуін жаман көзден сақтауы – әйелдер көп жүретін орталардан сақтандыруы. Күйеуіне діни және әлеуметтік тұрғыдан көмек көрсетіп, үнемі демеп отырса, нұр үстіне нұр. Бала-шағасының саналы да салиқалы ұрпақ боп өсуі үшін бар күш-жігерін жұмсауы тиіс. Алла Тағала біздерді тура жолдан адастырмасын!

материал «Әйелдерге арналған 30 хадис» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: