28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ата-ананың ақысын өтедім деу – мүмкін емес

Ата-ананың ақысын өтедім деу – мүмкін емес

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ата-ананың ақысын өтедім деу – мүмкін емес. Себебі «адам жатырда пайда болған күннен бастап үнемі ата-ананың арқасына арқалаған жүгі болады.

Ал ата-ананың баласына деген мейірімінің тереңдігі мен баланы өсіру жолында тартқан азаптарының мөлшерін анықтау мүмкін емес. Сондықтан оларды қадір тұтып, құрметтеу – адамдық борышымыз әрі міндетіміз».

Оларға қаншалықты қарыздар екенімізді өлшеп біле алмаймыз. Көрген қиыншылықтарын тек қана өздері, сосын Алла біледі. Сол себепті оларға жасаған барлық жақсылығымыз бізге жасағандарының қасында теңіздің тамшысындай болып қала бермек.

Ата-ананың ақысын өтеудің мүмкін еместігі жайында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Адам әкесінің алдындағы борышын өтей алмайды. Тек қана әкесі құлдыққа 

түсіп қалып, баласы оны құлдықтан құтқарса ғана борышын өтеген болуы мүмкін», – деп баяндайды.

Хадистегі айтылған жайт құлдық жүйе келмеске кеткен бүгінгі заманда ескіліктің қалдығындай көрінуі мүмкін. Себебі қазіргі таңда құлдық құрылымы жойылған. Ал Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кезеңінде құлдық кең тараған әдет еді. Тіпті оның зиянды белгілері XVIII-XIX ғасырларға дейін жалғасын тапты. Пайғамбарымыз өмір сүрген кезеңнің шарттарын ескере отырып ой талқысына салар болсақ, хадис-те берілген мысал өте орынды. Себебі қай кезеңде болмасын адамзат үшін ең басты нәрсе – оның бас бостандығы. Адами қасиеттерін жоғалтпаған жан аштыққа, кедейлікке шыдауы мүмкін, бірақ құлдыққа шыдай алмайды. Алла тағала бізге таңдау еркін, шешім қабылдау қабілетін берген. Мұны ерік-жігер дейміз. Ерік-жігерді қолдану тек бостандық арқылы жүзеге асады. Бас бостандығынан айрылған адам өз еркінше шешім қабылдай алмайды. Мұндай адам әйтеуір кеудесінде жаны бар тірі өлік секілді. Еркіндік – Алла тағаладан адам баласына жер бетінде халифа болу үшін берілген үлкен нығмет, баға жетпес қазына. Құлдықта жүрген адам бостандыққа қол жеткізсе, өмірге қайта келгендей болады. Өлім аузында жатқан дәрменсіз ауруға сіз бір дәрі беріп, сол дәрінің арқасында әлгі адамға шипа дарып, аяғынан тік тұрып кетсе, қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздамай ма? Бостандыққа қол жеткізген адамның қуанышы да сондай. Сондықтан ардақты Пайғамбарымыз «құлдықтан құтқарса ғана борышын өтеуі мүмкін», – деген. Яғни сондай қымбат сыйды тарту еткенде ғана перзент ата-ана алдындағы борышын өтеуі мүмкін. Алайда байқап отырғанымыздай Пайғамбарымыз бұл жерде «мүмкін» деген сөзді шегелеп айтқан.

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сұхбаттарынан нәр алып, сахаба деген абыройлы атаққа ие болған бақытты жандардың бірі – әзірет Муаз ибн Жәбәлдан біреу «Перзенттің ата-ана алдындағы борышы қандай?» – деп сұраған екен. Сонда әзірет: «Мал-мүлкің мен бала-шағаңды сол жолда сарп етсең де олардың ақысын өтей алмайсың», – деп жауап беріпті.

материал «Жұмақтың кілті жаныңда» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: