26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі. (Мұхтар Мағауин)

Жаратылыс тұрғысынан ер кісі де, әйел кісі де Алла Тағаланың пендесі. Алла Тағала қалағанын ер, қалағанын әйел етіп жаратады. Дегенмен, ер мен әйел тең емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Алла Тағала еркек-әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі етіп жаратар еді.

Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке лайық болды және құрметтелді де.

Халқымыз әйел адамды сұлулықтың символына балап, «әлемді құтқаратын» тартылыс күші бар әдемілік деп жатады. «Әлемді құтқарады» деуі олардың сұлу болғаны үшін айта салған жай сөз емсе. Әйел ер азаматтың қабырғасынан жаратылған нәзік те сырлы құбылыс.

Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары, яки ақылды жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады.

Қазақ әйелдері нәзік, ерке, қылықты, мейрімді, батыл, деген сипаттарымен белгілі. Тек бір ғана әйелде көптеген сипаттар табуға болады. Әйел адам ата-анасының ерке қызы, балаларының жан анасы, жан-жарына қылықты әйелі бола алады.

Мысалы Ғабит Мүсреповтың «Ұлпан» романында қазақ қызының бойындағы батылдық ұшқыны жиырмаға толмаған Ұлпан қыздың бейнесінде көрініс табуға болады.

Ұлы Ота соғысы жылдары да тылда қызмет еткен әйелдер қара нардың жүгін көтеріп, отбасымен қоса бүкіл елді асырады емес пе?

Әйгілі болған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова  деген сияқты қазақ қыздары да, қазақ халқын бүкіл әлемге белгілі еткен батыр қыздар болған. Сол кезде қаншама әйелдер жылы үйлерін, балаларын, отбасыларын қалдырып елді қорғауға шыққан.

Қазақ әйелі отбасы, ошақ қасында ғана емес, мемлекеттік маңызы бар үлкен істердің де басы-қасынан табылып жүр. Еуропа саясатына салмақты үлесімен еніп, шет мемлекетте министр болған тұңғыш қазақ қызы Жәмила Стехликованың қанша жыл өтсе де қазақы болмысты сақтап, өз елінің баспасөз бетіне еркін пікір беруі қазақ қыздарының қайда жүрсе де елжанды боларын күллі әлемге паш етсе керек. Әйел азаматшалардың әр істі дөңгелетіп әкететінін, қай салада да көшбасшы бола білетінін өмір тәжірибесімен дәлелдеп жүрген жандардың өздерін сөйлеткен едік.

Тарихты ашып қарасақ әр кезеннің батыл, әрі нәзік қазақ қыздары болды.

Әйел - ол қыз, әйел, ана, әже...

Әйел кішкентайында қыз болып жүрген кезде ата-анасының қасында еркелеп жүріп тәлім-тәрбиесін алады. Қазақ халқымыздың тарихына қарасақ қыз дегеніміз үйдегі қонақ деп айтылған, ал халқымыз қонақты қалай күткен, қыздарын да дәл солай күткен. Мәпелеп, өсіріп сұрағанын беріп керек кезде кемшілігін айтып өсірген. Сол себепті қазақ қызы қызықты өскен.

Өсе геле, тұрмыс құрып қылығын жарына көрсетіп, өнегелі жар әрі келін атанады. Сол кезде де қазақтың қызы, қазақтың келіні үйдегі ата-анасын кір келтірмей, қайын атасы мен енесіне ешқашан сөз таласпай үйде алған жақсы тәрбесін көрсетеді.

Уақыт өтіп қазақтың келіні ана атанады. Ана болған кезде әйел адам алған тәрбиесімен тәжіриебесін балаларға беруге тырысады. Қыз болса, қызына барлығын үйретіп, үй тірлігін көрсетіп, әйел бір шанырақтың анасы екендігін түсіндіріп өсіреді.

Исламда «Жәннат – аналардың табанының астында» деп ананың тұлғасын ерекше ұлықталған.

Пайғамбарымызға, Оған Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі болсын, бір адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі, кімге жақсылық жасайын?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Анаңа», – деп жауап береді. Әлгі адам екінші рет: «Одан кейін кімге жасайын?», – дегенде, – «Анаңа» деген жауап алады. Әлгі адам тағы: «Одан кейін кімге жақсылық жасайын?», – дегенде Пайғамбарымыз үшінші ретте де «Анаңа», – деп жауап береді. Тек төртінші рет тағы да «Одан кейін кімге?», – деп қайталағанда, Пайғамбарымыз: «Әкеңе», – дейді. Бұл хадис Исламда ананың мәртебесі үш есеге жоғары екенін көркем түрде жеткізген.

Ана болу – әйел адамның бақыты. Ананың жауапкершілігі де қиындығы да көп. Сондықтан, Алла Тағала анаға сондай мол сауап береді.

Мұхтар Әуезов: «Адам баласы бір үлгі аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды. Буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол – анамыз. Ендеше, біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болса да, ешкі сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды» деген болатын.

Әже болған кезде әжелеріміз немерелеріне үлгі болатындай өнуі керек. Қазақ халқының жазушыларына қарасақ олардың беделді қайраткер болуының негізін салушы әрі себепкерлері ол әжелері. Қазағымыздың әжелері керемет өнегелі болған. Өмірдің жақсы жағын және жаман жағын көріп тәжіриебе алған, соларды өнегелі қиссалар құрып немеелеріне өмірлік сабақ ретінде айтқан. 

Әр кезенде қазақ халқының әйелі өсіп, дамып басқаларға да үйретіп жүрген. Қазақ қыздың сипаттарынның бірі, ол ешбір уақытта ер азаматқа қарсы шықпай оларды төмендетпеген. Әкесі болсын, ағасы болсын, күйеуі болсын баласы болсын, еш уақытта әйел қасындағы ер азаматын төмендетпеген. Дәл осы сипат та асыл дінімізде де бар, қазақ халқымыздың кең байтақ жеріміздің өмірі Ислам дінімізден алынған. Асыл дінімізде әйел адам күйеуінің ризалығын табуы керек, табу үшін ешқашан оның абыройын төмендетпей ерегеспей жүруі керегі жайлы айтылған.

Қорыта келгенде, Ислам дінінде де қазақ халқыднда да әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұш-тастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес.

Әйкерім Қайратқызы,

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы

Бөлісу: