26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Некесіз тұқым егу – құрттаған жеміс әкеледі

Некесіз тұқым егу – құрттаған жеміс әкеледі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әркім де өз ұрпағының саналы, текті, тәрбиелі болғанын қалайды. «Міне, мынау менің ұрпағым! Тегімнің жалғасы! Отанымның қорғаушысы! Ұлтымның намысы!» деп, ауыз толтыра айтып, ұрпағымен абыройы көтеріліп отырғанға не жетсін?! Біз сондай ұрпағымен мақтануды көксейтін халықпыз! Алайда, ошаған егілген жерге балауса шықпайтыны секілді, некесіз «тұқым егу» – құрттаған «жеміс» береді.

Зинаның нәтижесінен туған бала, әлбетте, тексіз болады. Тексіз болмағанда ше? Шайтан араласқан қатынастан басқа не күтіп едіңіз? Тексіз туған немеден тектіліктің ісін күту – күнәнің ізінен бақыт күткенмен бірдей. Бұқар жыраудың: «Жаманнан жақсы туса да, Жақсыдан жаман туса да, Тартпай қоймас негізге» деген сөзін ескерсек, зинажасаушының баласы да болашақта «зина жасау» дәстүрін жалғастырушы болмасына кепіл жоқ. Жасалған іске берілген «жазықсыз» жазаның, яғни, «әкесі» мен «шешесінің» жасаған зинасынан пайда болған жазықсыз баланың қоғамға еш пайдасы жоқ: қорқақ, ынжық, былжыр немесе намыссыз, сатқын, сотқар, баскесер болып шығуы да ғажап емес. Отанын қорғамақ түгіл, өз басын қорғай алмайтын қорқау болуы да әбден мүмкін. Өйткені, күнә – күнәні ертіп жүреді. Күнә егілген жерден, ауыр жаза өнім береді. Тіпті, ол бала жақсы боп өскен күннің өзінде де сырттан айтылатын: «Тегі жаман! Тексіз туған! Тексіз неме!» деген сөздер ол баланың тамтығын қойсын ба? Кезінде бір сәттік арам ләззатқа ары мен намысын оңай сатқан әке-шешесінің күнәсі үшін, баланың да бүкіл өмірі өксікпен өтуі мүмкін-ді. Ал, намысы жер болған бала өмірін өксіткені үшін, өшін өз әке-шешесінен алмасына да кепіл жоқ. Сондықтан, еркек те, әйел де зинаға барар алдында қадамын тежеп, өз ертеңін, өмірін жалғастырушы ұрпағының халін ойлағаны – өздеріне жақсы.

Зина жасауды «ойыншық» көру – өз тағдырын ойыншық еткенмен тең. Зина жасауды ермек еткеннің – тапқаны қайғы, татқаны кермек болады. Бір сәттік құмарлық – ғұмыр бойғы қиындыққа, ғасырлар бойғы азапқа душар етеді. Әрине, егер шын тәубеге келмесе... Зина жасаудың кесірінен пенденің молшылығы – ашаршылыққа, тыныштығы – бітпейтін уайымға алмасады. Күнәнің несібені тарылтатыны күмәнсіз. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында адам жасаған күнәсі себепті ризық-несібеден мақұрым қалады» деген (Ахмад, ибн Мәжәһ). Ғұламалар:  «Некесіз қатынастың тағы бір қасіреті – адамды кедейлікке алып келеді» деген екен.

Зинаның тағы бір зияны – адамның істері қиындай бастайды. Бір істі бітірейін деп қолына алса, сол істі ақырына жеткізе алмай кедергілерге тап болады. Күйінің келіспегені үшін күйгелектеніп, күйзелісі күшейеді. Ақыры өз істеген күнәсі өзінің жолын жабады. Алла Тағала: «Ал, сендерге келген қайғы, қиыншылық қолдарыңның істегендері себебінен...» дейді. («Шура» сүресі, 30-аят). Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Егер бір пенденің басына қасірет орнаса, ол нәрсе – күнәдан. Егер пендеден бір қасірет кетсе, ол нәрсе тәубенің себебінен» деген. Ендеше, есінен айыратын қиындыққа тап болардан алдын есін жиып, күнәға қадам баспағаны жөн. Сондай-ақ, дағдарыстың келуі де күнәлардың кесірінен екенін осы тұста ескеру қажет. Шығатын қорытынды: нәсібі тоқтап, кәсібі тоқырауға ұшыраған адам, мұның себебін өзгеден емес, өз күнәларынан көрсін.   Зина – апаттардың себепшісі Бұл күнәнің тағы бір кесепаты – құрлық пен теңіздерде болатын көптеген жер сілкінісі, жойқын дауыл, қуаңшылық секілді апаттарды шақырады. Алла Құранда бұл жайында: «Адамдар өз қолдарымен жасағандарының /күнә, қылмыстарының/ себебінен құрлықта және теңізде бүліншілік (апаттар: зілзәлә, су басу т.б., аштық, аурулар, эпидемиялар, тағы басқа да жамандықтар А.Саъди) пайда болды. /Бұл/ олардың істеген күнәларының кейбірінің жазасын тартуы үшін әрі олардың /күнәлардан/ қайтулары үшін» деп ескерткен.  («Рум» сүресі, 41-аят).

Кезінде, әділ халифа Омардың тұсында жер сілкінгенде, ол (Алла оған разы болсын): «Ей, адамдар! Бұл жер сілкінісі сендердің жасаған бір күнәлі істеріңнен болды. Жаным қолында болған Алламен ант етейін, егер бұл сілкініс қайталанса, сендермен бірге бұл жайда ешбір тұрмаймын» деген екен. Олай болса, құмарлықтың құрбанына айналмас бұрын, апаттардың құрбаны болудан қорқу керек. 

ummet.kz

Бөлісу: