25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құпия жазбаларын араб әрпімен жазған батыр

Құпия жазбаларын араб әрпімен жазған батыр

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Бауыржан Момышұлы талай құпия жазбаларды, дінге, сенімге, ұлтқа қатысты дүниелерді орысша емес, араб әрпімен жазып отырыпты. Ол туралы деректі келіні Зейнеп апа да растайды:

“Мен шай мәзірін салған ыдысымды көтеріп, атаның бөлмесіне бардым. Аласа үстелдің үстіндегі темекі қалдықтарына толып қалған күлсалғышты ала бергенімде, ашық жатқан дәптердің бетіне ірі араб әріптерімен жазылған қысқа үш жолға көзім түсті, бірақ оқымадым. Күлсалғышты тазартып алып келсем, атам дәптерін әлі алмапты. Сол күйі жатыр. Дастарханға керекті дәмдерді орналастырмақшы болып дәптерді бір шетке қарай ығыстырдым. Тағы да жазуға еріксіз көзім түсті, шыдамымды тежемей оқып үлгердім.

Найзаның ұшына қарамағын,

Оның тұтқасын ұстаған

Қолдың күшіне қарағын, – деген жолдар екен.

– Көзіме тура қара!

– Оқыстан шыққан дауыстан жүрегім зырқ етті.

– Шыныңды айт, араб әріптерін оқи аласың ба?

– И-и-ә, – дедім, неге екенін, аяқ астынан кекештеніп,

– Шекем қызған екен! – Маңдайын алақанымен сарт еткізді.  Мен сасқалақтап қалдым.

– Сорым қайнаған екен! Құпияларымды жазғанда осы әріпті пайдаланушы едім, енді қайттім? – дегенде амалым таусылып жүзіне қарасам, атам мұртынан күліп отыр.

Әзіл екеніне көзім жеткен соң:

– Кешіріңіз, бақырайып тұрса... еріксіз оқыдым, – деп шынымды айттым.

– Балам, егер сөздің жөніне көшсек, бұл әріпті білгенің өте жақсы екен. Менің жазбаларымның әжептәуір бөлігі араб әрпімен жазылған.Бала кезімде сауатымды осы жазумен ашқанға ма, қол оңай жүгіреді. Кейін Бақытжан қолжазбаларымды өзгенің көмегінсіз оқи алмайды-ау деп ойлаушы едім, енді қарасам сен бар екенсің, – деді кесесін қолына алып”. Батырдың араб әрпімен жазған көп жазбалары әлі де толықтай баспа бетін көрмесе керек. Өйткені бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов батырдың 30 томдық шығармалар жинағы жарияланғанда, әлі де 15 томдай мұра қалғанын тілге тиек еткен болатын.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: