24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әбу Ханифаның Рамазанда Құранды 100 рет хатым еткені рас па?

Әбу Ханифаның Рамазанда Құранды 100 рет хатым еткені рас па?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Имам Ағзам Әбу Ханифаның (р.а.) түнде намаз оқып тұрып «бір рәкәғатта» бүкіл Құранды хатым еткендігі бірнеше деректе расталған.

Ұлы ғалымның ол ерекшелігін айғақтайтын риуаяттардың дені сәнәд тұрғысынан (келу жолы) «әлсіз риуаят» үкімінде болса да, бәрі бір нәрсені айтып отыр. Ондай мәліметті бір адам ғана емес, бірнеше адамның айтқанына қарағанда, Әбу Ханифаның расында да бір рәкәғатта бүкіл Құранды жатқа оқып шығатындығы ақиқат болған. Егер жалған болғанда, замандас дін ғалымдарының бәрі бір өтірікті қайталап айтпас еді.

Мәселен, Әбу Ханифаның замандасы Мисъар ибн Кидәм есімді хадисші әрі Ирак өңірінің ғалымы: «Мен Әбу Ханифаның бүкіл Құранды бір рәкәғатта оқығандығын көрдім» - деген1.

Мисъар ибн Кидәм секілді өзі ғалым, өзі хадисші кісіге жалған ақпар жеткізіп не керек?! Мисъар ибн Кидәм бұл көргенін Хафс ибн Абдуррахман есімді Хорасандық ғалымға да былай әңгімелеп берген:

«Бір күні мешікте кіргенімді намаз оқып тұрған бір ер адамды көрдім. Оның Құран оқу әуезі құлағыма жағып, бергі жақта тыңдап тұрдым. Құранның жетіде бір бөлігін оқығанша тыңдап тұрдым. Рүкуғ жасайтын шығар дедім. Жоқ, жасамады. Құранның үште бір бөлігіне жетті. Енді рүкуғ жасайтын шығар дедім. Жоқ, жасамады. Құранның жарымына жетті. Осылайша, сол күйі тапжылмай бір рәкәғатта бүкіл Құранды оқып шықты. Кейін барып, анықтап қарасам Әбу Ханифа екен» деп әңгімесін аяқтаған2.

Ертеде өмір кешкен Харижа ибн Мусъаб есімді басқа бір дін ғалымының мынадай сөзі деректерде кездеседі: «Бір рәкәғатта Құранды түгел оқыған төрт ғұлама бар. Олар: Осман ибн Аффан, Тәмим әд-Дәрий, Саъид ибн Жүбәйр және Әбу Ханифа. Алла олардан разы болсын» - дейді ол3.

Яхя ибн Наср деген кісі Әбу Ханифаның Рамазан айында алпыс мәрте Құранды хатым еткендігін айта келе: «Әбу Ханифа Рамазан айында шамамен алпыс рет Құранды хатым еткен болуы керек» дейді ол. Және де жалпы есептегенде Әбу Ханифа өмірінде Құранды 7 мың рет хатым еткендігі сенімді деректерде келтірілген.

Ендеше, Әбу Ханифаның бір рәкәғатта бүкіл Құранды жатқа оқып шығатындай жағдайда болғандығын назарға алсақ, оның Рамазан айында Құранды 100 қайтара оқып, хатым еткендігі ақылға қонымды жайт. Өйткені, Әбу Ханифа түнде ұйықтамайтын болған. Ол күндізгі уақытта бесін мен асырдың арасында бір сәт үйықтап алады екен де, түнін құлшылыққа арнайтын. Сенімді деректерде келтірілген мәліметтерде Ұлық Имамның қырық жыл бойы құптанға алған дәретімен, таң намазын оқығандығы білдірілген. Бұл дегеніміз, Құптаннан бастап таңға дейін тапжылмай намаз оқып тұрды деген сөз. 

Бұнымен қатар, Әбу Ханифа әулие кісі болған. Оның бір рәкәғатта бүкіл Құранды оқып шығуын Құдайдың оған дарытқан кереметі деуге болады. Оның үстіне, ерте замандарда уақыттың берекесі бар болатын. Ол заманда қазіргідей уақыт тез зымырамаушы еді, сондықтан да, бір түнде Құранды хатым етуге уақыт жететін. Ал қазіргі таңда уақыт тым қатты зымырап, уақыттың берекеті қашқандығын бүкіл адамзат күнде айтып зар қағуда. Бұл қияметтің белгілерінің бірі. Хадистерде ақырзаман жақындағанда уақыттың тым тез өтетіндігі айтылған. Алла Тағала жақсылығын берсін!

1  Имам Зәһәби: «Мәнәқибуль Әби Ханифа.
2  Имам Зәһәби: «Мәнәқибуль Әби Ханифа.
3  Имам Зәһәби: «Мәнәқибуль Әби Ханифа.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: