25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қазақ тарихында аты алтын әріппен жазылған аналар

Қазақ тарихында аты алтын әріппен жазылған аналар

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Бәрімізге белгілі қоштасу қажылығында Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жиналған жұртшылыққа: «Уа адамдар! Әйел құқығына қатысты барлық нәрседен қорқыңдар. Әйелдердің сендердің алдарында міндеттері болғандай, олардың да алдында сендердің міндеттерін бар» - деп жетінші ғасырдың өзінде әйелдер құқығының басымдылығын атап көрсеткен.

Сондықтан әйелге немқұрайлық танытпау керек. Ардақты Елшіміз мүмін ер мүмін әйелге өз ашуын көрсетпеуін бұйырған. Егер оған әйелінің бір мінезі ұнамаса басқа бір қылығын жақсы көруі мүмкіндігін айтқан. Мүмін, сыпайы ер адам өз жарынан көптеген ұнайтын көркем қасиеттерін табады. Сол қырларды ашу арқылы бақытты әрі риза болады. Сол себепті әйелдің бойынан жаман емес, жақсы қасиеттерді іздеу керек. Тектілік пен сүйіспеншілік даналықтың көрнісі сол арқылы қарым-қатынас нығая түседі. Осы орайда «Перзентіне ана сүтімен имандылықты дарыту үшін бесікті Алла атымен тербеткен» қазақ аналарына тоқталайық.

Біз білетін бесік жырындағы "әлди" сөзі "Алла" дегеннің бұрмаланған түрі екенін тіл мамандары дәлелдеп отыр. Бұл туралы Мұхит Исаханның мақаласынан оқып көрсеңіз болады. Сонымен қоса әжелеріміз бойжеткен қыздардың дене бітімі қалыптаса бастаған кезеңнен бастап ұзын кигізіп, етектерін тобықтарына дейін түсіріп, жарасымды киіндірген. Көйлек сыртынан ыңғайлы етіп әр түрлі ою өрнекпен әсемдеп, бұйымдар қосып, бойжеткеннің келбетіне нәзіктік берген.

Хадистерде: «Әр діннің өз мінезі бар, Исламның мінез – ұят» - деп келеді. Қазақ әйелдерінің бойындағы ұят ана сүтімен дарыған. Бабаларымыз салт-дәстүрден алыстамай, шариғат пен дәстүр арасында алтын көпір салған, намыстарын сақтаған. Қазақтың кең байтақ даласында ұлы тұлғаларды тәрбиелеп, ақ жаулықтарына дақ түсірмеген әжелерміз бүгінгі қыз-келіншектерге үлгі болары сөзсіз.

Абайды даналыққа ұмтылдырған – Ұлжан ана. Өте сабырлы, кең мінезді, тапқыр, шешен кісі болған. Абайға анасының асыл қасиеттерін жастайынан бойына сіңген. Ұлжан ана сөзге ұшқыр болғанымен, салмақтылықты дұрыс көріп, көп әжуаға бара бермеген. Бұның себебі әйелге тән ұстамдылықпен байланысты әрі Құнанбайдай ел басқарып отырған көсеммен сөз жарыстыра шығуды жөн деп таппаған.

Әбілқайырдың әйелі – Бопай. Анамыз көз тартарлық сұлу әрі ақылды, жігерлі мінезді, дербес тұлға еді. Өзгелердің пікірінен тәуелсіз болуы, саяси әдеп сақтауы — оның тұлғалық қасиеттерінің бірі болатын. Белгілі орыс зертеушісі Левшин Бопай ханша туралы «Ол – ханның жұбайы және тақ мұрагерлерінің анасы ғана емес еді. Бопай – Әбілқайырдың айнымас серігі, ақылшысы, сенімді тірегі бола білді» деп таңдана жазады. Тарих ғалымдары: «Бопай Ханша болмаса Ұлы даланың тарихындағы Әбілқайыр ханның рөлі басқа болуы мүмкін еді» - деп жұбайының аса маңызды рөл атқарғандығын алға тартады. Әрі оны орта ғасыр дәуірі мен жаңа заманның аса көрнекті қазақ әйелдерінің қатарына жатқызады. 

Жәңгір ханның екінші әйелі — Фатима. Тарихтан білетініміздей, өте сұлу, білімді әрі дана әйел болған. Жәңгір хан мен Фатима ханша орыс патшасы Николай I-дің таққа отырғызу рәсіміне барады. Жиналған жұртшылық Фатиманың көп тілді меңгергеніне, аса білімділігі мен мәдениеттілігіне тәнті болады. Фатима ана Жәңгір ханға саяси мәселелерде көмектесіп, қиын жағдайларда шығу жолдарын көрсетіп, қолдау болған. Тарих беттерін ақтарған сайын қазақтың қазақ болуына үлес қосқан нәзік жандылар өте көп екенін көреміз. «Жақсы әйел ерін төрге сүйрейді, жаман әйел ерін көрге сүйрейді» деген халық даналығының мәнін түсінеміз. Бірі іскерлігімен, бірі даналығымен елді сүйсіндіріп, қоғамда ойып тұрып орын алды.

Халқымыз – қызын қадірлеген, анасын ардақтаған ел. Өрелі тарихымызда батырлар мен шешен билерді дүниеге әкелген, даналығымен ел билеген, айбатымен жау қашырған аналар – қай кезде де қоғамның бағы, тірегі мен жүрегі, жауапкершілігі бола білді. Қазақ хандығы тұсында Асан қайғы: Қадірін жеңге білмесе, Бойға жеткен қыз ғаріп, - деп, дәстүрінен қуат алған шешендеріміз отарлық қыспақтың кезінде қазақ әйелінің мүлткісіз көркем бейнесін жасай білді. Поэзия, проза, әдеби шығармалар болсын нәзік жандылардың кейпін ашып, әйел бейнесін кіршіксіз тазалықпен, жан тебірентер әсерімен баршаның көңіліне жылулық сыйлай білді. М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» болсын, сол кездегі қазақ қыздарына қорған болу ниетін ашық суреттейтін мәңгілік шығармалар.

материал «Исламдағы әйел» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: