28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Дәрия кеуде, тау мүсін

Дәрия кеуде, тау мүсін

Дәстүр даналығы
Жарнама

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында Мәдина қаласында көзі соқыр қарт қайыршы өмір сүреді.

Өзі базарда отырып тіленшілік істей отырып, "Мұхаммед ол өтірікші және сиқыршы. Оның қасына жуымаңдар. Сендерді де сиқырлап тастайды" деп өзі бұрын-соңды көрмеген, жүздеспеген Алла Елшісін (с.ғ.с.) жамандап қауесет таратып отырады.

Оның осы әдетін білсе де Пайғамбар (с.ғ.с.) күнде таңертең әлгі еврей тіленшіге тамақ әкеліп өз қолымен тамақтандырып отырады. Әлгі қарт қайыршы кісі Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзіне өзі туралы не түрлі жалған пікірлерді айтып береді. Тіпті, "сондай бір өтірікші, сиқышы бар екен. Соған ілесіп кетпе" деп тапсыратын болады.

Осы іс Расулулла (с.ғ.с.) дүниеден өткенше жылдар бойы жалға береді.  Пайғамбар (с.а.с) қайтыс болуымен тіленшіге тамақ келмей қалады.  Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бұл сүннетінен хабар тауып, оны жалғастыру үшін Әбу Бәкір (р.а.) әлгі қайыршыға қартқа тамақ апарады.

Өз қолымен тамақтандырмақ болған сәтті әлгі қарт кісі бірден "Бұл кім?" деп сұрайды. Әбу Бәкір (р.а) қартты ренжітпеу үшін күнгі өзін тамақтандырып жүрген кісі екенін айтады. Сонда қайыршы ашуланып: "Өтірік айтпа! Сен ол емессің. Өйткені ол әр келгенде мен оның жақсылығын сезінетін едім. Тамақты аузыма салмайтын тұрып қолымен әдемілеп жұмсартып беретін. Және оның қолынан жеген ас жақсы қорытылатын еді" дейді. Көзіне жас толған Әбу Бәкір (р.а) ол адамның Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) екенін айтады. Мұны естіген қарт өз құлағына өзі сенбей, өткен істері үшін ұялып еңіреп жылап жібереді. Көзінен тамшылап ағып жатқан жасын сүртіп жатып "Мен оны лағнеттедім, артынан көп жаман сөздер айттым. Ал ол мені жамандамақ түгілі күнде ас әкелетін, ол аз дегендей өз қолымен аузыма салып тамақтандыратын. Ол қандай мейірімді әрі жақсы адам еді" деп Әбу Бәкірдің қолын ұстап: "Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.а.с.) оның елшісі» деп иман келтірді. Сол сәттен бастап көзі соқыр қайыршы еврей мұсылман болды.

Осылайша, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мүбәрак сүннетіне айналған бұл іс  –  Ұлы Даланың да сан ғасырлық рухани мирасы, бабадан жалғасқан ұлы құндылығы болатын.  

Едіге би өкпелеген бір сәтінде қарт анасының уәжіне тоқтаған, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов қарт анасына ешқашан қарсы келмеген. Ал, Шәкәрім қажының баласы Ахатқа берген тәрбиесі де осы құндылықтың бір куәсі іспетті.

 Он алты жасар Ахат жолда келе жатып көл ортасында екі қап бидай теңдеген түйесі батпаққа батып қалған қартқа көмек қолын созбай кетеді. Мұнан хабардар болған әкесі (Шәкәрім) қатты ұрсады. Бұл туралы Ахат ақсақал өз естеліктерінде  "Саған мұны кім үйретті? Өзің осы ақсақалдай болмайсың ба? Мұның не? Оңбаған!...". Мұнан да жаныма бататын сөздер айтты, ұрған да, боқтаған да жоқ. Өмірі боқтықты білмейтін. Бірақ ұрғаннан гөрі сөзі арқама аяздай батты. Аяғында: "Ең ақырғы қайырымсыздығың осы болсын!", - деді" дейді.

Атамыз қазақтың "Қарты бар үйдің қазынасы бар" деуі бекер емес. Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде  «Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейірім етпеген адам бізден емес..» (Бұхари) деуі бекер емес.

"Атаңнан бота қалғанша, бата қалсын". Бабалар ұстанымы  – осы. Дін қағидаты да мұны қуаттайды, толықтырады.

Ендеше, бата беріп, елді көгертетін, "дәрия кеуде, тау мүсін" қазыналы қарттар аман болсын.

ummet.kz

Бөлісу: