25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шашу дәстүрі қай кезде орындалады?

Шашу дәстүрі қай кезде орындалады?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Халқымыздың бір ерекшелігі – титімдей қуанышын жұртқа әйгілеп, көпшілікпен бөлісе тойлап, қызығын жария етіп жар салуында болса керек. Шашу – сол қуаныштардың айғағындай, үкісіндей салтанатты дәстүр.

Басқа елді қайдам, мұны білмейтін, орындамайтын қазақ жоқ шығар.

Шашуды келін түскенде, құда түскенде, жігіт қайыната ауылына күйеу ретінде ат басын тірегенде, ұзақ сапардан көптен күткен жақын адам оралғанда, жаңа отауға, ашамайға мінген ұлға, тұсауы кесілген бүлдіршіндерге, сүндеттелген балаға, тағы басқа да қуанышты күндерде міндетті түрде атқарылады.

Әдетте, шашу жеуге болатын, мысалы, өрік-жиде, науат-мәмпәси, құрт-ірімшік секілді дәмдерден құралған. Ауқатты, сүбелі байлар мырзалықпен күміс тиын да шашқан екен. Қазір кәмпиттердің түр-түрін пайдаланады. Шашуды кез келген адам емес, жасы ұлғайған, өмір көрген, үбірлі-шүбірлі кең мінезді әжелер, әулеттің жолы үлкен аналары шашады. Той-думанға қатысып тұрған үлкен-кіші шашуды теріп алады, әйелдер ырымдап балаларына, басқа да үйде қалған қыз-келіндеріне апарып ауыз тигізеді.

Сондықтан болар, тойдан қайтқандардан шашу дәмету орынды ғұрып саналған. Мәселе бір түйір тәттіде емес, одан ешкімнің таңдайы жібіп, тамағы тоймайды.

Шашудың негізгі мәні – жақсылық, қуаныштар баршаға шашырасын, шаттық көбейсін, өзгелерде де той болып, игілік көріп жүздері жарқырасын деген ақ ниеттен.

Құдайға шүкір, қазір де қазақ тойдан кемдік көріп отырған жоқ. Не көп, той көп, түрленген түрлері де жеткілікті. Шашу шашу – той-жиынның беташары, бірден бойды сергітіп, көңілді желпінтеді. Десе де, талай жерде бірлі-жарым ересектер болмаса, көбінесе бала-шаға шашу тереді. Көпшілік адамдар илікпей сіресіп тұра береді, әйтеуір той үстінде жасалуға тиісті бір көріністей қабылдайды. Еңкейсе тағынан тайып кететіндей шашуға неге қол созбайтындарын мен түсіне бермеймін.

Өз басым шашу шашылғанда еңкеймеген кезім болған емес.

Кішкентай кезімнен анамның:

"Шашу теріп басың иілсін!" - дейтіні етімнен өтіп, сүйегіме жеткен. Ол кісі той-томалақтарда тілек айтқанда не жастарға бата бергенде осы сөзді ұмытқан емес.

- Неге бәріне бұл тілекті қосып айта бересіз? - деп сұрағанымда:

- Е-е, балам, жұмырбасты пенденің өмір жолында не кездесетінін алдын ала кім болжапты дейсің Түндігіне түнек бұлты төніп басы салбырап еңсесі түспесін, біреуге жалынышты кіріптарлықтан басын иіп бейшара халге душар болмасын, еңкейсе де жақсылық-қуанышқа иілсін деген ықылас қой бұл.

Оны мен шығарғаным жоқ, көнеден қалған ұлағат сөз. Пәк көңілден туған ата-баба салтының алдында ешқашан тәкаппарлық танытып кеудеңді кермей, кішіпейіл болып жүр, сонда жақсылықтар саған да жұғысты болады - деп еді жарықтық.

Бұл күнде жасым жер ортадан ауған шақта мен де анамның сол тілегін үнемі қайталап айтып жүремін. Иә, басыңыз тек шашу теріп еңкейсін, ағайын!

материал «Күретамыр» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: