25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Киіз үйдің сырлары

Дәстүр даналығы
Жарнама

Киіз үй – «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы.

Киіз үй – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ-мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан-ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз.

Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыздың ақыл-ойы, тұрмыс-салты, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады. Ал ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш.Уәлиханов айтқан.

Тағы бір ерекше айта кетерлік жай: біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз,ши, ішінара күмістен құрастырылады, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Дала тұрғындарының тапқырлық шешімін осы тұрғыдан қарап бағалаған әлем ғылымы, мәдениеті мен өнерінің білімпаз сарапшылары дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде қазақтың осы өнеріне әрқашан жоғары баға беріп отырған. Мысалы, 1861 жылы Алмас деген кісі Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге киіз үй апарып, еуропалықтарды таңғалдырып, бәйге алған. 1876 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш еткен. 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы І Николайға киіз үй сыйлап, патша ағзам оған өте риза болған (Ә.Марғұлан). Жазушы Шыңғыс Айтматов Батыс Еуропадағы белгілі мұражайлардың бірінен қазақтың киіз үйін көргендігін жазды. Сондай-ақ қазір Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларындағы мұражайларда қазақтың киіз үйлері бар.

Киіз үйдің түрлері мен құрылысы

Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар. Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады ды, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді. Қазақы үйлер бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, қара үй (үш қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үзік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық жұмыс ретінде бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.

Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді:

  1. Төр. Үй ішіндегі ең құрметті орын, мұнда жүк жиналады, қонақтар отырады. Бұл – киіз үйдің жоғарғы әрі сыйлы орны. Жас келіндер төрге шықпайды.
  2. Сол жақ (кіргенде оң жақ) – үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды.
  3. Оң жақта (кіргенде сол жақ) – балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді.
  4. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады.

Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады:

  1. Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері).
  2. Киіздері (ши де осыған кіреді)
  3. Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары)

Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімдігі сондай, оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су өтпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп, айналасын қамыспен шалылап, қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерді паналайтындықтан, жел де көп болмайды. Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып-өскендігін мақтанышпен айтуға болады. Әрісі Керей, Әз Жәнібек, Тәуке хан, хан Абылай, Кенесары, ұлы Абай; ғұламалар Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовтердің кіндігі осы киіз үй ішінде кесілген. Әрқашан қоныс аударғанда таза жерге тігілген үйдің саф ауасы аспан, жер, сумен астасып, қасиетті қара шаңырақтың киесі, мүмкін, осындай ұлылардың көкірегіне нұрлы сәулесін құйған болар.

Қазақ өмірі мен мәдениетінің, әлеуметтік жайының бір түйіні киіз үй мен төрт түлікке байланысып жатады. Сәлемі, киімі, ыдысы, салт-дәстүрі де осыған келіп саяды. Сондықтан да олар бұған лайық қанатты сөздер, ырымдар, әдеттер, тыйымдар, аңыздар да шығарған.

Киіз үй берік ағаштан (қайыңнан, талдан) жасалады. Оларға құрт түспейді, басқа ағаштар сияқты тез шірімейді. Талдың керегеге қажетті жуан, жіңішкесін таңдап алуға да болады.

Үйдің сүйегін үйшілер жасайды, оны «үй басу» дейді. Қажетті ағаштар 6 ай, кейде бір жылдай көлеңкеде кептіріледі. Мезгілі жеткен кезде үйшілер бұл ағаштарды қажетінше жонып, морға, қозға (ыстық қоламтаға) салып балқытып, тезге салып түзетіп алады. Олар үй сүйегіне лайықталған ағаштарды жонып, түзетіп шауып, қырнап болғаннан кейін, оны тағы да морға салып, кереге, уыққа, күлдіреуішке лайықтап ырғаққа (қалыпқа) салып, белгілі бір үлгі, жобаға келтіреді де, оны құрастыра бастайды.

Кереге киіз үйдің негізін құрайды. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар (ыру) жүргізеді. Желілерді тесіп, түйенің мойын терісі немесе өгіздің бас терісінің сірісі (қайыстары) арқылы көктейді. Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтыла, ал ортасы дөңестеу жасалады. Дайын керегені қанат деп атайды, яғни 18 қанат үйде 18 кереге болады. Кереге көзінің үлкен-кішісіне қарап тор көз, жел көз деп бөледі. Тор көзді керегі әдемі әрі берік болады.

Киіз үйде есік екеу болады: ішкі есік – сықырлауық – ағаштан жасалады, екіншісі – киіз есік – киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан жабылады. Киіз есік ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықталып жиналып қойылады, жай күндері күн түспес үшін, оның бір жағы бақан арқылы ашық тұрады.

Ағаш есік маңдайша, екі босаға, табалдырық және екі жарма есіктен құралып, керегеге бекітіледі. Керегелер бір-біріне таңғыш құр арқылы жалғасады. Кереге бастары арқылы тартылатын бас арқан маңдайшаның екі жағына мықтап байланады. Үйдің барлық ауырлығын ұстайтын, беріктігін сақтайтын бас арқан. Сәндік үшін бас арқан тұсынан және кереге басы туырлықты қажамас үшін басқұр жүргізіледі.

Уық – кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары және қаламы деген атаулардан тұрады. Ол иінінен ішке иіле жасалады, яғни үйдің күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Уық алақандағы уықбау арқылы кереге басына байланып, қаламы шаңырақтың қаламдығына сұғылады. Қалам мен қаламдық төртбұрышты қырланып, ойылады. Мұндай уық берік болады, әрі ауып, қисайып кетпейді. Қанат санына қарай уықтың саны да, ұзындығы да өсе береді. Әр үйде көлеміне қарай 60-160-тай уық болады.

Шаңырақ – киіз үйдің қасиеті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағың биік болсын» деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғынды, яғни шеңберді, қайыңнан оюлап, өрнектеп жасайды, жиілеп қаламдық ояды. Күлдіреуіш шаңырақ күмбезін жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуі үшін қызмет етеді.

Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін, оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды. Егер үй қайыңнан жасалса, оны өсімдік майымен майлайды. Ол ағашқа піл сүйегі түстес оң береді, әрі оған су сіңбейді. Салтанатты ордалардың шаңырағын, уығын, кереге басын, маңдайшасын оюлайды, өрнектейді. Ауқаттылар күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейлейді.

Үй сүйегі әзір болған соң, оның киіздері жасалады. Киіздері кереге бойына туырлық, шаңыраққа дейін үзік, шаңырақты жабатыны түндік және киіз есік деп аталады. Олар қойдың ақ күзем жүнінен басылады. Ертеректе қазақта қой көп, сондықтан киіз үйге қажетті материал жеткілікті болған. Міне, осы жүннен үй киіздері дайындалады. Қазақ даласында жүннің көптігі сондай, 25 мың қойы бар қызылжарлық Қосшығұл деген бай қойдың жабағысымен құрт қайнатады екен. (С.Мұқанов. «Халық мұрасы». 99-бет. 1974 ж.) Оның әзірлеу, дайындау, пішу жолдары ұзақ бір ғылыми этнографиялық шығармаға лайық. Киіздер құр, баулар, арқылы тұтылады. Олар туырлық-бау, түндікбау, үзікбау, желбау деп аталады. Туырлық пен үзіктердің өзара айқасатын жерін жабық дейді. Туырлық пен үзікбаулары кестелі, оюлы жалпақ құрдан жасалып, үйге көрік беріп тұрады. Киіз сыртынан жел көтермес үшін екі белдеу арқан тартылады. Үйге қолданылатын арқан түрлері де көп.

Шаңырақта желбау деп аталатын ою-өрнекті, 4 шашақты бау болады. Ол желді күні шаңырақты бастыруға, көшкенде байлауға аса қажет. Жай күндері үйге әсемдік, көрік беріп тұрады.

Үй киіздерін әзірлеп болғаннан кейін, оны ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды. Бұл әдемі ақ түс береді, әрі киіздердің берік болуына, су, ыстық, суық ауа өтпеуіне едәуір әсер етеді.

Киіз үйдің бір бөлшегі – кәдімгі ши. Оны жүнмен орап, кілем, текемет түсіндей оюлармен безендіріп тоқиды. Оны «шым ши» дейді, ораусыз шиды «ақ ши» дейді. Ши кереге мен туырлықтың екі ортасына келеді. Оның әсемдікке әрі жылылыққа әсері мол. Сондай-ақ ши тұрғанда сырттан құрт-құмырсқа, кесіртке, жылан, тағы басқа жәндіктер кіре алмайды.  

  

Бөлісу: