25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

"Қолымда бір қамшым бар..."

Дәстүр даналығы
Жарнама

Ел-жұртымыздың мәдени-тұрмысы мен рухани зердесінде кәдімгі қамшымыз ерекше орын алып келген. Бұл күндері оған тереңірек ой жіберсек, осы бір шағын ғана дүниенің атқарар қызметі сан алуан.

Қазақ өмірінде қамшы – өнер туындысы, қамшы – рухани күш-қуат, қамшы – сый-сыяпат, қамшы – жігіт пен қыздың сәні мен салтанаты, қамшы – азамат айбыны, қамшы – шебер қолдың айғағы, қамшы – алса қару, қалса мұра екенін білетіндер аз. Демек, қамшымыз тек ат айдайтын құрал ғана емес, айта алсақ, сөйлете білсек, мақтанарлық қасиетті әрі қастерлі қазына, әмбебап дүние екенін анық көреміз. Кез келген қазақ қамшыны жанына жақын серік еткен. Қамшыны ауызға алмай өлең, жыр айтылмаған. Тұрмыста да солай. Ол тәртіп құралы да бола алған. Ал қолына қамшы ұстаған әр азаматта еркелік екпін, жігіттік жігер еселене түскен. Сол жігіттердің сүйген сұлуға:

Қолымда бір қамшым бар алты таспа,

Сұлудың керегі жоқ сенен басқа.

Қалқа деп қадір білер салдым қолқа,

Жақсының жамандардан нарқы басқа, -

деп наз айтқан.

Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі. Әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Олар теріден қамшы, божы, ноқта, шідер, тұсамыс, шыбыртқы (бишік) өрген. Жәй өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талаппен қырлап, жұмырлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелеп, бір сөзбен айтқанда, көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өнерлер өрген. Қамшы 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкіре береді, әрі ажарлана, күрделене түседі. Осылай өрілу сапасы мен тәсіліне сай және қолданылуына орай қамшы атаулары да өзгере береді. Мұны белгілі өрімші шеберлер Жағда Бабалықов пен Ақселеу Сейдімбек былайша түрлейді: ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама сапты қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Қамшының басына шеберлер күміс, жез, тері сияқты мойнақ салады. Осыған орай қамшы күміс мойнақ қамшы, жез мойнақ қамшы, сары ала мойнақ қамшы, ақ мойнақ қамшы деп аталады.

Қамшы бірнеше құрамнан, ол құрам бірнеше қызықты әрі күрделі атаулардан тұрады. Мысалы: өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек.

Қамшы өруісі өріммен басталады, оның атауы мен сапасы осыған байланысты болады. Мысалы: төрт таспа, жиырма таспа, отыз таспа т.б.

Қолымда бір қамшым бар алты таспа,

Сөзімді ұнамаған алып таста.

Сонда да әр сөзімді салмақтарсың,

Кісіге сыр ашпап ем сенен басқа, - 

деген жігіттер сөзіндегі таспа осы.

Қамшы үлкен екі бөліктен құралады: өрімі және сабы. Сап тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан, мүйізінен, барынша әсемделіп таутеке мүйізінен жасалады. Әсіресе елік, киік сирағынан металл, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте бағалы әрі сәнді болады.

Қамшымның сабы еліктің сирағынан,

Жиын-той іздегенім, жиғаным ән.

Атымды сәнмен сипай қамшыланып,

Қалқаның келе жатам үй жағынан, -

деп ән шырқаған жігіт осылай мақтанады.

Кей шеберлер қамшының өміріне қоса сабын да тұтас өріп шығарады. Қамшы сабына ең көп қолданатыны тобылғы. Ол әрі бояулы, берік, әрі әдемі көрінеді. Оны да майлап, әбден кептіріп, түзетіп барып қолданады. Әсіресе оның қызыл түсті бояуы ерекше көрік береді. Мұндай қамшыны халық былайша жырға қосады:

Тобылғы қамшы саптық сайға бітер,

Көп жылқы көк алалы байға бітер.

Көргенде сұлулығын сұқтандырған,

Тек қана аспандағы айға бітер.

Бұрынғы кезде сері жігіттердің сұлу қызға осындай әсем қамшымен баруы оның абырой-беделін де көтере түскен.

Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөлген. Оны жез бауырлап, мойнақтап, металмен, былғарымен, қайыспен орайды.

Қамшы өрімі алақанынан саптық мойнағына бүркеншік арқылы жез, мыс шегелермен тойтарылып бекітіледі немесе таспа арқылы мойнаққа бүрмелеу арқылы жалғайды. Мұны шеберлер бунақтау дейді.

Қамшы әрқашан оң қолға ұсталады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп, қайыстан бүлдірге өткізеді.

Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырады да, оны сапқа ұзына бойы «бауырлақ» етіп, сыртынан таспаны орап жібереді. Кейде осы бауырлақ орнына жұқа мыс та қолданады. Бұл да қамшы бағасын, құнын әсерлей түседі.

  Өрім мен алақанның қосылған жері – шежемей. Шежемей үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағылады.

Жоғарыда айтылғандай, алтындап, күмістеп, ерекше жасалатын бірнеше қырлы, бұрама, шашақты, орама сапты, отыз-қырық таспа қамшылар болады. Жасалуына орай оның бағасы да татымды болып келеді. Мұны екі бүктеп ұстаған жігіт ат үстінен шіреніп тұрып, үй сыртынан құрбысына сөз тастайды:

Қолымда бір қамшым бар алтындаған,

Кей жаман ұстай алмай қалтылдаған ...

немесе

Қолымда бір қамшым бар күмістеген

Дейді жұрт сонша әсемдеп кім істеген?

Мұны әсем қамшыларды әр атты адам пайдаланған. Сондай-ақ мал айдауға, ұрыста, соғыста қару орнына жүретін қамшылар да (дыр, дырау, дойыр қамшылар) болған. Бұлардың өрім өзегіне темір, ұшына қорғасын орап өрген. Сабы да жуан, қатты ағаштан жасалған. Кейде бұларды екі-үш жерден үзбелете өрген. Мұндай қамшымен ұрғанда атан түйелер мен өгіздердің өзі жүре жатқан. «Дыраумен бір тартқанда адамға шабатын бура да, көкжал қасқыр да орнынан тұра алмай қалған», - дейді қариялар.

Қай қамшы мынау қамшы? – Дырау қамшы,

Сабына өрнек салған құрау қамшы.

Атты жылдам жүргізіп қана қоймай,

Батырға айбат берген дырау қамшы.

Тобылғы сапты қамшының қару ретінде жұмсайтын бұзау тіс дейтін түрі де болады.

Қай жағынан алып қарасақ та, қамшы – қазақ өмірі мен өнерінің ажырамас бөлігі. Өмірі дегеніміз – адам атсыз, атқа мінсе, қамшысыз болмаған. Өнері дегеніміз – шеберлік те, ақындық та, сөз сайысы да қамшысыз өтпеген. Өйткені сөз сұрағанда қамшы тасталған. Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, өзіндік ережелері мен жөн-жосықтары да болған. Мысалы, жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп қаралған. Жол, жөн көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқаған.

Атта қамшың болмаса қолға ұстаған,

Жүрмес жуас жабы да көнбес саған.

Ата-бабаң, біреу жөн сұрай қалса,

Ат үстінен қамшымен жол нұсқаған.

Ертеректе қазақта «Қамшы ойыны» атты күрделі спорттық ойын болған. Сонымен бірге қазақ даласында кең тараған қамшыгерлік өнері де болған. Адамдар камшының көмегімен өнер көрсеткен. Төрт жақтан керілген өгіз терісін қамшымен бір тартқанда тіліп түсіру, жаугершілікте, ұрыс-жанжалда жауын қамшымен жусатып салу, қасқыр соғу қамшыгерлер атағы мен абыройын арттыра түскен. Ғ.Слановтың, О.Бөкеевтің, Ж.Бабалықовтың және басқа жазушыларымыздың шығараларында осы өнер түрі кеңінен суреттелген.

Құдалық жол-жоралғыда «қамшы қайтару» деген бар. Қыз айттыруға келген жігіт жағының басшысы (жігіттің әкесі, «жаушы» т.б.) қамшысын қыз үйінің төріне іліп кеткен. Егер қыз әкесі келісім бермесе, көп ұзатпай қамшыны иесіне қайтарып жіберген. Мұны «қамшы қайтару» дейді.

Қамшымызды халық тіл өнерінде де «ойната» білген. Жүйрік атты «қамшыдай қатқан»; талаптанған жігітті «өзін-өзі қамшылады»; ұрды, соқты дегенді «қамшы жұмсады»; қорқытты деудің орнына «қамшы үйірді»; қаныпезер тентекті «қамшысынан қан сорғалаған»; жүрмейтін атты «қамшы кесті шабан»; жанына батқан істі «қамшы боп тиді» деп астарлай сөйлеген. Кейбір берекесіз жанды «қамшы алып беруге жарамайтын» деп кеміткен. Жүрдек атты «қамшы салдырмайтын мал» деп мадақтаған. Сондай-ақ халық қамшыны өлшем есебінде де қолданған, мысалы: қамшы сабындай, қамшы бойындай, қамшы жетер жерде. Бір сөзбен айтқанда:

Қара ойдың қамшым қалды қабағында,

Шырыны қымыздықтың сабағында, -

деп ән шырқаған  дала қазағының өмірінде қасиетті қамшы өшпес із қалдырған.

Сейіт Кенжеахметұлы.

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан

 

  

Бөлісу: