25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Уәдеде тұру - мұсылмандық сипат

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Уәдеде тұру - мұсылмандық сипат

وَبِعَهْدِ اللَّهِ أَوْفُوا

«...Және Алланың уәдесін орындаңдар...» (Әнғам 152)

Уәдеде тұру мен, оны орындай білу мұсылман адамның бойындағы ең маңызды сипат. Ол сипат адамды адамадарға да, олардың жаратушысы Аллаға да сүйкімді етеді.

Егер Құран аяттарына көз жүгіртер болсаңыз, онда Алла Тағала құлдарына уәдені орындауға бұйырып та, қызықтырып та шақырғанын көресіз. Мысал ретінде мына аяттарға назар аударайық:

لَكِنِ الَّذِينَ اتَّقَوْا رَبَّهُمْ لَهُمْ غُرَفٌ مِنْ فَوْقِهَا غُرَفٌ مَبْنِيَّةٌ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ وَعْدَ اللَّهِ لَا يُخْلِفُ اللَّهُ الْمِيعَادَ

«Раббыларынан қорыққандар үшін астарынан өзендер ағатын қабат-қабат салынған сарайлар бар. Бұл Алланың уәдесі, Алла (Т.) уәдесінен таймайды» (Зумар 20).

М9саның (а.с) оқиғасында:

فَرَدَدْنَاهُ إِلَى أُمِّهِ كَيْ تَقَرَّ عَيْنُهَا وَلَا تَحْزَنَ وَلِتَعْلَمَ أَنَّ وَعْدَ اللَّهِ حَقٌّ

 «Сөйтіп оны, анасына көзайым болып, күйінбеуі, сондай-ақ Алланың уәдесінің хақ екендігін білу үшін қайтардық. Бірақ олардың көбі білмейді» (Қасас 13) делінген.

Осы аяттардан нәр алатын әр мұсылман адам Алланың уәдеге беріктігін өзіне үлгі етіп өзі де уәдеге барынша берік болуға тырысып бағуы керек. Кері жағдайда уәдені орындамау мен сөзінде тұрмау жағынан шайтанға ерген дінбұзар кәпірлер мен екіжүзді адамдар іспетті болады. Себебі Алла Тағала қауымына ашуланған Мұсаның (а.с) сөзін Құранда былай келтіреді:

فَرَجَعَ مُوسَى إِلَى قَوْمِهِ غَضْبَانَ أَسِفًا قَالَ يَا قَوْمِ أَلَمْ يَعِدْكُمْ رَبُّكُمْ وَعْدًا حَسَنًا أَفَطَالَ عَلَيْكُمُ الْعَهْدُ أَمْ أَرَدْتُمْ أَنْ يَحِلَّ عَلَيْكُمْ غَضَبٌ مِنْ رَبِّكُمْ فَأَخْلَفْتُمْ مَوْعِدِي

«Сонда Мұса (Ғ.С.) ашуланып, кейіген түрде, еліне қайтты да: “Әй елім! Раббыларың сендерге жақсы уәде қылмап па еді? Сендерге уәде ұзақ келді ме? Немесе өздеріңе Раббыларыңның қаһары келуін қалап, уәдемнен айныдыңдар ма?”,-деді» (Таһа 86). Бұл аят Аллаға күпірлік жасап бұзауға табынып кеткен яхудилер туралы айтылған. Ал екіжүзді адамдарға қатысты Алла Тағала былай дейді:

وَمِنْهُمْ مَنْ عَاهَدَ اللَّهَ لَئِنْ آتَانَا مِنْ فَضْلِهِ لَنَصَّدَّقَنَّ وَلَنَكُونَنَّ مِنَ الصَّالِحِينَ * فَلَمَّا آتَاهُمْ مِنْ فَضْلِهِ بَخِلُوا بِهِ وَتَوَلَّوْا وَهُمْ مُعْرِضُونَ * فَأَعْقَبَهُمْ نِفَاقًا فِي قُلُوبِهِمْ إِلَى يَوْمِ يَلْقَوْنَهُ بِمَا أَخْلَفُوا اللَّهَ مَا وَعَدُوهُ وَبِمَا كَانُوا يَكْذِبُونَ

«Тағы олардан біреулер: «Егер Алла, бізге өз кеңшілігінен мал берсе, әрине садақа беріп, игілерден болар едік» деп Аллаға серт берді. Сонда Алла оған өз ілтипатымен берген кезде, Оның бергеніне сараңдық қылды. Сөзінен айныды. Олар негізінен жалтақойлар. Енді Аллаға берген уәделеріне қарсы келіп, өтірік айтқандары үшін Алла өзіне жолығатын күнге дейін олардың жүректеріне екіжүзділік салып, қояды» (Тәубе 75-77).

Ия, уәдеден айну, сөзінде тұрмау деген мұсылманға еш жараспайтын сипат. Ол – екіжүзді адамдардың сипаты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде айтады:

آية المنافق ثلاث: إذا حدّث كذب، وإذا وعد أخلف، وإذا اؤتمن خان

 «Екіжүзді адамның белгілері үшеу: сөйлесе өтірік айтады, уәде берсе бұзады және аманатқа қиянат етеді» (Бухари, Муслим).

Абдулла ибн Амр ибн Астан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

أربع من كن فيه كان منافقاً خالصاً، ومن كانت فيه خصلة منهن كانت فيه خصلة من النفاق حتى يدعها، إذا اؤتمن خان، وإذا حدث كذب، وإذا عاهد غدر، وإذا خاصم فجر

 «Кімде-кімнің бойында мына төрт нәрсе болса, демек ол таза екіжүзді адам болғаны. Ал кімде-кімнің бойында осының бірі табылса, онда онысын тастамайынша бойында екіжүзділіктің паршасы бар демек. Олар: уәде берсе айниды, сөйлесе жалған айтады, егер келіссе бұзады және де таласса ақиқатты аттап өтеді» дейді (Бухари).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінен еш уәде бұзғанын көре алмайсыз. Ал уәдесіне қаншалықты берік болғанын білу үшін Оның (с.ғ.с) Абдулла ибн Абу Хамсаны (р.а) уәделескен жерде үш күн бойы күткенінен байқасаңыз болады. Абдулла (р.а) уәделескендерін ұмытып үш күннен кейін ғана барған еді. һәм бұл оқиғаның Пайғамбарымызға (с.ғ.с) әлі пайғамбарлықтың келмей тұрған шағында болғанын да ескеріңіз...

Міне, мұсылманның сипаты осы. Ол сөз берсе оны орындамай қоймайды. Шамасы келмейтінін білсе сөз беріп өзгелерді қиын жағдайға қалдырмайды. Уақыт белгілесе, одан әсте кешікпейді. Өкінішке орай, кей адамдар кешігу сынды кей жат қылықтарды адамның мұсылмандығына, я да ұлтына байлап баға беріп жатады. Алайда ол адамның ұлты мен де дінімен де еш қатысы жоқ сыпаттар. Алла Тағала біздерді мұндай жат қылықтардан арылтып, тура жолды ұстанған, уәдесін ең кемел түрде орындайтын Өзінің сүйікті құлы, Пайғамбардың (с.ғ.с) сүйікті үмметі болуымызды нәсіп еткей.

Ummet.kz

Бөлісу: