25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Аллаға тәуекел етудің маңыздылығы

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен...

 

Қос әлемнің сардары Хазіреті Мұхаммедке, әрі оның отбасы мен сахабаларына Алланың сәлемі мен игілігі болсын.

Ислам дінінде тәуекелдің алатын орны ерекше. Ол «Фатиха» сүресінде: إِيَّاكَ نَعْبُدُ وإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ «Саған ғана құлшылық жасап, Сенен ғана көмек сұраймыз» делінгендей өз алдына да ғибадат болып табылады. Сол үшін де Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) тәуекел етуге үндеп, оған қызықтыратын хадистер өте көп келген. Сол хадистердің бірінде Пайғамбар (с.ғ.с):

لَوْ أَنَّكُمْ تَوَكَّلُونَ عَلَى اللهِ حَقَّ تَوَكُّلِهِ؛ لَرَزَقَكُمْ كَمَا يَرْزُقُ الطَّيْرَ، تَغْدُو خْمَاصاً، وَتَرُوحُ بِطَاناً

«Егер Аллаға шынайы тәуекел жасасаңдар сендерді құсты тойдырғанындай тойдырар еді; олар азаңда аш боп шығып кешкісін тоқ боп қайтады» дейді (Ахмад, Тирмизи, Ибн Мажә).

Имам Ибн Рәжәб әл-Ханбали (р.а) «Жамиғул улум уал хикам» атты еңбегінде осы хадисті тәуекелдің негізін көрсететін хадис дейді. Себебі онда ризықтың кілті көрсетілген.

Тәуекелдің мағынасын Ибн Рәжәб (р.а): «дүние және ақырет істерінде пайдаға кенеліп, зиянға ұшырамас үшін Алла Тағалаға шын жүрегімен арқа сүйеу» деп баяндайды. Ал Имам Журжани болса «тәуекел деген – адамдарда бар болғанға емес, Аллада бар болғанға сенім арту» деп анықтама берген.

Тәуекел ете білген адам турасында Құран Кәрім былай дейді:

وَمَن يَتَّقِ ٱللَّهَ يَجۡعَل لَّهُۥ مَخۡرَجٗا وَيَرْزُقْهُ مِنْ حَيْثُ لَا يَحْتَسِبُ ۚ وَمَن يَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ فَهُوَ حَسْبُهُ ۚ إِنَّ اللَّهَ بَالِغُ أَمْرِهِ ۚ قَدْ جَعَلَ اللَّهُ لِكُلِّ شَيْءٍ قَدْرًا

«Кімде-кім Алладан шынайы қорқса, Алла оған тығырықтан шығатын жол ашып береді. Сондай-ақ оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді. Кім Аллаға (арқа сүйеп), тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті. Алла бұйрығын міндетті түрде жүзеге асырады. Шүбәсіз, Алла әр нәрсе үшін алдын-ала белгілі бір өлшем белгілеп қойған» (Талақ 2-3).

Имам Табари тәпсірінде Абдулла ибн Масғудтың (р.а): «Құрандағы Алланың кепілдік танытқан ең үлкен аяты:

وَمَن يَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ فَهُوَ حَسْبُهُ

«Кім Аллаға тәуекел етсе, оған бір Алла жеткілікті» деген аят» дегенін жеткізеді. Тәуекелдің ақиқатын осы аяттан түсіне берсеңіздер болады.

Имам Қуртуби (р.а): «Тәуекел деген – әлсіздігіңді сезініп, ісіңде Аллаға арқа суйеу» деген.

Сол сияқты Сәһл ибн Абдулла әт-Тустари (р.а) да осы анықтамаға үндес «Аллаға деген тәуекел – өзің Аллаға бейнебір өлген адам өзін өлгеннен кейін шомылдырушы адамның қолына тапсырғандай тапсыруы; Ол оны қалағанынша аударып-төңкереді» деген анықтама айтқан.

Бұл анықтамадағы тәуекел өздерін Аллаға толық тапсырған адамдардың тәуекелі. Бұл тәуекел Аллаға деген терең иманнан туындайды. Алланың пендесі осы тәуекелімен Оның махаббатына қол жеткізеді:

فَإِذَا عَزَمۡتَ فَتَوَكَّلۡ عَلَى ٱللَّهِۚ إِنَّ ٱللَّهَ يُحِبُّ ٱلۡمُتَوَكِّلِينَ

«Егер қандай да бір іске бел бусаң Аллаға тәукел ет. Негізінен Алла тәуекелшілерді жақсы көреді» (Әли Имран 159). Әрі тәуекел ету мұсылманның сипаты. Алла Тағала бұл туралы:

وَعَلَى ٱللَّهِ فَلۡيَتَوَكَّلِ ٱلۡمُؤۡمِنُون

«Мүміндер, Аллаға тәуекел етсін» (Әли Имран 122) дейді.

Тәуекел өз алдына үлкен ғибадат болғаны үшін де құранда көп айтылған. Әрі бұл сипат пайғамбарлардың да ортақ сипаты. Құранда Нұх (а.с) туралы:

وَٱتۡلُ عَلَيۡهِمۡ نَبَأَ نُوحٍ إِذۡ قَالَ لِقَوۡمِهِۦ يَٰقَوۡمِ إِن كَانَ كَبُرَ عَلَيۡكُم مَّقَامِي وَتَذۡكِيرِي بِ‍َٔايَٰتِ ٱللَّهِ فَعَلَى ٱللَّهِ تَوَكَّلۡتُ فَأَجۡمِعُوٓاْ أَمۡرَكُمۡ وَشُرَكَآءَكُمۡ ثُمَّ لَا يَكُنۡ أَمۡرُكُمۡ عَلَيۡكُمۡ غُمَّةٗ ثُمَّ ٱقۡضُوٓاْ إِلَيَّ وَلَا تُنظِرُونِ

«(Мұхаммед с.ғ.с) Оларға Нұхтың (а.с) әңгімесін оқы. Бір заманда еліне: «Әй елім! Араларыңда тұруым, Алланың аяттарын үгіттеуім сендерге зор келген болса, онда Аллаға тәуекел еттім. Ал енді сендер және серіктерің не істейтіңдеріңде бірлесіңдер. Сонсоң істерің өздеріңе мұң болмасын. Кейін маған мұрса бермей-ақ қолдарыңнан келгенін істеңдер!» (Юнус 71) деген.

Сол сияқты Муса (а.с) туралы:

وَقَالَ مُوسَىٰ يَٰقَوۡمِ إِن كُنتُمۡ ءَامَنتُم بِٱللَّهِ فَعَلَيۡهِ تَوَكَّلُوٓاْ إِن كُنتُم مُّسۡلِمِين . فَقَالُواْ عَلَى ٱللَّهِ تَوَكَّلۡنَا رَبَّنَا لَا تَجۡعَلۡنَا فِتۡنَةٗ لِّلۡقَوۡمِ ٱلظَّٰلِمِينَ . وَنَجِّنَا بِرَحۡمَتِكَ مِنَ ٱلۡقَوۡمِ ٱلۡكَٰفِرِين

«Мұса (Ғ.С.) еліне: «Әй елім! Егер Аллаға иман келтірген болсаңдар, сондай-ақ Мұсылман болсаңдар онда Аллаға тәуекел қылыңдар» деді. Олар: «Біз Аллаға тәуекел қылдық. Раббымыз, бізді залым елмен сынама» деді. «Сондай-ақ бізді мәрхаметіңмен кәпір қауымнан құтқара көр!…» (Юнус 84-86)

Ал тәуекелдің ең үлкен мысалы болған Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен оның сахабалары туралы:

لَّذِينَ قَالَ لَهُمُ ٱلنَّاسُ إِنَّ ٱلنَّاسَ قَدۡ جَمَعُواْ لَكُمۡ فَٱخۡشَوۡهُمۡ فَزَادَهُمۡ إِيمَٰنٗا وَقَالُواْ حَسۡبُنَا ٱللَّهُ وَنِعۡمَ ٱلۡوَكِيلُ  فَٱنقَلَبُواْ بِنِعۡمَةٖ مِّنَ ٱللَّهِ وَفَضۡلٖ لَّمۡ يَمۡسَسۡهُمۡ سُوٓءٞ وَٱتَّبَعُواْ رِضۡوَٰنَ ٱللَّهِۗ وَٱللَّهُ ذُو فَضۡلٍ عَظِيم

«Оларға адамдар: «Сендерге қарсы ел жиналды, сондықтан олардан қорқыңдар» деді. (Бұл сөз) олардың иманын арттырды да олар: «Аллаға тәуекел еттік, Ол нендей жақсы ие» деді. Сондықтан олар Алланың нығметі және кеңшілігімен бір сәтсіздікке ұшырамай Алланың ризалығына бөленіп, қайта оралды. Алла зор кеңшілік иесі» (Әли Имран 173-174) делінген.

Имам Бухаридің жеткізген хадисінде Ибн Аббас (р.а): « «Аллаға тәуекел еттік, Ол нендей жақсы ие» деген сөзді Ибраһим (а.с) отқа тасталған кезінде айтқан-ды (сонда ол оттан аман шықты). Және де ол сөзді Мұхаммед (с.ғ.с) мүшріктер оған: «Сендерге қарсы ел жиналды, сондықтан олардан қорқыңдар» деген кезінде айтты (сөйтіп Ол (с.ғ.с) да жеңіске жетті)» деген.

Ескере кетер жәйт: тәуекелді жалқаулықпен шадастырмау керек. Жалқаулық – еш нәрсе жасамау болса, тәуекел – атқарылуы керек болған істі тиісінше атқарып, сосын оны Аллаға тапсыру арқылы болады.

Ummet.kz

Бөлісу: