25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Аюб пайғамбардың (а.с) сабырлығы

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Аюб (а.с) жалпы мұсылман әлеміне зор сабырлығымен, әрі басынан қанша қиындық келсе де Алла Тағалаға еш налымастан, керісінше шүкірлік үстіне шүкірлік етуімен белгілі. Құран Кәрімде Аюб (а.с) туралы былай делінеді:

 

وَأَيُّوبَ إِذْ نَادَى رَبَّهُ أَنِّي مَسَّنِيَ الضُّرُّ وَأَنْتَ أَرْحَمُ الرَّاحِمِينَ * فَاسْتَجَبْنَا لَهُ فَكَشَفْنَا مَا بِهِ مِنْ ضُرٍّ وَآَتَيْنَاهُ أَهْلَهُ وَمِثْلَهُمْ مَعَهُمْ رَحْمَةً مِنْ عِنْدِنَا وَذِكْرَى لِلْعَابِدِينَ

«Аюб та Раббына: “Маған бір бәле келді. Сен мәрхамет етушілердің абзалысың” деп, жалбарынды. Сонда тілегін қабыл етіп, өзіндегі науқасты айықтырып, сондай-ақ құлшылық қылушыларға ғибрат үшін өзіне отбасын және олармен бірге бір есе артық мәрхамет етіп, бердік» (Әнбия 83-84)

Алла Тағала бізге ғибрат, сабақ болсын деп Құран Кәрімде пайғамбарлардың қиссаларын баяндаған. Бұл қиссалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жүрегіне жұбаныш болса, үмметінің иманын сусындатар иләһи бір нығмет болған. Алла Тағала Құран Кәрімде:

لَقَدْ كَانَ فِي قَصَصِهِمْ عِبْرَةٌ لِأُولِي الْأَلْبَابِ مَا كَانَ حَدِيثًا يُفْتَرَى وَلَكِنْ تَصْدِيقَ الَّذِي بَيْنَ يَدَيْهِ وَتَفْصِيلَ كُلِّ شَيْءٍ وَهُدًى وَرَحْمَةً لِقَوْمٍ يُؤْمِنُونَ

«Әрине пайғамбарлардың қиссаларында ақыл иелері үшін өнеге бар. Құран бір жасама сөз емес. Бірақ өзінен бұрынғы кітаптарды растайды. Сондай-ақ иман келтірген ел үшін әр нәрсені ашықтайтын тура жол және игілік» (Юсуф 111) және:

وَكُلًّا نَقُصُّ عَلَيْكَ مِنْ أَنْبَاءِ الرُّسُلِ مَا نُثَبِّتُ بِهِ فُؤَادَكَ وَجَاءَكَ فِي هَذِهِ الْحَقُّ وَمَوْعِظَةٌ وَذِكْرَى لِلْمُؤْمِنِينَ

«(Мұхаммед,) саған пайғамбарлардың қиссасын көңіліңді орнықтыру тұрғысынан баян етеміз. Осында саған ақиқат және мүміндер үшін бір насихат әрі түсінік келді» (Һуд 120) – деді.

Осындай қиссалары Құранда баяндалған пайғамбарлардың бірі – Аюб (а.с). Алла Тағала ол (а.с) жайында:

وَأَيُّوبَ إِذْ نَادَى رَبَّهُ أَنِّي مَسَّنِيَ الضُّرُّ وَأَنْتَ أَرْحَمُ الرَّاحِمِينَ * فَاسْتَجَبْنَا لَهُ فَكَشَفْنَا مَا بِهِ مِنْ ضُرٍّ وَآَتَيْنَاهُ أَهْلَهُ وَمِثْلَهُمْ مَعَهُمْ رَحْمَةً مِنْ عِنْدِنَا وَذِكْرَى لِلْعَابِدِينَ

«Аюб та Раббына: “Маған бір бәле келді. Сен мәрхамет етушілердің абзалысың” деп, жалбарынды. Сонда тілегін қабыл етіп, өзіндегі науқасты айықтырып, сондай-ақ құлшылық қылушыларға ғибрат үшін өзіне отбасын және олармен бірге бір есе артық мәрхамет етіп, бердік» (Әнбия 83-84) – деп, тағы бір жерде:

واذْكُرْ عَبْدَنَا أَيُّوبَ إِذْ نَادَى رَبَّهُ أَنِّي مَسَّنِيَ الشَّيْطَانُ بِنُصْبٍ وَعَذَابٍ * ارْكُضْ بِرِجْللِكَ هَذَا مُغْتَسَلٌ بَارِدٌ وَشَرَابٌ * وَوَهَبْنَا لَهُ أَهْلَهُ وَمِثْلَهُمْ مَعَهُمْ  رَحْمَةً مِنَّا وَذِكْرَى لِأُولِي الْأَلْبَابِ  * وَخُذْ بِيَدِكَ ضِغْثًا فَاضْرِبْ بِهِ وَلَا تَحْنَثْ إِنَّا وَجَدْنَاهُ صَابِرًا نِعْمَ الْعَبْدُ إِنَّهُ أَوَّابٌ

«(Мұхаммед,) құлымыз Аюбты есіңе ал. Сол уақытта Раббына: “Рас мені шайтан бейнет және қинауға ұшыратты” деп жалбарынды. Оған: “Аяғыңмен жерді теп. Міне саған шомылатын әрі ішетін суық су” (дедік). Бізден бір мәрхамет сондай-ақ ақыл иелеріне бір үгіт түрінде оған отбасын; олармен бірге бір есе артығымен бердік. “Қолыңа бір топ ши алып, сонымен бір ұр. Сертіңнен қайтпа!” Шынында оны сабырлы көрдік. Ол не деген жақсы құл. Өйткені ол, өте бой ұсынушы» (Сад 41-44) – деп баяндайды.

Тәпсір және тарих ғұламаларының айтуы бойынша Аюб (а.с) түрлі-түрлі малдары, байлығы мен жерлері болған дәулетті кісі болған. Ол қазіргі Шам өлкесінің төңірегінде өмір сүрген. Ибн Асакир айтады: «Ол кісіде барлық нәрсе болған еді, алайда Алла Тағала қолындағысының бәрін сылып алып емтихан жасады, онымен қоса денесіне де зақым келтіретін ауру жіберіп арадан бірер уақыт өткеннен соң денесінде тілі мен жүрегінен басқа сау жер қалмады. Ол осы екі аман қалған жерімен Алланы күндіз-түні, азаңды-кеш дәріптеумен болды. Осы дертке ұшырағаннан кейін сынақ үстіне сынақ болғандай қасындағы адамдар да алыстап, ол кісіні қаланың сыртына шығарып тастайды. Жанында тек әйелі қалған. Ол әйел ерінің алдындағы міндетінен қашпайтын, бұрынғы жасаған жақсылықтарын ұмытпаған, жақсылығына жақсылық жасауға тырысқан әйел еді. Адамдарға қызмет жасап пайда тауып, сол тапқанына Аюб пайғамбарға (а.с) ас әкелетін. Ол қолдарынан кеткен байлыққа да, қайтыс болған балдарына да, ерінің басына түскен ауруға да сабырлықпен қараған.»

Аюбқа (а.с) сынақ болған бұл ауру тым ауыр болған. Жоғарыдағы Ибн Асакирдің сөзіне Суддидың: «Еттері сүйектерінен ажырап түсіп сүйектері ғана қалғандай еді»–деген сөзі де дәлел болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сабырға қатысты:

أشد الناس بلاء الأنبياء، ثم الصالحون، ثم الأمثل فالأمثل، يبتلى الرجل على حسب دينه، فإن كان في دينه صلابة زيد في بلائه

«Сынаққа ең көп душар болатындар пайғамбарлар, кейін салихалы пенделер, кейін кейінгілері, одан кейін кейінгілері. Адам дініне қарай сыналады, егер дініне берік болса, сынағы да арта түседі»–деді (Тирмизи).

Аюбтың (а.с) басына сынақ боп келген бұл аурулар оның иманына еш зарарын келтіре алмаған, алайда оның сабырлығын шыңдап, шүкіршілігін арттыра түсті. Ол кісінің бұл аурудан арылуы үшін қанша ұзақ уақыт өтсе де ауруы үшін Раббысына еш налымаған.

Ибн Аби Хатим мына әңгімені жеткізеді: «Аюбтын (а.с) екі бауыры бар еді. Екеуі бірде Аюбқа (а.с) келгенде ауруының нәтижесінен пайда болған иістен оған жақындай алмайды. Ұзақта тұрған екеуінің бірі екіншісіне:

  • Егер Алла Тағала Аюбтың бойынан қандай да бір жақсылық барын білсе оны осыншама сынамас еді,– деді. Бұны естіп тұрған Аюбқа бұл сөздің ауыр келгені сонша, дауыстап (а.с):
  • Уа, Аллам! Біреудің аш екенін білсем оны тойғызбайынша үйімде тоқ жатпағанымды білген болсаң, сөзімді растағайсың,–деді. Көктен бір дыбыс оның сөзін қуаттады, әрі екі бауыры да оны естіді. Сөзін әрі жалғап:
  • Уа, Аллам! Кімде-кімнің жалаңаш екенін білсем, үстімде екі-ақ киім болса дағы, оның бірімен әлгіні киіндірмей қоймайтынымды білген болсаң сөзімді растағайсың! – деді. Тағы да көктен дауыс шығып оны растады, екі ағайынды да оны естіді. Кейін тағы да:
  • Уа, Аллам! Сенің ұлықтығыңмен ант етемін!–деп сәждеге жығылды да,–Уа, Аллам, ұлықтығыңмен ант етемін! Менен мына ауруды кетірмейінше сәждеден басымды алмаймын,–деді. Осыдан кейін Алла оған ауруының емін берді, Аюб та сәждесінен басын алды.

Ибн Аби Хатим Ибн Аббастың былай дегенін жеткізді: «Сөйтіп Алла Тағала оған жаннат киімдерінің бірін кигізді. Сөйтіп біраз шетке шығып отырды. Осы сәтте әйелі Аюбты іздеп келеді де оны танымай қалады. Оған қарап:

  • Әй, Алланың құлы, мұнда бір ауруға душар болған бірі бар еді. қайда кетті екен? Иттер, не қасқырлар сүйреп кетпеді ме екен... – дей бергенінде Аюб (а.с):
  • Аюб менмін ғой,–дейді. Әйелі түсініңкіремей:
  • Әй, Алланың құлы! Мені мазақ еткенің бе бұл?–дегенде,
  • Мен Аюбпын. Алла маған денемді кері қайтарды–деп жауап берді».

Ибн Аббас (р.а): «Осылайша Алла Тағала оған малын да балаларын да сол күйі, әрі есесімен қайтарып берді»,–деді.

Ибн Әби Хатим айтады: «Алла Тағала Аюбқа шипасын бергеннен кейін аспаннан алтыннан ашегірткелерді жаудырды. Бұны көрген Аюб (а.с) әлгі шегірткелерді ұстап киімінің ішіне салып жинай бастады. Алла Тағала оған:

  • Әй, Аюб, әлі тоймадың ба? –дейді, сонда Аюб (а.с):
  • Уа Раббым, мейіріміңе ешкім тоймайды ғой,–деген екен.»

Тарих ғалымдарының айтуынша Аюб (а.с) 93 жас мір сүрген екен, ал кей ғалымдар оның одан да ұзақ өмір сүргенін айтады. Имам Ләйс Мужахидтен мына сөзді жеткізеді: «Қиямет күні Алла Тағала байларға қарсы Сүлейменді (а.с), құлдарға қарсы Жүсіпті (а.с), сынаққа ұшырағандарға қарсы Аюбты (а.с) шығарып, осы пайғамбарлармен мысал береді».

Адам басына қанша түрлі сынақ келсе де ол сынақ Аюбтың басына түскен сынақтай ауыр болмасы анық. Себебі Алла Тағала одан малын алып байлығынан айырған, бала-шағаларын алып жүрегін жаралаған, денесіне ауру жіберіп ауру үстіне ауру жаудырған. Алайда Аюб (а.с) Алланың тағдырына мойынсұнған, сабырлық еткен. Алланың бұған дейін жасаған кеңдігін ұмытып та кетпеген. Керісінше қазіргінің қиындығы ескідегі берекелі күндерді еске салып шүкірлікке бастаса, келешектегі Алла разылығын ойлап үмітін жалғаған. Бұл кісі – Аюб пайғамбар (а.с), сабырлықтың қаһарманы, басына қиындық келген иман иелері үшін үлгі етер ерекше тұлға.

Уа, Алла! Бізге сынақ қаласаң оны көтере алар сабырлық күшін қоса бергейсің...

Ummet.kz

Бөлісу: