25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ашуланба!

Бір аят тәпсірі
Жарнама

         Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмметіне қашан да шапағатшы, жұмсақ әрі мейірімді болған. Сол үшін де үмметін бірде жақсылыққа шақырып сүйіншілесе, енді бірде жамандықтан тыйып, оның қаншалықты нашар іс екенін баяндайтын.

Бірде жаннатпен қызықтырса, бірде тозақпен қорқытатын. Өздеріне пайдалыны үйрететін де, зиянды нәрсеге жуытпайтын. Және де Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айналасындағы адамдарға ашуланбайтын. Себебі Ол (с.ғ.с) өзгелерге үйретер нәрсесін ең алдымен өзі орындайтын. Құран Кәрім мұсылмандардың сипатын:

الَّذِينَ يُنفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ۗ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла (Т.) жақсылық істеушілерді сүйеді»–деп көрсеткен. (Али Имран 134)

 Кейде сахабалардың алдына шығып насихатын, уағызын, өсиетін айтатын, ал кейде сахабалардың (р.а) өздері келіп мазалап жүрген сұрақтарын қойып сол сұрақтарын тиянақты жауаптарын алатын. Ол жауаптар әуелгілерге шешім болса, кейінгілерге насихат болды. Қандай адам келмесін, сұрағы қандай болмасын, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үнемі байсалды болатын. Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл сипатын:

فَبِمَا رَحْمَةٍ مِّنَ اللَّهِ لِنتَ لَهُمْ ۖ وَلَوْ كُنتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لَانفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ ۖ فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاسْتَغْفِرْ لَهُمْ وَشَاوِرْهُمْ فِي الْأَمْرِ

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл» – деп баяндаған. (Али Имран 159)

Абу Хурайрадан келген хадисте осындай сұрақ қоюшылардың бірі келіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с):

حديث أبي هُرَيْرَةَ - رضي الله عنه -: أَنَّ رَجُلاً قال لِلنَّبِيِّ - صلَّى الله عليه وسلَّم -: أَوْصِنِي، قال: ((لا تَغْضَب))، فَردَّد مِرارًا قال: ((لا تَغْضَب)).

         –Маған өсиет айтыңызшы,–дегені айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

         –Ашуланба,–деген. Әлгі кісі сұрағын бірнеше рет қайталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және де:

         –Ашуланба, – деді. (Бухари)

         Сахабалар (р.а) Алла елшісіне (с.ғ.с) «маған өсиет айтыңыз» дегенде оған жақсылықтың есігін айқара ашып беретін нәрсені сұраған. Оған «Ашуланба» деген жауап берілді. Демек ашулану жағымсыз нәрсе. Ол адамның дініне де дүниесіне де қауіпті. Сол себепті де басқа жолдармен жеткен бұл хадистің жалғасында әлгі кісінің «сөйтіп Пайғамбардың (с.ғ.с) айтқанына біраз ой жібердім, сөйтсем, ашу шынында да бүкіл бәленің басы екен» дегені айтылды.

Тағы бір көңіл бөлетін тұс: әлгі адам сұрағын қанша қайталаса да Пайғамбар (с.ғ.с) бір ғана жауапты берумен болды. Бұдан шығатыны– ашу барлық жамандықтың басы, ал одан сақтану–бүкіл жақсылықтың қайнар көзі.

Жағфар ибн Мухаммад : «Бүкіл жамандықтың кілті – ашулану»–деген.

Бірде Абдулла ибн Мубаракқа: «бізге бүкіл жақсылық атаулыны бір түйін сөзге жинақташы» делінгенде ол: «Ашуланба»–деп жауап берген. Сол сияқты Имам Ахмад ибн Ханбал мен Ибн Рахауей де осылай айтқан.

Сонымен қатар Құранда ашуын тежеген адамға астынан өзендер аққан жаннатты сүйіншілеген (Али Имран 134-136). Ал хадисте: «Кімде кім ашуын алуға шамасы жете тұра ашуын тежейтін болса Алла Тағала оны жаратылыстың алдына шығарып қалаған қорды таңдауына рұқсат береді»–делінген. (Ахмад)

Ашудан аулақ жүру – құлды Алланың ризалығына жетелейді. Бұл туралы Абдулла ибн Амр (р.а) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с):

عن عبدالله بن عَمْرٍو - رضي الله عنهما -: أنَّه سَأَلَ رَسولَ الله - صلَّى الله عليه وسلَّم - ماذا يُباعدني من غَضِبِ الله - عزَّ وجلَّ؟ قال: ((لا تَغْضب))؛

 «Мені Алланың ашуынан не алыстатады?» деп сұрағанын жеткізді, сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Ашуланба»–деген. (Ахмад)

Сол сияқты Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

وجاء في حديث ابن عُمرَ - رضي الله عنهما - قال: ((ما تَجرَّعَ عبدٌ جَرْعَةً أفْضلَ عندَ الله - عزَّ وجلَّ - من جَرْعَةِ غَيظٍ يَكْظِمُها ابتغاءَ وَجهِ الله تعالى))؛

 «Құлдың Алла алдында жасай алатын ең жақсы ерлігі – Алланың дидары үшін ашуын тежеуі»–деді. (Ахмад)

Ашуды жеңу жолдары:

Ашуланбау деген – ашуға апаратын жолдарды да тосумен болады. Яғни, адамдар өзінің ашуын келтіретін орталарға жуымауы керек. Сонда ол ашуға да, күнәға да бой алдырмайды. Кей адамдар қоластындағыларына немесе отбасындағыларға болмашы нәрселер үшін ашуланып жатады. Ондай нәрселерге көңіл аудара бермеу керек. Бұл сынды нәрселерге үнсіздікпен ақ жеңуге болады.

Мухаммад ибн Абдулла әл-Хузағи Усман ибн Заиданың: «Кешірім он бөліктен тұрады, оның тоғызы көңіл аудармаудан (ашулануға себеп іздемеуден) тұрады»– дегенін Ахмад ибн Ханбалға жеткізгенде ол: «Кешірім он бөліктен тұрады, оны да көңіл аудармаумен болады» –деген.

Ал егер адам ашуға бой алдырып қойса, онда жылдам арада өзін қолға алып, істегенінің әсеріне қарап, өзін-өзі тежеуі керек. Бұған Абу Хурайраның (р.а) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с)  жеткізген:

ليس الشَّديدُ بالصُّرَعَة، إنَّما الشَّديدُ الذي يَمْلِكُ نَفْسَه عندَ الغَضَب

«Күшті деген білегімен күшті болғаны емес, шынайы күшті деген – ашуланғанда өзін ұстай алған адам» – деген хадисі куә (Бухари, Муслим).

Ашу шайтаннан. Шайтаннан Аллаға сыйыну ашуды басады:

وقد رأى النبي - صلَّى الله عليه وسلَّم - رجلاً غضبان فقال - صلَّى الله عليه وسلَّم -: ((إنِّي لأعلمُ كلمةً لو قالها لذَهبَ عنه ما يَجد، لو قال: أعوذُ بالله من الشَّيطانِ الرَّجيم))

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ашулы адамды байқап қалып, оған: «Мен бір сөзді білемін, кімде-кім оны айтатын болса ашуы кетеді, ол Ағузу билләһи минашшайтонир ражим (таспен боратылған шайтаннан Аллаға сыйынамын) деуі» деген. (Бухари)

         Сол сияқты ашулы адам отырсын деп бұйырылған. Хадисте былай делінген:

((ألاَ إنَّ الغَضبَ جَمْرةٌ تُوقَد في جَوْفِ ابن آدم، ألاَ تَرَوْن إلى حُمْرةِ عينيه وانتفاخِ أَوْداجه؟! فإذا وَجد أحدُكم شيئًا من ذلك، فالأرضَ الأرضَ، أَلاَ إنَّ خيرَ الرِّجالِ مَن كان بَطيءَ الغَضب، سَريعَ الرِّضا، وشَرَّ الرِّجالِ مَن كان سَريعَ الغَضبِ بطيءَ الرِّضا))؛ وفي حديث آخرَ: ((إذا غَضِب أحدُكم وهو قائمٌ فَلْيَجلس، فإنْ ذَهبَ عنه الغَضبُ، وإلاَّ فَلْيَضطجِع))

«Ашу деген адамның ішінде тұтанған бір шоқ емес пе? Оның қанталаған көзі мен ентелеп тыныстынғанын көрмейсіңдер ме? Егер қайсы бірің бойынан осыны байқаса жерге жақындасын, жерге жақындасын. Адамдардың ең жақсысы ашуы жай, кешірімі жылдам, ал олардың нашары ашуы жылдам, кешірімі жай болғаны емес пе?» басқа хадисте: «Егер бірің ашуланса тұрып тұрса отырсын, одан ашу кетеді, кетпесе жатсын»–делінген. (Ахмад)

Тағы бір хадисте:

((إذا غَضِبَ أحدُكم فَلْيَسكُت))

«Егер бірің ашуланса үндемесін» делінген. Салман (р.а) бір кісіге: «Ашуланба» деді. Сонда ол: «Сен маған ашуланба дейсің, ашу келгенде өзімді игере алмай қаламын ғой» –деді. Сонда Салман (р.а): «Егер ашулансаң тілің мен қолыңа ие бол» дегені жеткен.

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ашуды басуға кеңес ретінде:

إنَّ الغَضبَ من الشَّيطان، وإنَّ الشَّيطانَ خُلِقَ من النَّار، وإنَّما تُطْفأُ النَّارُ بالماء، فإذا غَضِبَ أحدُكم فَلْيَتوضَّأْ

«Расында ашу шайтаннан, шайтан оттан жаралған, от сумен сөндіріледі. Егер қайсы бірің ашуланса дәрет алсын»– деген (Абу Дауд).

Адам баласы ашулы сәтінде де тек ақиқатты сөйлеуге дағдылануы керек. Пайғамбар (с.ғ.с):

وأَسألُك كَلمةَ الحقِّ في الرِّضا والغَضب

«Сенен ашуымда да, қуанышымда да тек ақиқатты сөйлеуімді сұраймын» деп дұға жасайтын болған. (Насаи)

Хафиз ибн Ражаб (р.а) осы хадисқа баяндама жасап: «Адамның ашуланғанда да, қуанғанда да тек ақиқатты ғана айтуы өте қиын, тым сирек нәрсе. Себебі адамдардың көбі ашуға бұлыққанда не сөйлеп жатқандарына мән бере бермейді»–деді.

Адам үшін тек ақиқатты айту, әрі мағынасына жете сөйлеу өте маңызды. Абу Хурайрадан (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):

كان رجُلانِ في بني إسرائِيلَ مُتواخِيَين، فكان أحدُهما يُذنِبُ، والآخرُ مُجتهِدٌ في العِبادة، فكان لا يَزالُ المُجتهِدُ يرى الآخرَ على الذَّنب، فيقول: أقصِرْ، فوجده يومًا على ذنبٍ فقال له: أقصِرْ، فقال: خَلِّني وربِّي، أبُعِثتَ عليَّ رقِيبًا؟! فقال: واللهِ لا يغفِرُ الله لكَ، أو لا يُدخِلُك الله الجنَّة، فقَبضَ أرواحَهما، فاجتمعا عندَ ربِّ العالَمِين، فقال لهذا المُجتهد: كنتَ بي عالِمًا، أو كُنت على ما في يدي قادِرًا؟! وقال للمُذنب: اذهبْ فادخُل الجنَّة برحمتي، وقال للآخر: اذهبُوا به إلى النَّار، قال أبو هُريرةَ: والذي نفسِي بيده، لتكلَّم بكلمةٍ أوبقتْ دُنياهُ وآخرتَه

«Исраил ұрпақтарында екі ағайынды жігіт бар еді. оның бірі күнә жасайтын, ал екіншісі уақытын құлшылыққа арнайтын. Құлшылық жасаушысы екінші бауырын күнә жасап жүргенін үнемі байқап жүреді, сөйтіп оған: «доғар» дейді. Тағы бір күні күнә үстінде көріп, тағы да «доғар» дейді. Сонда әлгі күнә жасағаны:

Мені Раббыма қалдыр. Маған бақылаушы боп жіберілген бе ең?–деді. Мұны естіген құлшылыққа жақын бауыры:

Алла атымен ант етейін, Алла саған кешірім жасамайды, немесе, Алла сені жаннатқа кіргізбейді–деп қалды.

Сөйтіп екеуі де қайтыс болады. Екеуі де Алланың алдына бірге шығады. Сонда Алла құлшылыққа жақын болғанына: «Мені менен жақсы білген бе ең? Әлде менің қолымдағығаиелік еткен бе ең?»–деді. Күнә жасаған бауырына: «Сен жаннатқа мейіріміммен кіре бер»–деді. Ал екіншісіне: «Мынаны тозаққа әкетіңдер»–деді.»–дегенін естідім» –дегені жеткен. Сөйтіп Абу Хурайра сөзін ары жалғастырып: «Жаным қолында болған Алламен ант етейін, бір ғана сөзді айтып ақыретін де, дүниесін де бірдей жоғалтты»–деген. (Абу Дауд)

Осы хадиске сілтеме жасаған Хафиз ибн Ражаб (р.а) айтады: «Бұл Алла үшін ашуланған адамның жағдайы. Ашу үстінде Аллаға жараспайтын нәрсені айтты. Аллаға білмеген нәрсесін байлады. Сөйтіп Алла оның бар істегенін жоққа шығарды. Ал енді өзі үшін ашуланып, нәпсісіне еріп сөйлегендердің жайы не болмақ?!»

Ата ибн Рабах (р.а): «Бір ғана ашумен айтылып елу, алпыс бәлкім жетпіс жылдық амалды шайып жіберетін ашу сияқты екінші бір нәрсе ғалымдарды өмірлерінің соңында мұңайтпаған» – деген.

Ummet.kz

Бөлісу: