Көршінің ақысын сақтау өте маңызды. Қазақ халқы өзгенің ала жібін аттамауға аса қатты көңіл бөлген халықпыз. Ал көршіге келсек, оның әңгімесі мүлдем бөлек, оның ақысына немқурай қарауға әсте болмайды. Асыл кітабымыз Құран Кәрім бұл туралы былай дейді:
وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا ۖ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَن كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا
«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жаныңдағы жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» (Ниса 36).
Осы аятты тәпсірлеу барысында көршінің ақысы туралы Имам Қуртуби (р.а) былай деген:
«Төртінші: Алла Тағаланың «жақын көршіге, бөгде көршіге» деген сөзіне қатысты; жалпы көрші турасында Алла Тағаланың кітабы мен Пайғамбарының (с.ғ.с) сөздері арқылы оған қорған болуға, ақысына қол сұқпауға, өсиет етуге және қамқор болуға әмір еткен. Алла Тағала осы аятта кімдерге жақсылық жасалатынын баяндай келе жақын көрші мен бөгде көршіні әке-шеше мен жақындардан кейін бірден атап, оларға да дәл сондай жақсылықтың жасалу керектігін баса айтқан. Ибн Аббас (р.а) жақын көрші деген туыстығы бар көрші, ал бөгде көрші деген туыстығы жоқ көрші деп тәпсірлейді. Ал Науф әш-Шами болса жақын көрші деген мұсылман көрші, ал бөгде көрші– яхуди мен християн көрші деген.
Айтарым: көрші мұсылман не кәпір болса да онымен жақсы қарым-қатынаста болу өсиеті мәндүб (құпталған) амал екендігі дұрыс көзқарас болып табылады.
Жақсылық жасау кейде көмек тесу деген мағынада болады, ал кейде жақын араласу, зиян келтірмеу және қорғаушы болу деген мағынада болады. Имам Бухари Айшадан (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «ما زال جبريل يوصيني بالجار حتى ظننت أنه سيورثه» («Маған Жәбірейіл (ә.с) көрші туралы өсиеттері көп айтқаны сонша, мен қоңсы – қолаңды (көрші) көршінің малына мирасқор етеді деп ойладым») – дегенін жеткізген.
Әбу Шурайхтан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уаллаһи иман етпейді, уаллаһи иман етпейді, уаллаһи иман етпейді!» – деді. Оған (с.ғ.с): «Уа, Алла елшісі, кім ол?» – деп сұралғанда, «Көршісі жамандығынан аман болмаған адам» – деп жауап берді. Бұл көршілердің барлығына бірдей қатысты. Көршіге зиян келтіруге болмайтынын Пайғамбар (с.ғ.с) үш рет қатарынан ант етуімен қуаттаған. Көршісіне зиян тигізуші адам толық иман етпейді. Әрбір мұсылман адам көршісіне зиян жасаудан сақ болу керек. Себебі мұсылман деген Алла мен Оның Елшісі (с.ғ.с) тыйған нәрселерінен тыйылып, разылық танытқан, қызықтырған нәрселеріне талпынады.
Сонымен қатар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисі риуаят етілді: «Көршілер үшке бөлінеді. Бірінші көршінің үш ақысы бар, екіншісінде екі ақы, үшіншіде бір ақы бар. Үш ақысы бар көрші–туыс мұсылман көрші. Оның туыстық ақысы бар, мұсылмандық ақысы бар, әрі көрші. Екі ақысы бар көрші, ол – мұсылман көрші. Оның мұсылмандық ақысы бар, көршілік ақысы бар. Ал бір ғана ақысы бар көрші – ол кәпір адам. Оның ақысы көршілік ақы».
Бесінші: Имам Бухари Айшадан (р.а): «Пайғамбарға: «Уа, Алланың елшісі, менің екі көршім бар, қайсысына сыйлайын?» дегенімде, Ол (с.ғ.с): «Есігі саған жақынырақ болғанына» – деп жауап берді» – дегенін жеткізді.
Кей ғалымдардың айтуынша бұл хадис «жақын көрші» деген аятқа тәпсір болады, яғни жақын көрші деген саған үйі жақын болғаны дейді. Олар осыны алға тарта отырып көршіні шуфға жасау (үй сатылар болса алдымен соған ұсыну) уәжіп болады деді. Сөздерін қуаттау үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «الجار أحق بصقبه» («Көрші жақындығымен лайықтырақ») деген сөзін дәлел етті. Алайда бұл дегендері оларға дәлел болмайды. Себебі Айша (р.а) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) сыйлық бергенде қай көршісінен бастағаны жөн екенін сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) есігі жақын болғанынан бастағаны өзгелерден бастағанынан жақсырақ екенін айтты.
Ибн Мунзир осы хадиске сүйеніп көрші деп жабысып тұрған үйге ғана айтылмайды деді. Абу Ханифа осы хадистың сыртқы мағынасына сүйеніп: «Егер жабысып тұрған үйдегі көрші жабысқан үйден шуфға талап етпей (сатылған жағдайда алдымен соған ұсыну), оны одан кейінгі үйден талап етсе, алайда олардың арасын жалғап тұрған дуал мен тіке жол болмаса, онда оған бұл құқық берілмейді» – деді.
Көпшілік ғұламалар: егер адам көршіге деп өсиет қалдырса, ол өсиетке жабысып тұрған үй де, басқа үйлер де ортақ болады деді. Алайда Абу Ханифа көпшілікпен келіспеді, ол: бұл өсиет тек жабысып тұрған үйге ғана үлестіріледі деді.
Алтыншы: ғалымдар көршіліктің шегінде түрлі пікір айтты. Имам Аузағидың айтуынша әр тараптан қырық үй. Ибн Шихаб та осылай деген.
Бірде бір кісі келіп Пайғамбарымызға (с.ғ.с): «Мен бір елді мекенде тұрақтадым, алайда ондағы ең жақын көршім – маған ең көп зиян келтіретін адам» – деп шағымданғаны риуаят етілді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Абу Бәкір, Омар және Алиді мешіттердің есіктерінен «Көрші қырқыншы үйге шейін емес пе?! Көршісі зиянынан аман болмаған адамдар жаннатқа кірмейді» деп жар салуларына бұйырды.
Али ибн Абу Талиб (р.а): «Кім шақыруды естісе сол көрші» деді. Бір топ адам: «Кім намазға иқамат айтылғанын естісе ол сол мешітке көрші болып табылады» деді. Тағы бір топ: «Кімде-кім біреумен бір ауылда немесе бір қалада өмір сүрсе ол соның көршісі болады. Алла Тағала:
لَّئِن لَّمْ يَنتَهِ الْمُنَافِقُونَ وَالَّذِينَ فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ وَالْمُرْجِفُونَ فِي الْمَدِينَةِ لَنُغْرِيَنَّكَ بِهِمْ ثُمَّ لَا يُجَاوِرُونَكَ فِيهَا إِلَّا قَلِيلًا
«Егер мұнафықтар, жүректерінде дерті болғандар және қалада уайымды өсек тарқатқандар (істерінен) тыйылмаса, әрине сені оларға үстем етеміз. Сосын олар қалада саған аз заман көрші болады» деді. Осылайша Алла Тағала олардың Мадинада шоғырласуларын көрші болу деп көрсеткен» – деді.
Көршіліктің де дәрежелері бар, бірі екіншісінен жақынырақ.
Жетінші: көршіге ас ұсынып құрмет таныту туралы Имам Муслим Абу Заррдан (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с):
يا أبا ذر إذا طبخت مرقة فأكثر ماءها وتعاهد جيرانك
«Әй, Абу Зарр, егер сорпа істесең суын молырақ қос, көршілеріңе де ұластыр» деген хадисін жеткізді. Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көркем мінезге қызықтырды. Бұл амалдың ішінде сүйсіндіру, жақсы қарым-қатынас құру, қажетін өтеу және бүлінудің алдын алу бар. Себебі көршің үйіңде жасалып жатқан тамақтың иісін сезіп дәметер, бәлкім үйінде тәбеті тартқан нәрседен өзін тыя алмайтын кіші балдары бар шығар. Балаларға қамқорлық жасап отырған адам үшін балалардың қалағанын ұсыну ауыр келуі мүмкін. Ал егер бұл қамқоршы әлсіз немесе жесір әйел болса, онда ол ауырлық үстіне ауырлық болып, қасіретке де ұласуы мүмкін. Кей әңгімелерге сүйенсек Юсуфтан айрылған Яғқубтың (а.с) жазасы да осы болған екен. Бұның бәрі асқа ортақ болудан туындайды. Осы мағына үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сыйлық беруді жақынырақ көршіден бастауға бұйырған. Себебі ол үйіңе не кіріп, не шығып жатқанын көреді. Көрген соң ортақтасуды қалайды. Сонымен қатар, жағдай өзгеріп басыңа күн туса, ол да қажеттілігіңді өтеуге асығатын болады. Осы үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйі жақын болса да есігі жақынырағы деп ерекшелеп айтқан. Ең дұрысын бір Алла ғана біледі.
Сегізінші: ғұламалар Пайғамбар (с.ғ.с) «суын молырақ қос» деп жағдайы төмен адамдарға бағыттап істі жеңіл көрсету үшін астарлап айтқан дейді. Сол үшін құны ақшамен бағаланбайтын нәрсені айтқан. «егер сорпа істесең етін молырақ қос» десе оған көп адамдардың шамасы келмес еді.
Тоғызыншы: көршіге жылы ілтипат жасаудың тағы бір түрі – көңілі үшін ағаш отырғызуына кедергі болмау. Алла Елшісі (с.ғ.с): «لا يمنع أحدكم جاره أن يغرز خشبة في جداره» («Егер көршілерің дуалына ағаш отырғызса оған қарсы болмаңдар!»)–деген.
Оныншы: Муғаз ибн Жәбәл (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбар (с.ғ.с) көршіге жасалар жақсылықтарды жинақтап айтқан. Онды былай делінеді: «Бірде Алла елшісіне (с.ғ.с): «Уа, Алланың елшісі, көрші ақысы деген не?» –дедік, сонда ол: «Егер қарыз сұраса бересің, көмек сұраса көмек тесесің, қажеттілігі туса өтейсің, егер ауырып қалса зиярат етесің, қайтыс болса жаназасын шығаруға қатысасың. Егер жақсылыққа кенелсе қуанасың,құттықтайсың, ал басына қиындық келсе мұңаясың, көңілін сұрайсың. Егер оны дәмдес етпесең қазаныңнан шыққан иіспен қызықтырмайсың, рұқсатынсыз оны көлеңкелеп қоятын, жел өткізбейтін үлкен дуал соқпайсың. Егер жеміс алсаң, оған да сыйлық жаса, я да үйіңе көрсетпей алып кір, балаң да ол жемістен сыртқа алып шықпасын, көршінің баласының көзін қызықтырмасын! Мына айтқанымды түсіндіңдер ме? Көршінің ақысын Алланың мейірімі ауған аздаған адамдар ғана өтей алады» –деді».
Он бірінші: атап өткеніміздей көршіге құрмет барлық көршілерге бірдей қатысты, ол тек қана мұсылмандарға қатысты делінбеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құрбандықтың етін таратып жатқанда Айшаға (р.а): «Яхуди көршімізден баста» – деген. Сол сияқты Абдулла ибн Амр (р.а) үйінде қой сойылғанда: «Яхуди көршімізге үлестірдіңдер ме?» – деп үш рет сұрап – «Алла елшісінің (с.ғ.с): («Маған Жәбірейіл (ә.с) көрші туралы өсиеттері көп айтқаны сонша, мен қоңсы – қолаңды (көрші) көршінің малына мирасқор етеді деп ойладым» – дегенін естідім» – деген.
Он екінші: Алла Тағаланың «бөгде көршіге», яғни сапардағы жолдас дегені. Имам Табаридің келтірген хадисінде былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с) сахабаларының бірімен бөлек-бөлек көлікте келе жатқан еді. Алла елшісі (с.ғ.с) баудың ішіне кіріп кетті де ол жерден екі шыбық сындырып алды. Ол екеуінің бірі қисық еді. Баудан шыққаннан кейін Алла елшісі (с.ғ.с) екі шыбықтың түзуін қасындағы кісіге берді. Ол: «Уа, Алла елшісі, сіз бұл түзу шыбықты өзіңізге қалдырғаныңыз жөн еді ғой» – дегенде Алла елшісі (с.ғ.с): «Әй, пәленше, егер екі адам сапарда серіктес болса, әрі серіктестіктері аз ғана уақытқа созылса да, осы уақытта бірі екіншісіне жауапты болады» – деді.
Рабиға ибн Әбу Абдурахман айтты: «Сапардың өз әдебі бар, сол сияқты тұрғылықты жердің де өз әдебі бар. Сапардың әдебі: тамағыңмен бөлісу, серіктеріңмен сөз таластырмау, Алланың ашуын оятпайтын әзілдерді молырақ айту. Ал тұрғылықты жердің әдебі: мешітке жиі бару, Құран оқу, Алла жолында көп бауырлы болу».
(Материал Имам Қуртубидің тәпсірінен қысқартылып алынды)
Ummet.kz