25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дінді ұстануды қай кезден бастау керек?

Дінді ұстануды қай кезден бастау керек?

Ғибратнама
Жарнама

Бұл сұрақтың жауабын Айман жүрген жерінде айтып жүреді. Түсіндіре алды ма, алмады ма, оған қарап жатпайды. Шамасы жеткенше түсіндірумен болады.

Ең бастысы ықыласы зор. Әсіресе, құдайға сенсенбейтін адамды көргенде, оған көбірек айтуға тырысады, себебі оларға жаны ашиды.
Ол «Имансыз ғұмыр кешу неткен аянышты» деп, ондай адамдарға бірінші кезекте жәрдем берудің жолын іздейтін. Айман кіммен сөйлессе де оған ерекше құрмет көрсетіп, асты-үстіне түсіп, іші-бауырына кіріп алатын. Бірақ кей кісілер оны жақтырмайтын. Сондай сәттерде Айман: «Түсінбесе, амал нешік, біз Алланың разылығы үшін түсіндіреміз. Алла қаласа, сауабымыз арта түседі», – деп өзін жұбатып қоятын. Еш меселі қайтпайтын.
Айман бірде үлкен кісімен пікір таластырып қалады. Ол кісі сыныптасы Айгүлдің әкесі болатын. Айгүлдің үйіне барып, екеуі бірге сабақ оқиды. Бір уақытта намазға дайындалады. Сөйтіп намаз оқып тұрғанда, Айгүлдің әкесі келіп қалады. Ол намазын бітіргеннен кейін, Айгүлдің әкесімен дін төңірегінде біраз әңгімелеседі. Алайда әңгіме ұзаққа созылады. Әлгі кісі Айманның намаз оқуды тым ерте бастағанын айтып:айтып:
– Сен әлі жассың, мұндай кезде адам намаз оқи ма? – дейді. Айман болса:
– Ажалдың қашан келетіні белгісіз, сондықтан намаз оқуды жастай бастап кеттім. Негізі, намаз оқу Алланың бұйрығы болғандықтан, Алла бұйырған уақыттан бастау қажет емес пе? – деп жауап береді. Айгүлдің әкесі пікірталасты жақсы көретін адам болып шығады. Ол сөзін әрмен қарай жалғап:
– Қалай жалықпайсың? Намазды бір күнде бес рет оқисың ба? Тым көп. Көп ұзамай бұдан жалығасың әлі. Сөйтіп, намазды әлі-ақ тастап кетесің, – дейді. Бұл сөзге Айман әдетінше ерекше байсалдылық танытып, әдептен озбай былай деп жауап қатады:
– Намаз – рухымыздың азығы. Раббымызды еске алудың ең оңтайлы жолы. Біз Раббымызбен байланыс жасауға аса мұқтажбыз. Қажеттілік үнемі қайталанып отырғандықтан, оны өтейтін істі де қайта-қайта жасау жалықтырмаса керек. Қайта керісінше бұл адамға ләззат береді. Мәселен, сіз күніне үш мезгіл тамақтанудан жалығасыз ба?
Әлгі кісі бұл сөзден кейін үнсіз қалады. Айман сөзін әрі қарай жалғастырады:
– Күніне үш мезгіл тамақтанудан жалықпайсыз. Өйткені қарныңыз жиі-жиі ашып, тамаққа деген қажеттілік қайталанып отырғандықтан, оны қанағаттандыруды да мезгілімен қайталап отыру қажет. Олай болса, рухымыздың қажеттілігін қайтпекпіз? Біз тек тәннен тұрамыз ба сонда? – дейді. Айман пікірталасты тым созып жібермейін деп, өлеңдер жазылған дәптерін ашып, бір өлеңді оқи бастады. Пікірталастың аяғы уағыз-насихатқа айналып барады. Соңында Айгүл мен анасы және әкесі – барлығы риза болысты. Айгүлдің әкесі оған:
– Қызым, жарайсың! Иманыңнан айналдым. Намазың да бар, әрі иманның мәнін терең түсінетін білімің де бар. Менің зейнеткерлікке шыққан дос-тарым бар. Намаз оқиды, бірақ көбі мына сен айтқан нәрселердің ешбірін білмейді. Менімен таласқанда, бұлқан-талқан болып ашуланады, тіпті төбелесе жаздайды.
Осы сәтте Айманның жан дүниесін қуаныш кернеді. Ол ішінен «Бұл кісіге енді намаз оқытуға болатын секілді. Кейінірек намаз жайлы кітап сыйлаймын» деді.

материал «Тәрбие сағатынан естеліктер» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: