28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Адам тағдырының жазылу мәселесі

Адам тағдырының жазылу мәселесі

Ақида
Жарнама

Алла Тағаланың шексіз ілімі – өткенді, қазіргіні және келешекті де бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан еш нәрсе тыс қалмайды. Құранда бұл мәселе жайында көптеген аяттар бар. Мысалы: «Алла олардың істегендерінің бәрін толық біледі» (Нұр сүресі, 41). «Алла олардың өткенін, келешегін біледі. Өзгелер оны толық білмейді» (Таһа сүресі, 110).

Мәселе осылай болған соң әлемдегі болып кеткен, болып жатқан және болатын барлық нәрсе Алланың қазасы мен тағдырына сәйкес жүреді. Ешқандай тіршілік иесі Алланың Ләуһу Мах- фузында жазылған иләһи тағдырының шеңберінен тыс әрекет ете алмайды. Күллі мақлұқат әлемінің тағдыры әуел бастан Ләуһу Махфузда жазылғандықтан, әлбетте әрбіріміздің де тағдырымыз сонда жазылған. Ләуһу Махфуз тағдыр кітабының негізгі нұсқасы болып, барлық болатын һәм болған нәрселер сонда жазылады. Құранда бұл жайында былай дейді: «Мұхаммед оларға айт: «Бізге Алланың жазғаны ғана болады» (9.Тәубе-51). «Жазуда еш нәрсені қалдырмадық» (6.Әнғам-38). Сондықтан Ләуһу Махфуздағы «Ана кітап» (Уммул китаб) негізге алына отырып, басқа кітаптар мен дәптерлерге Аллаһтың әмірімен періштелер көшірме жасайды. Яғни, әрбір адамның тағдыры осы ана кітаптан жекелеген кітаптар мен дәптерлерге көшіріледі. Мысалы, біз мұны мемлекеттің азаматтарына жеке басын тұлғаландыратын құзырлы мекеме тарапынан қолымызға берілетін куәлікті осы мәселеге ұқсатсақ, түсінікті болар деп ойлаймыз. Әрбір азаматтың негізгі құжаттары құзырлы мекемедегі тіркеуде тұратыны белгілі. Қажет кезде сол түпнұсқадан көшірме жасалынады. Ал көшірме мен түпнұсқаның арасында пәлендей айырмашылықтың болмасы түсінікті жайт. Сол секілді кез‑келген тіршілік иесінің тағдыры Алла Тағаланың Ләуһу Махфузына жазылған соң оның көшірмесін періштелер жасайды.

Адам тағдырын ана жатырында жатқан кезде жазатындығын мына хадис баян етеді. «Сіздерден әрбіріңіздің жаратылысы былай бо-лады: Қырық күн мәни болып ана жатырында күтеді. Содан кейін ұйыған қан болып қырық күн тұрады. Содан бір түйір ет болып, тағы қырық күн тұрады. Содан кейін Алла Тағала төрт сөзбен бір періште жібереді. Ол періште оның а) өмірін, ә) рызығын, б) амалының жаман немесе в) жақсы болатындығын Ләуһу Махфузға жазады. Жақсы деп жазған кісі алғашқыда тозақилардың амалын жасайды. Тіпті жаман әрекет жасап тозақпен екеуінің арасы өте жақын қалады. Бұл кезде кітаптағы үкім оның бағытын, тағдырын өзгертіп үстем келеді. Сөйтіп, жәннәтқа баратындардың амалын жасауға көшеді де, ақырында жәннәтқа кіреді. Ал жаман амал жасап тозаққа баратын кісі болса әуелде жәннәтқа апаратын амал жасайды. Тіпті онымен жәннәт арасы өте жақын қалғанда, кітаптың үкімі оның әрекетіне үстем келеді. Сөйтіп, тозаққа баратындардың амалын жасайды. Осылайша тозаққа барады» (Бухари, Муслим риуа- яты). Адам сайып келгенде, бұл дүниеде ешқандай мәжбүрлікке түспестен тек өз қалауымен тағдырда жазылған нәрсені ғана істейді.

Бірақ, бұл жерде адамның жасаған амалдарының оның ерік-жігері мен қалауынан туындайтынын назарда ұстауымыз керек. Яғни, адам белгілі бір істі жасауды қаласа, Алла Тағала оның сол қалауына сай сол істі жаратады. Жоғарыда Алла барлық нәрсені әуел бастан біліп, тағдырға жазып қойған дедік. Бірақ, бұл жерден «біздің іс‑әрекетіміз әлмисақтан белгіленіп қойылған екен, біз соны тек қайталап шығады екенбіз» деген түсінік туындамауы керек. Себебі, мәселе бұл жерде тіптен бұлай емес. Асылында, Алла қиямет қайымға дейінгі күллі тіршілік иесінің, адамзаттың не істейтіндігін, қандай жолды таңдайтындығын өте жақсы біледі. Бірақ, біздің әрекетіміз Алланың әлгіндей барлығын білетіндігі үшін жасалмайды. Керісінше, біздің қандай іс-әрекет жасайтындығымызды Алла әуелден-ақ біліп, тағдырымызды солай белгілеген. Мысалы, күн мен айдың қашан тұтылатындығын ғалымдар алдын ала арнайы құралдар арқылы есептеп, пәлен уақытта тұтылатындығын айтады. Енді осы жерде аздап ойланып көрейікші, сонда күн ғалымдардың айтып, жоспарлап қойғандығынан тұтылды ма? Әлде ғалымдар күннің тұтылатындығын есептеп білгендігі үшін дәл сол уақытта тұтылды ма? Әлбетте, бұл жерде ғалымдар айтсын, айтпасын күннің сол уақытта тұтылары хақ. Ал бірақ, мұнда ең маңыздысы ғалымдар күннің дәл сол уақытта тұтылатындығы анық білгендіктен әлгі уақытты белгілеп айтып отыр.

Сол секілді метеорология орталығы ертең қар жауады десе, қардың солардың айтқандары үшін жаумайтыны өз‑өзінен түсінікті. Міне, дәл осы мысалдар іспетті біз де Алланың жазып қойғандығы үшін амал етпейміз. Біздің қалай амал ететінімізді Алла әуел бастан біледі. Ал біз өз қалауымызбен амал етеміз де сол Алланың иләһи ілімімен межелеп қойған тағдыр жазуымызды табамыз. Хазіреті Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Алла сендердің әрбіріңнің жәннәттағы немесе тозақтағы орындарыңды жазып қойған. Оның жаман не жақсы болғандығы да жазылған. Сонда бір адам: «Уа, Алланың Елшісі тағдырымыз белгілі екен әуелде жазылған маңдай жазуымызға сеніп, амал етуді тәрк етсек қалай болады? - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Жақсы адам жәннәттың амалын істейді. Жаман болғандар тозақтықтардың амалын істейді. Сендер амал етіңіздер. Әркім не үшін жаратылған болса соған жетеді. Жақсы адамға жәннәттықтардың амалы жеңілдетіледі», - деді» (Бухари, Жәнәйз 83; Мус- лим, Қадар-1).

Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: