25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сурдың үрленуі және қияметтің басталуы

Ақида
Жарнама

Сур сөзі - сырнай, үрлегенде дыбыс шығаратын, дауыс шығару деген ұғымдарды білдіреді. Шариғаттағы Сур сөзінің мағынасы болса

ақырзаманның болуымен қияметтің басталуы, тіршіліктің тоқтауы және қиямет қайым болғаннан кейін бүкіл адамзат атаулы Аллаға есеп беру үшін махшар алаңына жиналумен қайта тірілу уақытын білдіру мақсатында Исрафил періште тарапынан сурды (сырнай) үрлеп, белгі беру. Бұл сур қандай болады деген сұраққа мына бір хадиспен жауап беруге болады: Абдулла ибн Аббастан риуаят бойынша, бірде бәдәуидің бірі Хазіреті Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Сур деген не?»,- деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қияметтің хабарын беру үшін үрленген кезде дыбыс шығаратын құрал»,- деп жауап береді. (Тирмизи, Қиямет, 8 бөлім, 2430 хадис). Олай болса, Сурдың шынайы болмысын жалғыз Алла білгендіктен біздер айтылған күйіне сеніп, басқаша жорамалдау, болжау секілді пікір айтуымызға болмайды.

Құранның хабар беруі бойынша, Исрафил періште сурға екі рет үрлейді. Бірінші үрлегенде жер бетіндегі тіршілік тоқтайтын қиямет сілкінісі болады. Екінші рет үрлегенде адамзат қабірінен қайта тіріліп шығады. Енді осы бірінші сур үрленген кезде болатын көріністің қалай болатындығын Құраннан тыңдайық: «Сур үрілген күні Алла қалаған біреулерден басқа көктерде болғандар да, жерде болғандар да үрейленеді. Сондай-ақ барлығы Алланың алдына сүмірейіп келеді» (27.Нәмл-87). «Сонда бір рет сур үрілген сәтте жер мен таулар көтеріліп, соғылып күйреген сәтте. Міне, сол күні қиямет уақиғасы болады. Сол күні көк жарылып, босайды» (69.Хаққа, 13-16). Қиямет-қайымның қалай болатындығы жайында алдыңғы тақырыпта айтып өткендіктен, Сур үрілген соң, сол айтылған құдірет күшімен болатын уақиғаны көз алдыңызға ойша елестетін болсаңыз, қаншалықты жан түршігерлік қорқыныш екендігін сезінесіз. Ол кезде жер түгіл аспан әлеміндегі періштелер де қорқып, жан тапсырады.

Ал сурға екінші рет үрлену – қайта тірілудің басталғанын білдіреді. Адамдар қалай өлген болса, солай тіріліп, махшар алаңына жиналып, Раббыларына есеп береді. Аятта: «Сур үрілсе сонда олар қабірлерінен тұрып, Раббыларына жүгіреді» (36.Ясин-51). «Сур үрілгенде Алланың қалағанынан басқа көктердегі жан иелері, жердегі жан иелері жығылып өледі. Сосын екінші рет сур үріледі де сонда олар тұрған бойда қарап қалады» (39.Зумәр-68).

Исрафил періштенің сурға екі рет үрлейтіндігі анық болғанымен екі сур арасында қанша уақыт өтетіндігі белгісіз. Әбу Хурайрадан риуаят етілген бір хадисте де бұл мәселе ұмыт қалған. Яғни, Хазіреті Пайғамбарымыздың: «Сурға екі рет үрлейді. Осы екі рет үрлеудің арасында қырық уақыт бар», деп айтқанын жеткізгенде, тыңдаушылар Әбу Хурайрадан: «Әй, Әбу Хурайра, қырық күн бе?» - деп сұрайды.

- Білмеймін, - дегенде:

- Қырық ай ма? – деп сұрайды. Тағы да:

- Білмеймін, - деп жауап береді. Ол жердегілер:

- Әлде қырық жыл ма? – дегенде:

- Білмеймін, - деп жауап қайырады» (Бухари, Тәфсир 39 сүре; Муслим, Фитән 28; Әбу Дәуіт, Сүннет-22).

Осы екі сур арасында қабірде жатқан кәпірлер мен мунафиқтар және күнәһарлар қабір азабынан босатылады. Екінші сур үрлегенге дейін ұйықтап, тынығатындығын мына аяттан білеміз: «Әттең-ай, бізді жатқан жерімізден кім тұрғызды? – дейді. Міне мейірімді Алланың уәдесі. Пайғамбар да шын айтқан еді» (36.Ясин-52).

Ғасырымыздағы кейбір оқымысты мұсылмандар сур оқиғасын атом бомбасына теңейді. Қияметті, сур үрілген кездегі болатын оқиғаны атом бомбасы кезіндегі жарылысқа балап, өздерінше түсіндіруге тырысады. Алла мұндай адасушылық пен түсініктен сақтасын. Қиямет пен сур оқиғасын аят пен сахих хадистерде анық, тайға таңба басқандай етіп айтылғандықтан, біз соған иман етіп, басқаша қырынан жори алмаймыз.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: