26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кез келгеннің пәтуа беруге құқы жоқ

Кез келгеннің пәтуа беруге құқы жоқ

Мақалалар
Жарнама

Барша мұсылман жұртшылығының асыға күтетін, қасиетті Рамазан айының басталуына да санаулы күндер қалды. Рамазан айының қадір-қасиеті туралы БАҚ құралдарында және әлеуметтік желілерде көптеген мазмұнды мәліметтер таратылуда. Тіпті оразаға қатысты кейбір мәселелерге әртүрлі пікірлер айтылып, өзінше пәтуалар да берілуде.

Ертеректе ғұламалардан бірі, медреседе дәріс беретін ұстазға шәкірттерін нұсқап: «Бұларға не үйретіп жатырсың?» деп сұрайды. Сонда ұстаз: «Сарф, фиқһ, хадис» деп бірталай ғылымды тізбектей жөнелтіпті. Сонда әлгі ғалым басын шайқап: «Жо-оқ! Бұларға бәрінен бұрын «білмеймін» деуді үйрет» деген екен.

Бір күні Имам Мәлікке бір мәселе жайлы сұрақ қойылады. Ұлы Имам «білмеймін» деп жауап береді. «Негізінде бұл жеңіл, әрі оңай мәселе еді ғой» дегенді естігенде, Имам Мәлік ашуланып: «Ғылымда жеңіл нәрсе жоқ. Алланың: «Әлбетте, Біз саған ауыр бір сөз уахи етеміз» (Мүзәммил сүресі, 5-аят) деген аятты естімедің бе? Сондықтан, ғылымның барлығы — ауыр. Әсіресе, қиямет күні сұраққа тартылатын ғылымыңыз» дейді.

Осы жоғарыда айтылып өткен екі оқиғада да төмендегі мәселелерді аңғарамыз: Діни мәселелерде пәтуа беретін адам білмейтін тақырыбында ешнәрсе айтпауы тиіс. Ең болмағанда іздестіріп, зерттеп, «кейін жауабын беремін» деуі керек. Бұл нағыз ғалымға, ақылдыға жарасатын қасиет. Ал енді білгіштеніп, әр мәселеде пәтуа беретін болса зиянға ұшырауы мүмкін. Алла Тағала: «Жаңылыс пәтуа беріп, адамдардың қате істеуіне себеп болдың» деп айыптағанынан гөрі бүгін адамдардың «ешнәрседен хабары жоқ» деп, бұл дүниеде айыптағаны мың есе артық емес пе?

Өкінішке орай, қоғамда кейбір азаматтарымыз дін маманы болмасада оңды-солды пәтуа беруі белең алып бара жатқан секілді. Бұл исламның ешбір ғылымына  сай келмейді. Керісінше дұрыс емес пәтуа беру арқылы көптеген адамдардың өмірін ойран ету зұлымдығы ғана тұр.

Жалпы пәтуа – дінді заманауи қоғаммен жалғайтын дәнекер секілді. Жаңылыс пәтуалар қоғамның, білім ғылымның алға жылжуына көптеген кедергілер келтіреді, тіпті, қауіпті. Қауіпті дейтініміз сырттан келген талай теріс пәтуалар кейбір жастарымызды лаңкестік ұйымдарға қосылуына себеп болды. Сондықтан біздің үмметіміздің имамдары, адам пәтуа беру құқығына ие болуы үшін, оған өте қатаң талаптар қойғанын естен шығармауы қажет.

Елімізде бір ғана пәтуа беретін орын бар, ол — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Пәтуа беруге қатысты ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің хатшысы Ершат Оңғаров kazislam.kz порталына берген бір сұхбатында:

«Пәтуа Құранға, сүннетке, ижмағқа (мұсылман ғұламаларының бір мәселе төңірегіндегі көзқарастарының бір нүктеге шоғырлануы), қиясқа (ұқсастық бойынша үкім шығару) негізделеді. Яғни, пәтуа шығару процесінде бірқатар критерийлер болады. Енді бірі – салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен санасу. Мәселен, бір қоғамға шығарылатын пәтуа келесі біріне жарай бермейді. Мекке мен Медина халқының дін ұстануын, мұсылмандық деңгейін басқа елдермен салыстыра алмаймыз. Өйткені ол – Құран түскен жер, Пайғамбарымыздың ﷺ мешіті бар. Тұрғындарының түгелі – мұсылман. Қазақстан секілді көпконфессиялы, көпұлтты елдерге Меккенің пәтуасын жүргізуге келмейді. Бір тақырыптағы пәтуа қоғамына, заманына қарай өзгеруі мүмкін», деген болатын.

Демек, діни терең мәселелер бойынша пәтуа беру біздің емес мүфтияттың негізгі жұмысы болып табылады.

Тұрар Әбуов

Дінтанушы

kazislam.kz

Бөлісу: