26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жасанды кірпік және тырнақ жалғаудың үкімі

Жасанды кірпік және тырнақ жалғаудың үкімі

Мақалалар
Жарнама

بسم الله الرحمن الرحيم الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Қазіргі таңда көптеген мұсылман әйелдердің жасанды кірпік пен тырнақ жалғауы әдетке айналуда. Ислам шариғатында тырнақ жалғау былай тұрсын тырнақты өсірудің өзі күнә.

Сахаба Әнас ибн Малик: «Бізге мұртты қысқартуды, тырнақ алуды, қолтық және әурет түктерін жұлуды қырық күннен асырмау бұйырылды», – деген[1].

«Раддул мұхтар» кітабында: «Ең дұрысы апта сайын тырнақты алу, мұртты қысқарту, әурет түгін қыру, денесін жуу керек. Болмаса, бұл істер 15 күнде жасалуы тиіс. Қырық күннен асыру – күнә»[2], - делінген.

Ал бет әлпеті отқа күйіп, кірпігі жойылып, көріксіз жағдайға дұшар болса немесе ауруға шалдығып, кірпіктері түсіп қалса, сондай-ақ тырнақтары түбімен алынып кетсе, осы сынды зәрулік жағдайларда жасанды кірпік және тырнақ жалғауға рұқсат етіледі. Шариғатымыз адамның ағзасында қандай да бір ақау, науқастық пайда болса, оның емделу жолын қарастыруды міндеттейді[3].

Алайда, кірпікті немесе тырнақты жәй сәндік мақсатында жалғаса, ол жайында ғұламалар бірауыздан харам деген үкім берген[4].

Өйткені ол Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып саналады. Хадисте:

لَعَنَ اللَّهُ الْوَاشِمَاتِ وَالْمُسْتَوْشِمَاتِ وَالنَّامِصَاتِ وَالْمُتَنَمِّصَاتِ وَالْمُتَفَلِّجَاتِ لِلْحُسْنِ الْمُغَيِّرَاتِ خَلْقَ اللَّهِ

«Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салдырушыны, қас теруші және қас тергізушіні, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды және Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді»[5], - делінген. Сондай-ақ бұл мәселе шариғатымызда тыйым салынған шаш жалғау мәселесі қатарына жатады. Келесі хадисте: «Алла Тағала шаш жалғаушыны да, жалғағанды да лағынеттеді», - деген[6].

Бұл – жасанды кірпік және тырнақтың шариғаттағы үкімі. Оның дәретке байланысты үкіміне келсек, кірпік шариғатымыз белгілеген бетті (яғни, тігінен – маңдайдың шетінен бастап иектің астына дейін, ал көлденеңінен – оң құлақтың жұмсағы мен сол құлақтың жұмсағына дейінгі аралығын) жуудың аясына кіреді. Сонымен қатар қолдың құрамына кіретін тырнақты да жуу – парыз. Жасанды кірпік пен тырнақты зәрулік жағдайға байланысты қойған болса әрі ол су өткізбейтін, сонымен қатар қайта алынбайтын нәрсемен жасалынса, онда сол жасанды кірпік пен тырнақты жуумен шектеледі. Мұнымен дәреттің парызын орындаған болып саналады. Егер жасанды кірпік пен тырнақты ешбір қиындықсыз алуға мүмкіндік болса, онда оларды алып, ол жерді сумен жуады және қайта орнына қояды[7].

ҮКІМ

1. Сәндік мақсатта кірпік не тырнақ жалғауға тыйым салынады.

2. Тырнақты апта сайын алу – мұстахап. 40 күннен асыру – харамға жақын мәкруһ.

3. Зәрулік жағдайда жасанды кірпік және тырнақты қоюға рұқсат етіледі.

4. Зәрулікке байланысты қойылған жасанды кірпік пен тырнақты алуға мүмкіндік болмаса, дәрет алғанда оны жуумен шектеледі. Алайда алудың жолы болса, кірпік пен тырнақты алып, орнын жуу міндет. 

fatua.kz


[1] Сахих Муслим, №4422, 1/222. 

[2] «Раддул мұхтар», 3/66. 

[3] Усама ибн Шәриктен жеткен риуаятта, ол былай дейді: «Шөл далада өмір сүретін бір араб келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәрі ішіп, емделсек бола ма?» – деп, сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, расында, Алла әрбір дертті шипасымен қоса түсірді немесе тек бір ғана дерттен басқасының емін жаратты», – деп жауап берді...» (Сүнән Тирмизи, №2038, 4/383). 

[4] «Қадая фиқһия муасара», әл-Азһар университеті, 1/34. 

[5] Сахих Бухари, №4886, 8/630, Сахих Муслим, №2125, 14/105-107.

[6] Сахих Муслим, №2122.

[7] «Раддул мухтар», 1/272, «Әл-жамиғ ли ахкам әл-Құран», 12/207-208, «Шарху раудат ат-талиб», 3/109, «Әл-муғни», 6/558-559, «Әл-инсаф», 1/452.

Бөлісу: