26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Таһажжүд намазының артықшылығы

Таһажжүд намазының артықшылығы

Мақалалар
Жарнама

Таһажжүд сөзінің араб тіліндегі сөздік мағынасы – ұйықтамау, сергек болу дегенді білдіреді. Шариғаттағы мағынасына келер болсақ, Алла ризалығын алу ниетімен түннің бір бөлігінде намаз оқу. Таһажжүд нәпіл намазы ретінде Алладан мұсылмандарға берілген қосымша ғибадат. Оны орындаған кісі Алладан сауап алады да, орындамағанға күнә жоқ.

Тәһәжжүд намазы жайында біршама аяттар мен хадистер бар. Сол аяттарға назар аударып көрейік. Алла Тағала Құран Кәрімде Мұхаммед пайғамбарға ﷺ «Мүззәммил» сүресінің 20-аятында: «Сөз жоқ, Раббың, сенің әрі сенімен бірге болғандардан бір топтың, түннің үштен екісіне жақынырақ, жартысында, үштен бір шамасында намазға тұрғаныңды біледі», - деп хабар береді. Басқа бір аятта таһажжүд жайында: «Шын мәнінде түнде тұру, нәпсіге әсерлі, оқуға қолайлы»[1], - делінген. Сондай-ақ Құран Кәрімде: Жаратушы Алла Тағала Мұхаммедке ﷺ: «Түннен оянып озіңе тән нәпіл оқы»[2], - деп бұйырған.

Ал енді Құран тәпсіршілері, Алланың Пайғамбарға ﷺ түнгі намазды оқуға бұйыруына байланысты хикметті былай деп түсіндіреді. Әсілі, Алла Тағала пайғамбар Мұхаммедтің ﷺ барлық күнәларын кешірген. Алайда Алла Тағала Пайғабарымыздың ﷺ оқыған таһажжүд намаздары арқылы оның ақыреттегі дәрежесін көтереді. Осыған байланысты, жоғарыдағы аяттар Алла Елшісіне ﷺ қарата айтылған сөз болғанымен, оның мағынасы барша мұсылман үмметіне тікелей қатысты екендігін түсінуіміз қажет. Өйткені, Пайғамбарымыздың ﷺ оқыған түнгі намаздары үшін оның ақыреттегі дәрежесі көтерілген болса, ал барлық мұсылман үмметіне таһажжүд намазын оқу – өздерінің жасап қойған күнә-қателіктерінің кешірілуіне себеп болатын амал болып табылады.

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Жаратушы Алла құлдарына көбірек сауап алуларына үнемі мүмкіндік береді. Әбу Хұрәйра (р.а.) Алла Елшісінің ﷺ былай дегенін жеткізеді: «Түннің соңғы үштен бір бөлігі болғанда Алла Тағала әр түні дүние аспанына түсіп (затымен емес): Кім маған жалбарынуда жауап берейін, кім менен сұрауда сұрағанын берейін, кім менен кешірім сұрауда кешірейін дейді»[3]. Басқа риуаятта Али ибн Әбу Тәліп (р.а.) осы хадиске ұқсас Имам Ахмад келтірген хадисті жеткізеді. Аталмыш хадисте Жаратушы Алла бейсенбіден жұмаға қараған әр түнінде, ал қалған түндердің соңғы үштен бір бөлігінде дүние аспанына  түсетінін (затымен емес) және тәубе етушілердің, жақсылық жасаушылардың бар-жоғын сұрайтыны жайында айтылған. Демек, жоғарыда келтірілген екі хадистен түсінетініміз, мұсылмандарға таһажжүд намазды оқу аса қажет амал. Кімде-кім таһажжүд намазына байсалдылықпен қараса, онда Алла Тағала ондай пенделерінің күнәларын кешіріп, тәубелері мен жасаған ізгі амалдарын қабыл алуына бірден-бір себеп болмақ. Кейбір ғалымдар түннің соңғы бөлігінде дұға жасап Алладан кешірім сұрау ең ыңғайлы уақыт деп есептеген. Ибн Масғұд (р.а.) Жақып Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) балаларына кейінірек сендер үшін Алладан кешірім сұраймын деп айтқан кезінде, ол өзінің дұғасын таңсәріге қалдырғаны жөнінде хабар келтіріледі.

Таһажжүд намазы мұсылманды Аллаға шүкір етуге тәрбиелеп, тақуалыққа апаратын амалдардың бірі. Муғира ибн Шұғбаның (р.а.) Алла Елшісі ﷺ жайында былай деп айтқаны риуаят етіледі: «Ұзақ уақыт тұрып намаз оқығаннан Алла Елшісінің екі табаны іседі. Сөйтіп Алла Елшісінен : «Сіздің өткен, келер күнәларыңыз кешірілген, неге өзіңізді сонша қинайсыз? – деп сұрайды. Сонда Мұхаммед : мен шүкір етуші пенделерден болмаймын ба? – деп жауап береді». Осы хадистен алатынымыз, Алланың құлдарына берер нығметі өте ұлы нәрсе болса, сәйкесінше пенделердің де Аллаға жасайтын мінәжаттары да сондай ұлы болуы керек. Пайғамбарымыздың ﷺ Аллаға шүкірлігін білдіріп түнде тұрып намаз оқығаны, біздің Алла үшін орындайтын құлшылығымыздың қандай болу керектігін үлгі етіп көрсеткендей.

Әрбір мұсылманның аңсайтыны, қалайтыны, әрине, жәннат. Ал жәннатқа жету оңай емес. Аллаға мойынұсынып, Оның тыйғанынан нәпсіні алыс ұстап, ізгі амал жасап, қосымша ғибадаттарды барынша көп орындау қажет. Жәннатқа бару жолында орындалатын амалдардың бірі - таһажжүд намазы. Бұл жайында пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ хадистерінің бірінде: «Расында жәннатта бір бөлме бар. Оның сыртынан ішіндегісін, ішінен сыртындағысын көре алмайсың (жәннаттағы сондай керемет мекендердің бірі). Алла ол мекенді сөздерінде жұмсақ болғанға, тамақтандырғанға, көп ораза ұстағанға, адамдар ұйықтап жатқанда түнде намаз оқығандарға уәде еткен», – деген. Өмірде әрбір адам қателеседі, күнәсіз адам болмайды. Күнәдан тазару жолының бірі – тәһәжжүд намазын оқу. Жәбир (р.а.) Алла Елшісінің ﷺ: «Түн ішінде оқылған екі рәкағат намаз, күнәлардың кешірілуіне кәффарат», – деп айтқандығын жеткізеді.

Біз Құран Кәрімнен және Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерінен тәһәжжүд намазының қаншалықты маңызды амал екенін түсінеміз. Жаратушы Алла Тағала Құранда мүминдерді сипаттай келе, олар жайында: «Олар түнді, Раббыларына сәжде қылу, тіке тұрумен өткізеді»[4], – дейді. Пайғамбарымыз ﷺ Меккеден Мәдинаға қоныс аударған кезде ең алғаш айтқан сөзін Әбу Хұрайра (р.а.) келтіреді: «Алла Елшісі ﷺ Мәдинаға келгенде ең бірінші айтқан хадисі: «Тамақтандырыңдар, сәлемді жайыңдар, адамдар ұйықтап жатқанда түнде намаз оқыңдар».

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ


[1] «Мүззәммил» сүресі, 20-аят

[2] «Исра» сүресі, 79-аят

[3] Бұхари, Мүсілім

[4] «Фұрқан» сүресі, 64-аят

Бөлісу: