26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Көтере алмайтын шоқпар

Көтере алмайтын шоқпар

Мақалалар
Жарнама

Өмір болған соң адамның әр түрлі аңсары болары анық.

Соның бірі жайында Алла Тағала «Шура» сүресінің 27-аятында:

وَلَوْ بَسَطَ اللَّهُ الرِّزْقَ لِعِبَادِهِ لَبَغَوْا فِي الْأَرْضِ وَلَكِنْ يُنَزِّلُ بِقَدَرٍ مَا يَشَاءُ إِنَّهُ بِعِبَادِهِ خَبِيرٌ بَصِيرٌ

Яғни, «Егер Алла құлдарына несібені кеңітіп жіберсе, әлбетте жер жүзінде бүлік шығарады. Бірақ қалаған мөлшерде несібе береді. Өйткені Ол, құлдарынан толық хабар алушы, көруші», - дейді. Ғалымдар бұл аяттың түсу себебі жайында сөз созғағанда «Дәулетті өмірді жақсы көретін, бай болып, шалқып өмір сүргісі келетін мұсылмандарға қаратылған. Алайда, кей адамдар байлықты көтере алмай қалатын жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан осы аят түскен» деп тұжырым жасайды. Оны біздің аталарымыз «Семіздікті қой көтереді» демей ме. Бұл жайында атам қазақтың дүние танымында «көтере алмайтын шоқпар» деген де жақсы түсінік бар.

Бір күні Мұса ғалайһиссалам келе жатса, еріндері кеберсіп, аштық пен кедейліктен әбден жүдеген бір кісі кездесіпті.

- Иә,  Мұса ғалайһиссалам маған бір дұға етіңізші. Мен де бір байып кетейінші депті.

Мұса ғалайһиссалам дұға етеді де өз жөнімен кете береді. Тағы бірде келе жатса, жол-жөнекей бір кісіні дарға асайын деп жатады. Қауымнан бұл істің мән-жайын сұрастырса, «Бұл кісі арақ ішкен,  адам өлтірген. Соның кегі алынайын деп жатыр» дейді. Мұса ғалайһиссалам көз тоқтатып қараса, дарға асылайын деп жатқан кісі баяғыда өзіне кезіккен кедей екен.

Сөйтсе, әлгі кедей байып кетіп, байылығын көтере алмай арақ ішіп,  бұзықшылық жасап,  ақыры аяғында дарға кеп тұрған сәті екен.

Ибн Кәсирде келген хадисте былай делінеді.

Омар (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай дегенін жеткізеді; «Маған Жебірейіл (ғ.с.) келді де, «Раббың Саған сәлем айтты. Менің иман келтірген құлдарымның ішінде бір пенделер бар, олардың имандары тек байлықпен ғана күшейіп отырады да, кедей қылсам олар дінсіз болып кетеді. Енді бір пенделер иманын тек кедейлікпен ғана ұстап тұра алады, байлық берілсе, олар да кәпір болып кетеді. Сол сияқты бір пенделер иманын тек мықты денсаулықпен ұстап тұрады, оларға ауру жіберілсе олар күпірлікке кіріп кетеді. Ал, енді бір топ пенделер ауру болса ғана иманын ұстап тұра алады да, денсаулық берсем олар да дінсіз болып кетеді», - деді.

Демек, Алла Тағала кімге нені қалаған болса, сонда үлкен хикмет жататынын білеміз. Алайда, бұл дегеніміз өз жағдайын өзгертуге талпынбай себеп жасамасын деген сөзді білдірмейді.

Әділхан СЕРІКБАЙ

«Нұр Астан» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: