27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ақыл қойшы, иман қой, нәпсі бөрі...

Ақыл қойшы, иман қой, нәпсі бөрі...

Мақалалар
Жарнама

Нәпсі дегеніміз не?

Адам баласы әу баста бойында үш ажырамас қасиетпен қоса жаратылған. Олар иман, ақыл және нәпсі. Осы үш қасиеттің бірі адамның бойында басым дамып, адамның келешек тағдырында аса маңызды рөл ойнайды. Әрине, бала туылғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай:

كل مولود يولد على فطرة الإسلام...

«Әрбір туылған нәресте Ислам болмысымен туылады...», - деп айтқандай адам дүниеге келгенде иманды болады. Алайда, нәресте ең әуелі тәндік қажеттілікке мұқтаж. Сондықтан да нәпсілік қасиеті ерте дамиды. Есейе келе аталған үш қасиет адамның іс-әрекетіне аса зор ықпал етеді. Сондықтан болар сахабалар бүлдіршін балаларына рамазан айында мейлінше ас-сусыз жүруге түрлі ойын арқылы тәрбиелеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Жеті жасында намаз үйретіңдер, он жасында намаз оқымаса, тәрбие үшін, ұрыңдар», - деген сөзі де жас баланың санасына имани амалдарды сіңдіре беру үшін екендігі хақ.

Мунаббихат кітабында:

من توهّم أنّ له وليّا أولى من الله قلّتْ معرفته بالله و من توهّم أنّ له عدوّا أعدى من نفسه قلّتْ معرفته بنفسه.

Яғни: «Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойлайтын болса, Алла жайлы танымы аз болғаны, кім өзіне нәпсісінен артық дұшпан бар деп ойласа, нәпсісін дұрыс білмегені», - деген.

Нәпсі дегеніміз не? Адам шынайы мұсылман болуы үшін оны өлтіру керек пе, әлде тәрбиелейді ме? Нәпсі ол біздің болмысымыз. Адам тіпті жәннатқа да сол нәпсімен кіреді. Демек, нәпсіден бүтіндей құтылуға немесе өлтіріп жоқ етуге болмайды. Өйткені, нәпсі ол өзіміз. Нәпсіні тек тәрбиелеу қажет. Көбінесе, нәпсі жаман қасиеттерге бейім. Тәрбиесіз нәпсі жалқау, еріншек келеді. Нәпсі бейне бір түйеқұс тәрізді. Мына жүкті көтер десе мен түйе емеспін, құспын дейді. Жарайды ондай болса ұш десе, жоқ мен ұшатын құс емеспін мен, түйемін дейді. Нәпсіге ерік берілсе ол үнемі жауапкершіліктен қашумен болады.

Жақсылық пен жамандық күресі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Табук жорығынан қайтып келе жатып:

رجعنا من الجهاد الأصغر إلى الجهاد الأكبر

«Кіші жиһадтан (яғни соғыстан) үлкен жиһадқа (яғни нәпсі соғысына) оралдық», - деген екен. Шын мәнінде, адамның өзін жеңуі ең қиын іс. Құлшылық етуде жалқуалық танытқан мұсылман, еңбек етіп ел қатарлы болуға талпынбай еріншектік еткен адам, жас кезінде мүмкіндігі бола тұра білім алмай қартайғанда арба сүйреп әрең күнелткен пенде. Бұлардың барлығы кімге өкпелейді? Өмірдегі сәтсіздіктерін кімнен көреді? Қолында жағдайы болған шақта қарны тойғанға мәз болып, ертеңгі күнін ойламаған кісі, жастық шағында қайраты бар кезде құлшылық етпей, бойынан әлі құрып қарттық жеткен пенде ғибадат ете алмағаны үшін кімді жазғырады? Бұларды осындай бейшара халге душар еткен өздері. Кінәлі өз нәпсілері.

Хасан Басри: Жиһадтың ең абзалы нәпсімен күресу, - деген, өйткені нәпсі ең қасгөй дұшпан.

Ал, Исра сүресінің 7-аятында

إنْ أحسنتم أحسنتم لأنفسكم, و إنْ أسأتم فلها...

«Егер игілік істесеңдер, өздерің үшін. Жамандық істесеңдер тағы өздеріңе...» делінеді. Ия, адам баласы жақсылық істесе, оның жемісін өзі көреді. Ал, жамандық атауын істесе оны зардабын да өзі тартады.

Алла Тағала Шамс сүресінің 8-10 аяттарында:

فألهمها فجورها وتقواها قد أفلح من زكاها.  وقد خاب من دساها

«Сонда оған (яғни нәпсіге) жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды. Әлде кім оны кірлетсе қор болды», - деп айтылған.

Аталмыш аят тәпсірінде Ибн Әбу Нажих Мужаһид риуаяты бойынша: Алла нәпсіге азғындық пен тақуалық жолын танытқан, - дейді. Яғни, жаманның не екенін және жақсының не екенін нәпсісіне түсіндірген. Осы аят жайлы Мужаһид Ибн Аббастан (р.а.): Алла нәпсіге құлшылық пен күнәні танытты, - деп тәпсірлеген.

Нәпсісін Аллаға ғибадат етумен және ізгі амалдармен тазартқан тозақтан құтылады. Ал, нәпсісін күнәмен кірлетсе қор болады.

Осы ұғымға мағыналас Әбу Һурайраның (р.а.) Алла Елшісінен (с.ғ.с.) риуаят еткен мына хадисі бар:

قرأ رسول الله صلى الله عليه وسلم { فألهمها فجورها وتقواها } قال : ( اللهم آت نفسي تقواها وزكها أنت خير من زكاها أنت وليها ومولاها )

«Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сонда оған жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт» аятын оқып: Уа, Алла! Нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Сен ең жақсы пәктеушісің. Сен жанымның Иесісің, -деп дұға жасады». Адамзат ұстазы (с.ғ.с.) бізге нәпсімізді тәрбиелеуін сұрап Алла Тағалаға мінәжат етуді үйретуде.

Имам Ахмед риуаятында Зайд бин Арқам баяндайды: Пайғамбар (с.ғ.с.):

 أللهم إنّي أعوذ بك من العجز و الكسل, و الهرم و الجبن و البخل و عذاب القبر, اللهم آت نفسي تقواها, وزكها أنت خير من زكاها, أنت وليها ومولاها, أللهم إنّي أعوذ بك من قلبٍ لا يخشع, و من نفس لا تشبع, و علم لا ينفع, و دعوة لا يستجاب لها. 

«Уа, Аллам! мен Сенен әлсіздік, жалқаулық, кәрілік, қорқақтық, сараңдық атауынан және қабір азабынан сақтауыңды сұраймын. Уа, Алла! Нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Расында Сен ең жақсы пәктеушісің. Сен жанымның Иесісің. Аллам! Мені тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын дұғадан сақтауыңды сұраймын», - деп дұға жасаушы еді. Хадисті жеткізуші Зайд сөзінің соңында Алла Елшісі (с.ғ.с.) осы сөздерді бізге үйреткен, ал біз сіздерге үйретіп отырмыз, - деген.

Демек, нәпсіні тәрбиелеу аса маңызды.

Нәпсінің түрлері

Құранда нәпсінің үш түрі айтылған.

  1. Жамандыққа бұйырушы нәпсі. Юсуф сүресінің 53-аятында:

و ما أُبرِئُ نفسي. إنّ النفسَ لأمّارةٌ السوءِ.

«Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады...».

Мунаббихат кітабында мынадай ғибрат сөз бар:

إنّ الشهوةَ تصيّر الملوك عبيداً و الصبرَ يصيّر العبيد ملوكاً ألا ترى إلى قصّة يوسف و زليخا.

Яғни: «Расында шәһуат құмарлық патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Юсуф пен Зуләйханың қиссасын көрмейсіз бе?», - деген екен.

Ия, расында көптеген адамның сәтсіздіктеріне себеп нәпсіге бой алдыруында. Құлқынына құл болып, өмірін құрдымға жіберіп жатқандар қаншама!? Нәпсінің айтқанына көніп, айдауына жүрген адам абыройдан айырылады. Өйткені нәпсі тек жамандыққа үндейді. Жақсылықты, ізгілікті нәпсі жаны сүймейді.

  1. Сыншыл нәпсі. Қиямет сүресі, 2-аят:

ولا أقسم بالنفس اللوامة

«...сөгіс беруші нәпсіге ант»

Хасан Басри: Расында мүмин деп өзінің нәпсісін сынаушы адамды айтатынбыз. Ол өзіне айтқан сөзіммен нені қаладым, жеген тамағыммен нені қаладым, - деп үнемі өзін сынап отырады. Ал, пасық болса қадам басқан сайын ауытқи береді, өзін бұл үшін жазғырмайды да, - деген екен. Яғни, бұл мүминнің нәпсісі. Шынайы мүмин үнемі өзінің әр іс-әрекетіне сын көзбен қарап, әр сөзі мен іс-қимылына өзі есеп береді. Ал, екі жүзді бұзық адам өз әрекетіне еш уақытта өкінбейді. Кісінің көңілін сөзімен ренжітсе де, әрекетімен біреуге зияны тисе де еш өзін кінәлап, жазғырмайды. Керісінше жайбарақат жүре береді. Ал, аятта айтылғандай «лаууама нәпсі» иесі болған мүмин керісінше, әрбір сөзіне және ісіне аса мұқият. Хазіреті Омардың «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер» деген кеңесі осындай нәпсі мәртебесіне жеткізері хақ.

Ғұлама Мужаһид «сыншыл нәпсі» жайлы ол – жамандық істеп қойса неге істедің, деп жазғырады. Ал, жақсылық амал істесе неге көбірек істемейсің, деп сөгетін нәпсі, - деген екен.

  1. Жаны жай тапқан нәпсі. Фажр сүресінің 27-аятында Алла Тағала:

{ يا أيتها النفس المطمئنة }

«Әй орныққан нәпсі», - деген

Тәпсіршілер бұл аят жайлы: аят Осман бин Аффан жайлы түскен десе, кейбір ғалымдар Хамзаға қатысты түскен деген. Сағид бин Жабир (р.а.) риуаят етеді: Бір кісі пайғамбар (с.ғ.с.) құзырында: «Әй орныққан нәпсі!» аятын оқыды. Мұны естіген Әбу Бакір: уа, Алла Елшісі бұл қандай тамаша аят, - деп таңырқады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Әбу Бәкір! Расында періште бұл сөзді саған айтады», - деген екен.

Амаматтың риуаятымен, Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір кісіге:

أللهم إني أسألك نفسا بك مطمئنّة, تؤمن بلقائك و ترضى بقضائك و تقنع بعطائك.

«Уа, Алла! мен Сенен жай тапқан, Сенімен кездесетін күнге иман еткен, тағдырға риза болған, бергеніңе қанағат еткен нәпсі сұраймын» деп айт, - деді.

Әрбір мұсылман «нафсул-ләууәмә» яғни сыншыл нәпсі иесі болғанды қалайды. Алайда, бұл дәрежеге жету жолындағы талаптарды орындағысы келмейді. Адамдардың көбісі «нафсун аммарат бис-су» яғни жамандыққа бұйырушы нәпсі иесі болып табылады. Алайда, оны мойындағысы келмейді. Аталған үш нәпсі сипаттамасына қарап әркім өзінің қай топқа жататынын ажырата алады.

Нәпсіні тәрбиелеу тәсілдері

Данышпандар: Кімнің бойын нәпсісі жаулап алса құштарлығының құлына айналады. Құмарлық қақпанына тап болып, нәпсісі ол адамның аяқ-қолын тұсаулап қалаған жағына сүйрейді. Мұндай адамның қалыбы құлшылық пайдасынан мақұрым қалады, - деген.

 Алла Тағала құлына бір жақсылық қаласа нәпсісінің қателігін көрсетеді. Көкірегі ашық адам өзінің айыбын айқын көріп тұрады. Айыбын және қате-кемшілігі неден, қай тұстан екенін аңғарса оны түзете алады. Алайда, адамдардың көпшілігі өз нәпсілерінің қателігін көрмейді. Керісінше өзінің діндес бауырының көзіндегі қылды тез байқап, өзінің көзіндегі томарды сезбейді де. Адам баласы өз нәпсісінің қателігін анықтап, оны түзетуге ниет білдірсе ол төрт тәсілдің бірін қолданғаны абзал.

Бірінші: Ұстаздың құзырында дәріс алу. Өмірде көпті көрген, көкірегі ашық дана ұстаз тәрбиесіндегі шәкірт нәпсісінің айыпты тұстарын тез түзетуге мүмкіндігі болады. Ұстаз шәкірттің әуелі қатесін көрсетіп, сосын оны жою жолын да үйретеді. Алайда бұл біздің заманымызда өте қиын шарттың бірі.

Екінші: Діндар, шыншыл және көкірегі ояу кісімен дос болу. Мұндай дос өз бауырына шынайы сын айта алады. Досының сөзінде қателік болса, ішкі-сыртқы әрекетінің айыбы болса түзету үшін тігінен айтады. Ұлы ғұламалар мен данышпандар осы әдісті көп қолданған. Хазіреті Омар (р.а.): Менің айыбымды айтқан адамға Алла рақым етсін, - деген екен. Омар (р.а.) сахаба Хұзайфадан (р.а.): сен Алла Елшісінің мұнафиқтар жайлы сырын сақтаушы едің. Менің бойымда екіжүзділік белгісі бар ма? - деп сұрайды екен. Пайғамбардың (с.ғ.с.) ең сенімді сахабасының бірі нәпсісін тәрбиелеуде осылай еткен.

Алайда, бұл заманда кісі нәпсісінің айыбын айтып, түзетуге көмек беретін дос тым аз. Дос деп атанып жүргенімен кейбірі іштарлық көрсетеді. Ханафи ғұламаларының бірі Дауд әт-Тои адамдардан оқшауланып өмір сүре бастаған екен. Оның бұл әрекетін маңайындағылар: ел арасынан неге кетіп қалдыңыз, - деп сұрағанда ол кісі: менің айыбымды айтпайтын елде қалайша тұрамын, - деп жауап берген екен. Қазіргі таңда керісінше, бізге ең жаман адам ақыл-кеңесін айтқан, айыбымызды көрсеткен адам. Ал, бұл біздің иманымызды әлсіретуге алып барады. Өйткені нәпсінің бұзылуы улы жылан мен шаян іспетті. Егер біреу біздің аяғымыздың астында жылан жатқанын жылдам ескертсе лезде жаншып өлтіріп, айтқан адамға алғысымызды білдіріп қуанамыз. Алайда, жыланның уы денені бірер күн ауыртып басылады. Ал, нәпсінің жамандығы жылан уынан да ащы. Оның зияны тіпті өлімнен кейін де адамға тиіп жатады. Сондай-ақ, біз ақылын айтқан адамды жақтырмай, қуанудың орнына ренжіп, қала берсе ішімізде бір дұшпандықты да бүгіп қаламыз.

Үшінші: Дұшпанның тілінен шыққан ащы сын арқылы кісі өзінің кемшілігін түзетуі мүмкін. Кісі ашуланған шақта ішіндегі барлық ойын жайып салары мәлім. Кейде бұл жағынан жағымпаз достан жау болған дұшпанның пайдасы көбірек тиіп жатады. Жағымпаз дос көбіне кісі кемшілігін жасырып, өтірік-шынын араластырып мақтауға беріліп кетеді. Сондықтан да көреген адам дұшпанының айтқан сөзіне де құлақ түреді. Керек жерін өз нәпсісін түзету үшін пайдаланады да.

Төртінші: Адамдармен етене жақын араласу. Адамдардың іс-әрекетінің жаман тұстарын көрген кезде сол амалды өзінің бойынан іздейді. «Шынында мүмин мүминнің айнасы» дегендей өзгенің айыпты ісін көрумен өзінің қате-кемшіліктерін байқай түседі. Осылайша өз бойындағы кемшіліктерді кетіріп, кемелдену жолында бір адым алға қадам жасайды. Иса (ғ.с.) пайғамбардан: әдептілікті сізге кім үйретті? - деп сұрағанда Алланың Пайғамбары: маған ешкім әдептілікті үйреткен жоқ. Надан кісінің бойынан бір әдепсіздік көрген кезде сол әрекеттен сақтанушы едім, -деп жауап берген екен.

Нәпсі тәрбиесі жайлы Яхия бин Муъаз ар-Рази: Нәпсіңмен тәрбие атты қылыш көмегімен күрес. Тәрбие қылышы төрт тәсілден тұрады: тағамнан тыйылу, тек тоятындай мөлшерде азықтану; ұйқыны қысқарту; бос сөзден тыйылу, тек қажет кезде сөйлеу және адамдардың жөнсіз сөзі мен ісіне төзімділік ету. Аз тамақтанудан нәпсі сынады. Аз ұйқыдан ой тазарады. Аз сөйлеген пәледен құтылады. Адамдардың сөзі мен ісіне төзімділік таныту кісіні алға қойған мақсатына жеткізеді. Пендеге ашу-ыза үстінде жұмсақтық көрсету мен дөрекілікке төзімділік танытудан ауыр нәрсе жоқ.

Нәпсінің құмарлығы артып, күнә қалап, бей-берекет бос сөзге салынса аз ұйқы мен тахажуд қынабынан аз тамақтану семсерін суырып алып аз сөйлеу қолымен шауып түсесің. Сонда нәпсінің зұлымдығы мен өшпенділігінен құтылып, құрған тұзағынан аман шығады. Бұдан нәпсі пәктеніп һәм нұрланып, құт-берекет бақшасында серуендеп, құлшылық жолында жорға аттай жортады,-деген екен.

Бұл ғалым: адамның үш дұшпаны бар: дүниесі, шайтаны және нәпсісі. Дүниеден тақуалық арқылы қорғанады, шайтанның азғыруына қарсы әрекет етумен сақтанады. Нәпсісіне құмарлығын тиюмен төтеп береді, - деген екен.

Әдабуд-дин уад-дуния кітабында: Алла Тағала періштелерге нәпсісіз ақыл берген, жануарларға ақылсыз нәпсі берген. Ал, адам баласына екеуін де берген. Кімнің ақылы нәпсісіне үстемдік етсе ол періштеден де абзал. Ал, кімнің нәпсісі ақылын жеңіп кетсе ол хайуаннан да бетер, - деген. Демек, нәпсіні жоғары мінез-құлыққа тәрбиелеу Алланың сүйікті құлын періште секілді кемелдікке жеткізеді. Ал, нәпсіге немқұрайлы қарау адам баласын құлдыратады.

Нәпсімен күресу – жиһад

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жихадтан келген кезде сахабаларға

 مرحباً بكم قدمتم من جهاد الأصغر إلى جهاد الأكبر.

«Кіші жихадтан үлкен жихадқа қош келдіңдер», - дейді. Сонда сахабалар: Уа, Расулулла! Үлкен жихад не? - деп сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.):

 جهاد النفس

«Нәпсімен күресу», - деп жауап береді. (Байһақи).

Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл жайлы тағы да:

المجاهد من جاهد نفسه في طاعة الله عزّ و جلّ

«Мужаһид – Аллаға құлшылық ету үшін нәпсісімен күресуші кісі», - деген. (Термизи 1621).

طوبى لمن كان عقلهُ أميراً و هواه أسيراً و ويلٌ لمن كان هواه أميراً و عقلهُ أسيراً. 

«Ақылына тұтқын болғанға ақылы – әмірші, оған Алланың жақсылығы болсын, ал нәпсісіне тұтқын болған адамға нәпсісі – әмірші, Алланың қарғысы болсын», - деген екен.

Ғұлама Ибрахим ан-Нахъий

إنما هلك من هلك قبلكم بثلاث خصالٍ بفضول الكلام و فضول الطعام و فضول المنام.

«Сендерден алдыңғыларды құртқан үш нәрсе: артық сөз, артық тамақ және көп ұйқы», - деген.

Әбу Аббас әл-Маусили өзіне: Әй нәпсім! Бай балаларымен дүниенің ләззатын да татпайсың, Алла құлдарымен ақырет амалы үшін де ғибадат етпейсің. Сен мені жәннат пен тозақ ортасында ешқайда жібермей ұстап тұрғандайсың. Әй нәпсім! Ұялсаң қайтеді! - деген екен.

Хазірет Әли (р.а.):

كنْ عند الله خيرَ الناس, و كنْ عند النفس شرّ الناس, و كنْ عند الناس رجلاً من الناس.

«Алла құзырында адамдардың ең жақсысы бол, нәпсі үшін адамның ең жаманы бол, ал адамдар арасында нағыз азамат бол», «Алланың әмірін орындап, ең жақсы пенделер сапынан көрінуге тырысып бағуымыз керек» - депті.

Сондай-ақ, Шал ақын «Ақыл қойшы, иман қой, нәпсі бөрі, бөріге қой алдырмас ердің-ері» демекші, нәпсінің жетегінде жүрмей, құрдымға итермелейтін құмарлығымызды құрықтап, мұсылман қауым арасында нағыз ер болуымыз ләзім.

Руслан ҚАМБАР

Бөлісу: