26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ашура күнінің абзалдығы

Ашура күнінің абзалдығы

Мақалалар
Жарнама

Алла Тағала уақытты жаратты. Оны ғасырларға, жылдарға, айлар мен күндерге бөлді.

Негізінде бір уақыттың екінші бір уақыттан айырмашылығы жоқ. Алайда, Жаратушымыздың құдыреті көрініс тапқан, Раббымыздың сүйікті құлдарының басынан өткен ерекше күндер мен айлар, басқа күндер мен айлардан ерекше дараланып тұрады.

Мұсылманша жыл санаудың алғашқы айы, мұхаррам айының 10-жұлдызы – «Ашура күні» дінімізде сол қасиетті күндердің бірі болып саналады.

«Ашура» деген сөздің түбіріне келер болсақ, кейбір ғалымдар оны арапша сөз десе, кейбіреуі, «ибрани» тілінен келген кірме сөз деп тұжырымдайды.

Мұхаррам айының 10-на «ашура» деп айтылуының себебін ғалымдар былай түсіндіреді: Лұғат және хадис ғалымдарының айтуынша бұл күн мұхаррам айының 10-шы жұлдызы болғандықтан осылай аталды. Себебі «ашура» сөзі, он немесе оныншы деген мағынаны білдіреді, дейді.

Бұл күннің «ашура» деп аталуының тағы бір себебі, бұл күнде Алла Тағала он пайғамбарға он жақсылық берді.

Тағы бір топ ғалым «ашура» деп аталуының себебін былай түсіндіреді. Бұл күн, Алла Тағаланың Мұхаммед үмметіне сыйлаған он кереметінің оныншысы болып табылады. Олар:

  1. Режеп айы. Режеп айының басқа айлардан айырмашылығы, осы үмметтің басқа үметтерден айырмашылығы сияқты.
    2. Шағбан айы. Шағбан айының басқа айлардан абзалдығы, Пайғамбарымыздың (ﷺ) басқа пайғамбарлардан абзалдығы іспеттес.
    3. Рамазан айы. Рамазан айының басқа айлардан айырмашылығы, Алла Тағаланың басқа құлдарынан айырмашылығы сияқты.
    4. Қадыр түні. Қадыр түні – мың айдан хайырлы.
    5. Ораза айты – Ораза ұстағандардың сауабы берілетін күн.
    6. Зилхиджә айының алғашқы он күні – Алла Тағаланы зікір ететін күндер.
    7. Арафа күні – Арафа күнінде ұсталатын ораза екі жылдық күнәларға кәффарат.
    8. Құрбан айт күні – Аллаға жақындататын, рухани дәрежелердің көтерілетін күні.
    9. Жұма күні – күндердің мырзасы.
    10. Ашура күні – ашура күнгі ораза бір жылдық күнәларға кәффарат[1].

Фақиһ Әбу Ләйс әс-Самарқандидің (р.а.) айтуы бойынша тарихта Ашура күні орын алған елеулі оқиғалар мыналар:

- Адам (ғ.с.) пайғамбардың жаратылуы, жұмаққа кіруі және жұмақтан шығарылғаннан соң тәубесінің қабыл болуы.

- Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келуі. «Халилуллаһ» мәртебесіне көтеріліп, Нәмруттың отынан құтылуы.

- Ыдырыс (ғ.с.) пайғамбардың аспанға көтерілуі, Әюб (ғ.с.) пайғамбардың ауруына шипа табуы.

- Юнус (ғ.с.) пайғамбардың балықтың қарнынан шығып, Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарға салтанат пен мал-мүлік берілуі.

- Иса (ғ.с) пайғамбардың дүниеге келуі. Өзіне қастандық ойлаған яһудилердің қолынан құтылып, аспанға көтерілуі.

- Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен  үмметі, Перғауынның зұлымдығынан құтылып, Перғауынның суға батуы.

- Нұх (ғ.с.) пайғамбардың кемесі Жуди тауына тоқтап, жерге аяқ басуы.

- Хз. Хусейіннің (р.а.) шәһид етілуі.

- Қиямет күні де, осы ашура күні болады[2].

Осы оқиғалардың кейбіреуіне тоқтала кетейік.

Адам ата мен Хауа ана, тиым салынған жемістен жегеннен соң, жер бетіне түсірілді. Бұдан кейін Адам (ғ.с.) тәубе етеді. Оның тәубесі Құран Кәрімде былай айтылады: «Сонда Адам (ғ.с.) Раббынан сөздер үйренді де, жалбарынып тәубе етті. Раббы оның тәубесін қабылдады. Өйткені Ол тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді»[3]. Міне, Адам пайғамбардың тәубесінің қабыл болған күн, осы Ашура күні болатын.

Сөйтіп Адам ата мен Хауа анамыз дүниедегі ең қадірлі мекен, Қағба Муаззаманың жанындағы Муздалифа деген жерде кездеседі. Адам атамыз Сафа төбесіне, Хауа анамыз Мәруа төбесіне шықты. Сафа төбесі Адам пайғамбардың бір аты «Сафиуллаһ» деген атпен, «Сафа» болып тарихта қалса, Мәруа төбесі «әйел» деген мағынаны білдіретін «Мәруа» деген атпен тарихта қалды. Міне қазіргі уақытқа дейін қажылар біресе анасына, біресе әкесіне жүгірген сәби іспеттес, екі төбенің арасында жүгіруде. Қажылар Мәруа төбесіне бет алғанда құдды Хауа анамыздың құшағына құлаған сәбидей болып, Сафа төбесіне қарай жүргенде Адам атамыздың құшағына енгендей сезімде болады. Адам атамыз: «Ей менің ұрпақтарым, келіңдер! «Уа Аллаһ! Бәйтуллаһты тауаф еткен ұрпақтарымды кешір», деп мен де дұға еткенмін», деп тұрғандай күй кешеді.

Ашура күні Мұса пайғамбар қауымымен бірге перғауын және оның әскерлерінен құтылды. Бұл жайында Құран Кәрімде «Сендер үшін теңізді жарып, (сендерді) құтқардық. Ал перғауындықтарды суға батырдық та, сендер оларды көріп тұрдыңдар.»[4] деп айтылған. Осы жағдайдан кейін Мұса пайғамбар мен үмметі, ашура күні Алла Тағалаға шүкірлік ниетімен ораза ұстады.

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَدِمَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ المَدِينَةَ فَرَأَى اليَهُودَ تَصُومُ يَوْمَ عَاشُورَاءَ، فَقَالَ: «مَا هَذَا؟»، قَالُوا: هَذَا يَوْمٌ صَالِحٌ هَذَا يَوْمٌ نَجَّى اللَّهُ بَنِي إِسْرَائِيلَ مِنْ عَدُوِّهِمْ، فَصَامَهُ مُوسَى، قَالَ: «فَأَنَا أَحَقُّ بِمُوسَى مِنْكُمْ»، فَصَامَهُ، وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ

Пайғамбарымыз (ﷺ) Мәдина Мүнаууараға келген кезде, ашура күні яхудилердің ораза ұстап жүргендерін көреді. Мұның қандай ораза екенін сұраған кезде олар: «Бүгін хайырлы күн. Бұл күн Аллаһ Тағаланың исрайыл ұрпақтарын дұшпандарынан құтқарып, Хз. Мұсаның шүкір етіп, ораза ұстаған күні», деп жауап береді. Сонда  Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендерге қарағанда Мұсаға мен жақынырақпын», деп Ашура күні ораза ұстады, және сахабаларына да ұстауларын әмір етті[5].

Нұх пайғамбар 950 жылға жуық қауымын тура жолға насихаттады. Бірақ көбі иман етпеді. Сол кезде Алла Тағала Нұх пайғамбарға бір кеме жасауын, иман еткендерді кемеге алып, қалғандарын кемеге алмауын әмір етеді. Жәбрейіл періштенің әкелген жоспар-үлгісі бойынша Нұх пайғамбар кеме жасай бастады. Кеменің ұзындығы шамамен 300 метр болса, ені шамамен 50 метр болды. Биікітігі 30 метр болып, үш қабаттан тұрды. Иман еткендер әмірге бойұсынып, еш ойланбастан кемеге кіріп жатты. Ал иман етпеген дінсіздер болса, бұл жағдайға таңырқай қарап тұрды. Тіпті кейбіреулері Нұх (ғ.с.) есінен адасты деп мазақ қылып жатты. Нұх пайғамбар болса: «Ей адамдар! Күнә жасап, азғындықтың шегіне жеттіңдер. Хайуаннан бетер болдыңдар. Енді тәубе етіп, кемеге мініңдер. Алла өте кешірімді. Әйтпесе топан судың астында қаласыңдар!» – деп ескертсе де, мазақ етушілер алған беттерінен қайтпады. Cөйтіп уәде етілген уақыт та келіп жетті. Алла Тағала аспанға нөсерлетіп, жаңбыр құюын, ал жерге ішндегі суларын шығаруын әмір етті. Жер бетін топан су басып, имансыздар суға батты. Иман келтірген 80-ге жуық мұсылман 6 ай бойы су бетімен жүзді. Алла Тағала аспанға жаңбырды тоқтатуын, жерге суды өзіне сіңіруін әмір еткенннен кейін Ашура күні кеменің табаны Жуди тауына тірелді. Нұх пайғамбардың қауымы үлкен бәледен аман-сау құтылғандары үшін Аллаға шүкір етіп, сол күні ораза ұстады.

Ашура оразасы бұрынғы өткен пайғамбарлардың діндерінде де бар еді. Айша (р.а.) анамыздан жеткен бір хадис шәрифте былай деп айтылады:

عَنْ عَائِشَةَ، رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، قَالَتْ: «كَانَ يَوْمُ عَاشُورَاءَ يَوْمًا تَصُومُهُ قُرَيْشٌ، فِي الجَاهِلِيَّةِ وَكَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصُومُهُ، فَلَمَّا قَدِمَ المَدِينَةَ صَامَهُ، وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ، فَلَمَّا نَزَلَ رَمَضَانُ كَانَ مَنْ شَاءَ صَامَهُ، وَمَنْ شَاءَ لاَ يَصُومُهُ»

«Жаһилият дәуірінде Құрайыш халқы Ашура күнінде ораза ұстайтын еді. Пайғамбарымыз да (өзіне пайғамбарлық келмей тұрып) осы оразаны ұстаған. Алла Расулі Мәдинаға келген кезде, өз де ұстап, сахабаларына да ұстауларын әмір етті. Кейін Рамазан айының оразасы парыз етілгеннен кейін, бұл оразаны қалаған адамдар ғана ұстады[6].

حِينَ صَامَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللهِ إِنَّهُ يَوْمٌ تُعَظِّمُهُ الْيَهُودُ وَالنَّصَارَى فَقَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «فَإِذَا كَانَ الْعَامُ الْمُقْبِلُ إِنْ شَاءَ اللهُ صُمْنَا الْيَوْمَ التَّاسِعَ» قَالَ: فَلَمْ يَأْتِ الْعَامُ الْمُقْبِلُ، حَتَّى تُوُفِّيَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ

Пайғамбарымыз ашура оразасын өзі де ұстап сахабаларына да әмір еткен кезде, сахабалар: «Уа Алланың Расулі! Бұл күн яхудилер мен насранилер ұлықтаған күн ғой», деді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Келесі жылы тоғызыншы күнмен бірге ұстаймыз», деді. Бірақ, келесі жылы Алланың Расулы Мұхаррам айына жетпей дүние салды[7].

سُئِلَ عَنْ صَوْمِ يَوْمِ عَاشُورَاءَ فَقَالَ: «يُكَفِّرُ السَّنَةَ الْمَاضِيَةَ»

Сахабалар Ашура күніндегі ораза жайында сұрағанда Пайғамбарымыз (ﷺ):  «Өткен жылғы күнәларды өшіреді», деп жауап береді[8].

قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ وَسَّعَ عَلَى أَهْلِهِ فِي يَوْمِ عَاشُورَاءَ أَوْسَعَ اللَّهُ عَلَيْهِ سَنَتَهُ كُلَّهَا»

Ашура күні жасалатын тағы бір жақсы амал, бұл күні, үйге мол рызық алып, бала-шағаны қуанту. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде кім Ашура күні отбасының нәпақасын кең ұстаса, Аллаһ Тағала ол жанұяның бір жылдық несібесін мол қылады»[9], деп бұйырады. Ашура күні кедей адамдар қуантылып, ең кемі он адамға сәлем беріледі.

Раузул Файқ кітабының 219-шы бетінде былай деп айтылған: «Ашура түні Алла Тағала жер бетіндегі барлық суларға зәм-зәм суын қосады. Кімде кім Ашура күні ғұсыл алатын болса, келер жылға дейін, ұсақ-түйек аурулардан аман-есен болады.»

Әбу Қатада (р.а.) тан риуаят етілген хадис шәрифте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ашура күнгi ұсталған ораза бiр жыл бойы ұсталынған оразаның сауабымен тең»[10],– деп бұйырады.

Тарихы Адам (ғ.с.) пайғамбардың заманынан бастау алатын осынау ұлық күнді, алдымен өзіміз іштей сезініп, содан соң айналамызға дәріптейік. Ашура күні пайғамбарлардың басынан өткен қызықты оқиғаларды балаларымызға айтып, бойларына ислами тәрбиені сіңіре берейік, ағайын.

Смағұлов Мәди Тоқпанұлы

_____________________________________

[1] Рахили, «Ашуара оразасы», 31,32 беттер.

[2] Тәнбихул Ғафилин, 315-бет.

[3] Бақара, 37

[4] Бақара, 50

[5] Сахих Бухари, 2004

[6] Сахих Бухари, 3831

[7] Сахих Муслим, 133 (1134)

[8] Сахих Мүслим 197 (1162)

[9] Мұхжамул Аусат, т. 9, б. 121.

[10] Мүслим

Бөлісу: