25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Дұғам қабыл болсын десеңіз

Дұғам қабыл болсын десеңіз

Мақалалар
Жарнама

Араб тіліндегі «дуъаа» сөзінің мағынасы «сұрау», «жалбарыну» дегенге келеді.

Аллаға дұға ету деген сөз Оған жалбарынып, әр нәрсенің қайырлысын сұрау дегенді білдіреді. Басқа бір адамға дұға ету ол адамға жақсылық тілеу дегенге саяды. Демек, дұға пенденің Раббысынан жалбарынып сұрауын білдіреді.

Осы тұста айта кететін бір жайт, жасаған дұғасы қабыл болуы үшін әр мұсылман дұғаның әдептері мен шарттарын, қабыл болу ықтималдығы жоғары уақыттар мен қабыл болуын тосатын кедергілер жайлы хабардар болғаны дұрыс.

Дұғаның әдептері

  1. Аллаға мадақ, Пайғамбарға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтумен бастап, аяқтау керек;
  2. Дұғаны кеңшілік кезінде де, қиындық кезінде де қылу;
  3. Жанұясына не мал-мүлкіне, балаларына немесе өзіне қарсы дұға қылмауы тиіс;
  4. Дұғаны ақырын дауыспен қылу;
  5. Дұға қылғанда Аллаға қатты жалбарыну;
  6. Дұғаны қайта-қайта қылу;
  7. Құбылаға қарап дұға қылу;
  8. Дұға қылғанда қолды жоғары көтеру;
  9. Дұға қылардан бұрын дәрет алу;
  10. Дұға қылғанда Алла Тағаладан қорқып жылау;
  11. Басқа біреуге дұға қылса бірінші өзінен бастауы тиіс;
  12. Тәубе ету және хақсыз істегендерін қайтару;
  13. Өзімен бірге ата-анасына да дұға қылу;
  14. Өзімен бірге иман келтірген ерлер мен әйелдерге де дұға қылу. 

Дұғаның қабыл болуының басты уақыттары 

Қадір түні;

Парыз намаздарының соңы;

Түннің соңғы бөлігі;

Азан мен қамат арасында;

Парыз намаздарына азан айтылғанда;

Намазға қамат айтылғанда;

Жаңбыр жауғанда;

Жұма күнінің бір сағаты;

Зәмзәм суын ізгі ниетпен ішкен кезде;

Сәждеде жатқанда;

Түн уағында ұйқыдан тұрып, қылған дұға;

Жүніс пайғамбардың дұғасымен тілесе;

Басқа бәле-қаза төнгенде;

Дәрет алғаннан кейін;

Арафа күні;

Рамазан айында;

Мұсылмандар жиналып Алланы зікір еткен кезде;

Әтеш шақырғанда;

Зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде;

Дұғаның қабыл болуының ең үлкен, ең маңызды шарттары төмендегідей:

Бірінші шарт: Ықылас-ынта. Ол – дұға мен оған амалды барлық күмән туғызатын нәрселерден таза орындау, барлық істі бір Аллаға тапсыру;

Екінші шарт: ұдайылық. Бұл – тек дұғаның ғана емес, ғибадат түрлерінің барлығының да шарты;

Үшінші шарт: Алла тағалаға шын сенім мен дұғаның қабыл болуына анық илану;

Төртінші шарт: дұғаны жүректен шығару, Раббыдан қорқу, Алланың алдындағы мол сауаптан үміт етіп, жазаларынан жасқану;

Бесінші шарт: дұғаны нық шешіммен, ыждағаттылықпен, байсалдылықпен тілеу. Мұсылман Раббысына тілеу тілегенде айнымас нық шешіммен, ынты-шынтысымен беріліп дұға қылуы керек. 

Дұғаның қабыл болуына кедергі келтіретін нәрселер төмендегідей:

Бірінші кедергі: харамға бой алдыру, хараммен жеу, ішу, кию;

Екінші кедергі: дұғаның тез қабыл болуына деген шыдамсыздық танытып, ақырында дұғаны тастап қою;

Үшінші кедергі: асылық және тыйым салынған істерге бой ұру. Дұғаның қабыл болуына тыйым салынған шектерді бұзып, күнәларға бару кедергі болуы мүмкін;

Төртінші кедергі: Алла Тағаланың міндеттеген парыздарын орындамау. Құлшылық істерін орындаудың дұғаның қабыл болуының бір себебі десек, керісінше, мұсылманға міндеттелінген парыздарды орындамау да дұғаның қабыл болуына кедергі болып есептеледі;

Бесінші кедергі: Күнә-қателікте болу не туыстық байланыстарын үзу;

Алтыншы кедергі: Дұғаның қабыл болуы Алланың хикметімен кешігуі ықтимал. Бұл туралы бір хадисте айтылған.

Дұғасы қабыл кісілер:

Үнемі Алла Тағаланы ұмытпайтын кісінің дұғасы; 

Мазлұм, яғни, жәбір көрген пенденің дұғасы;

Әділ имамның немесе, әділ билеушінің дұғасы;

«Үш адамның дұғасын Алла Тағала қайтармайды: Алланы көп зікір етушінің, жәбірленген жанның және әділ имамның» (Әл-Бәйһақи).

«Кәпір болса да мазлұмның дұғасынан сақтаныңдар! Өйткені оның дұғасына бөгет жоқ» (Ахмад). 

Хазірет Жүністің (ғ.с.) дұғасымен дұға етушінің;

Оның балық ішінде еткен дұғасы: «Иә, Алла Тағала! Сенен басқа Тәңір жоқ! Сен кемшіліктен пәксің! Мен шынында өзіме зұлымдық етіп қойдым». Қай жағдай болмасын мұсылман пенде бұл дұғамен тілек етсе Алла оның дұғасын қабыл етеді. (Әт-Тирмизи, Ахмад, Нәсәи, Хаким)

Кеңшілікте де, таршылықта да дұғада болушының;

«Кімде-кім қиыншылық сәттерінде дұғасы қабыл болуын қаласа – кеңшілік кездерде Алла Тағалаға көп дұға етсін!» (Әт-Тирмизи, Хаким).

Ораза тұтушының;

Мүсәпірдің, яғни, жолаушының;

«Үш түрлі дұға қабыл: Ораза ұстаушының, жәбір шеккеннің және мүсәпірдің» (Әл-Байһақи).

Атаның баласына тілеген тілегі;

«Үш түрлі дұға қабыл, оған күмән жоқ. Ол: мазлұмның (жәбір көрушінің), мүсәпірдің және ата-ананың баласына қылған дұғасы» (Ибн Мәжә, Әбу Дәуд).

Мұсылманның мұсылманға дұғасы;

«Бір мұсылман басқа мұсылман бауырына сырттай дұға қылса періштелер оған: «Сол нәрсе саған да болсын!» дейді». (Мүслим)

Тақуалар мен ізгі адамдардың;

Ата-анасының хақысына дұға етуші ізгі ұрпақтың.

«Расында Алла Тағала (ізгі ұрпақтың дұғасымен) пенденің дәрежесін көтереді. Сонда пенде: «Бұл ненің себебінен?» - деп сұрайды, Алла Тағала: «Сенің ұрпақтарыңның дұғасы себепті», - деп жауап береді» (Әл-Баззар).

Қосымша дұғалар

◊ Ата-ана үшін жасалатын дұға

Оқылуы: «Роб-бир-хәм-һу-мәә-кә-мәә роб-бә-иәә-нии со-ғии-роо»

Мағынасы: «Раббым, Мені кішкентайымнан бағып, тәрбиелеп өсіргеніңдей оларға мейірім ет!»

◊ Жоқшылықтан, ауру-сырқаудан сыйыну

Мағынасы: Я, Алла! Тәніме саулық бер! Уа, Алла! Естуіме саулық бер! Уа, Алла! Жанарыма саулық бер! Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Уа, Алла! Мен күпірлік пен жоқшылықтан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Сондай-ақ қабір азабынан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Сенен басқа ешбір Құдай жоқ.

Оқылуы: «Аллаһумма ъафини фи бәдәни, Аллаһум- мә ъафини фи сәмъи, Аллаһумма ъафини фи бәсари, лә иләһә иллә әнт. Аллаһумма инни әъузу бикә минәл-куфри уәл-фәқри, уә әъузу бикә мин ъазәбил-қабри, лә иләһә иллә әнт».

◊Жақсы мінез сұрау

Мағынасы: Я, Алла! Мені өмірдің қиындығынан сақтай гөр. Мені ең жақсы істер мен жақсы мінезге жетелей гөр. Өйткені оның ең жақсысына Сенен басқа ешкім жетелей алмайды. Және оның жаманын менен айықтырғайсың. Өйткені оның жаманынан мені Сенен басқа ешкім де айықтыра алмайды.

Оқылуы: «Аллаһумма инни әъузу бикә мин ән ураддә илә әрзәлил-ъумр. Аллаһуммаһ-дини әхсәнәл-әъмәли, уәл-әхләқи лә йәһди ли-әхсәниһә иллә әнтә уәсриф ъанни сәий-әһә лә йәсрифу ъаннисәий-әһә иллә әнт».

◊Ризық сұрау

Мағынасы: Я, Алла! Көбейте гөр, кемітпе, сыйлы қыл да, бейшара қылма, бере гөр де, тыя көрме, бізді таңда да, құр қалдырма. Уа, Алла! Барлық істерімнің соңын жақсарт. Дүние қорлығынан және ақырет азабынан құтқар.

Оқылуы: «Аллаһумма зиднә уә лә тәнқуснә, уә әкримнә уә лә туһиннә, уә аътыйнә уә лә тәхримнә, уә әсирнә уә лә ту-әссир ъаләйнә. Аллаһумма әхсин ъақибәтәнә фил-умури куллиһә, уә әжирнә мин хизид-дуния уә ъазәбил-әхира».

◊Жақсылық сұрау

Мағынасы: Я, Алла! Жақсылықтың бастауы мен соңын, әуелгісі мен ақырғысын, әшкересі мен жасырынын, Жәннаттағы биік дәрежелерді сұраймын. Менің зікірімді жоғарылатып, ауыртпалығымды таста, жүрегімді тазалап, әурет жерімді сақта және күнәларымды кешір.

Оқылуы: «Аллаһумма инни әс-әлукә фәуәтихәл-хайри уә хауәтимәһу уә жауәмиъәһу, уә әууәләһу уә әхираһу уә заһираһу уә бәтыйнәһу, уәддәражәтил-ъулә минәл-жәннәһ. Аллаһумма инни әс-әлукә ән тарфәъә зикри, уә тәдаъа уизри, уә тутаһһира қалби, уә тухассинә фаржи, уә тәғфира ли зәнби».

◊ Алладан Өзін жақсы көретін жүрек, иман сұрау

Мағынасы: Я, Алла! Өзіңді жақсы көруді және Сені жақсы көретінді жақсы көруді және Сенің жақсы көруіңе жақындататын әрбір амалды жақсы көруді маған нәсіп ет. Уа, Алла! Сенен мәселенің қайырлысын, жақсы дұға, жақсы нәтиже және жақсы сауап сұраймын. Мені бекем ет және таразымды ауырлат, иманымды нығайт, дәрежемді көтер, намазымды және ғибадаттарымды қабыл ет, қатемді кешір және маған жоғары дәрежелі Жәннатты нәсіп ет!

Оқылуы: «Аллаһумма инни әс-әлукә хуббәкә уә хуббә мән йухиббукә, уә хуббә куллә ъамә лин йуқаррибуни илә хуббик. Аллаһумма инни әс- әлукә хайрал-мәс-әләти, уә хайрад-дуъа-и уә хайран-нәжәхи, уә хайрас-сәуәби, уә сәббитни уә сәққил мауазини, уә хаққиқ имәни, уәрфаъ дәражәти, уә тәқаббәл саләти уә ъибәдәти, уәғфир хати-әти уә әс-әлукәд-дәражәтил-ъулә минәл-жәннәһ».

◊Береке сұрау

Мағынасы: Я, Алла! Менің естуімді, көруімді, мінезімді, сырт келбетімді, отбасымды, өмірімді және амалымды берекелі етуіңді сұраймын, ізгі амалдарымды қабыл еткейсің. Сенен Жәннаттағы биік дәрежені сұраймын.

Оқылуы: «Аллаһумма инни әс-әлукә ән тубәрикә фи сәмъи, уә фи бәсари, уә фи халқи, уә фи хулуқи, уә фи әһли, уә фи махйа-я, уә фи ъамәли, уә тәқаббәл хәсәнәти, уә әс-әлукәд- даражәтил-ъулә минәл-жәннәһ».

◊Алланың разылығын сұрау

Мағынасы: Я, Алла! Шынайы иман, иманды көркем мінез, артынан бақыт ілескен табыс, Сенен келетін мейірім және жарылқау, кешірім және разылығыңды сұраймын.

Оқылуы: «Аллаһумма инни әс-әлукә сиххатән фи имәни, уә имәнән фи хусни хулуқин, уә нәжәхән йәтбәъуһу фәләхун, рахмәтән минкә уә ъафиәтән минкә, уә мәғфиратән уә ридуәнә».

◊Алладан көмек сұрау

Мағынасы: Я, Алла! Істерімнің қорғаушысы болған дінімді, өмір сүретін дүниемді, қайтып оралатын ақыретімді түзегейсің. Өмірімді ізгі амалдарды көбейту, ал өлімімді барлық жамандықтан демалу қылғайсың. Уа, Раббым! Маған көмектесе гөр және маған қарсы көмектеспегейсің. Мені жеңіске жеткіз және біреуге жығып берме. Мені тура жолға сал және тура жолды маған жеңіл қылғайсың.

Оқылуы: «Аллаһумма әслих ли динил-ләзи һууә ъисмәту әмри, уә әслих ли дуния-ялләти фиһә мәъәши, уә әслих ли әхиратил-ләти иләйһә мәъади, уәжъалил-хәятә зиядатән ли фи кулли хайрин, уәжъалил-мәутә рахатән ли мин кулли шәрр. Уә Рабби әъинни уә лә туъин ъаләйя уәнсурни уә лә тәнсур ъаләйя, уәһдини уә йәссирил-һудә ли». 

Күнделікті дұғалар

اَللَّهُمَّ رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

  1. Оқылуы: «Аллааһуммә, Раббәнәә әәтинә фид-дуния хәсәнәтәу-уа фил-аахирати хәсәнәтәу-уа қинаа ъәзәәбән-наар».

Мағынасы: «Уа, Алла! Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер және тозақ азабынан сақта!». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

2- «اَللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ فِتْنَةِ النَّارِ وَعَذَابِ النَّارِ، وَفِتْنَةِ القَبْرِ، وَعَذَابِ القَبْرِ، وَشَرِّ فِتْنَةِ الغِنَى، وَشَرِّ فِتْنَةِ الفَقْرِ، اَللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّ فِتْنَةِ المَسِيحِ الدَّجَّالِ، اَللَّهُمَّ اغْسِلْ قَلْبِي بِمَاءِ الثَّلْجِ وَالبَرَدِ، وَنَقِّ قَلْبِي مِنَ الخَطَايَا كَمَا نَقَّيْتَ الثَّوْبَ الأَبْيَضَ مِنَ الدَّنَسِ، وَبَاعِدْ بَيْنِي وَبَيْنَ خَطَايَايَ كَمَا بَاعَدْتَ بَيْنَ المَشْرِقِ وَالمَغْرِبِ، اَللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْكَسَلِ وَالْمَأْثَمِ وَالْمَغْرَمِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

  1. Оқылуы: «Аллааһуммә инни әъуузу бикә мин фитнәтин-наар уа ъәзәәбин-наар уа фитнәтил-қабри, уа шәрри фитнәтил-ғина, уа шәрри фитнәтил-фақри. Аллааһуммә инни әъуузу бикә мин шәрри фитнәтил-мәсиихид-дәджжаал. Аллааһуммағсил қалбии бимәәис-сәлджи уал-барад, уа наққи қалбии минәл-хатаайа кәмәә наққайтәс-сәубәл-әбйада минәд-дәнәс, уа бәәъид бәйнии уа бәйнә хатаайайа кәмәә бәәъәдтә бәйнәл-машриқи уал-мағриб. Аллааһуммә иннии әъуузу бикә минәл-кәсәли уал-мәсәми уал-мағрами».

Мағынасы: «Уа, Алла! Шын мәнінде мен Өзіңмен тозақ сынағынан, тозақ азабынан, қабір сынағынан, қабір азабынан, байлықтың ауыр сынағынан, кедейліктің ауыр сынағынан сақтанамын. Уа, Алла! Шындығында мен Өзіңмен Мәсіх Дажалдың ауыр сынағынан сақтанамын. Уа, Алла! Жүрегімді қармен және суықпен жуғайсың. Жүрегімді күнә-қателіктерден аппақ киімді кірден тазартқандай тазартқайсың. Күнә-қателіктерім мен менің арамды шығыс пен батыстың арасындай ара-қашықтыққа алыстатқайсың. Уа, Алла! Шындығында мен Өзіңмен жалқаулықтан, күнәдан, зиянға ұшыраудан сақтанамын». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

3 - «اَللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ العَجْزِ وَالكَسَلِ، وَالجُبْنِ وَالهَرَمِ وَالبُخْلِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ عَذَابِ القَبْرِ، وَمِنْ فِتْنَةِ المَحْيَا وَالمَمَاتِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

  1. Оқылуы: «Аллааһуммә иннии әъуузу бикә минәл-ъаджзи уал-кәсәли уал-джубни уал-һарами, уал-бухли уа әъуузу бикә мин ъәзәәбил-қабри, уа мин фитнәтил-махйа уал-мәмәәт».

Мағынасы: «Уа, Алла! Шындығында мен Өзіңмен дәрменсіздіктен және жалқаулықтан, қорқақтықтан, кәріліктен, сараңдықтан сақтанамын.  Сондай-ақ Өзіңмен қабір азабынан және тіршілік пен өлімнің сынақтарынан сақтанамын». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

4 - «اَللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ جَهْدِ البَلَاءِ، وَدَرَكِ الشَّقَاءِ، وَسُوءِ القَضَاءِ، وَشَمَاتَةِ الأَعْدَاءِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

  1. Оқылуы: «Аллааһуммә иннии әъуузу бикә мин джәһдил-бәләә, уа дәрәкиш-шақаа уа суу’ил-қада, уа шәмәәтәтил-әъдәә».

Мағынасы: «Уа, Алла! Шындығында мен Өзіңмен бәленің меңдеп алуынан, бақытсыздықтың жетуінен, тағдырдың жаманынан, дұшпандардың табасынан сақтанамын». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен. 

Дұғамыз неге қабыл болмайды?

Бір ауылда дұғасы екі етілмей қабыл болатын бір адам бар екен. Дұғалары қабыл болмайтын бір топ адам әлгі адамның алдынан шығып, мұның сыры мен жай-жапсарын сұрайды. Дұғасы қабыл болатын адам бір топ адамнан: «Дәл қазір сендер танымайтын бір адам келіп қарызға ақша сұраса берер ме едіңдер?» - деп сұрайды.

Олар бірауыздан:

– Танымайтын адамға қалай қарыз береміз, - дейді.

Жарайды, егер мен сұрасам берер ме едіңдер? - деп тағы сұрақтың астына алады. Сен сұрасаң, әрине, береміз, - дейді. Олардан не үшін беретіндіктерінің себебін сұрағанда, былай жауап қайырады:

– Біз сені жақсы танимыз. Сен сөзіңде тұрасың, өтірік айтпайсың, шыншылсың. Сен әрдайым жақсылық істейсің, - дейді. Сонда әлгі адам:

Міне, Алла тағала да дәл солай. Өзін жақсы танитын, өзіне берік сенетін, әрдайым Оны еске алатын, құлдық міндетін қолынан келгенше дұрыс атқаратын адамдардың дұғасын қабыл етеді, - деген екен.

Алла Тағала қабыл болатын дұға нәсіп етсін!                       

Бөлісу: