27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Садақаның кереметі

Садақаның кереметі

Мақалалар
Жарнама

Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.

Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан.

Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек:
- Мұқтаж жанға беру;
- Алла разылығы үшін берілуі;
- Берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс.

Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақындатып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі.

Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі иесі Алла. Алла қалаған құлына дәулет беріп, қаламағанына бермейтінін мына аятта баян етеді:

قُلِ اللَّهُمَّ مَالِكَ الْمُلْكِ تُؤْتِي الْمُلْكَ مَن تَشَاء وَتَنزِعُ الْمُلْكَ مِمَّن تَشَاء وَتُعِزُّ مَن تَشَاء وَتُذِلُّ مَن تَشَاء بِيَدِكَ الْخَيْرُ إِنَّكَ عَلَىَ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

«Сен айт: «Патшалықтың иесі болған ей, Алла! Қалаған адамыңа патшалық бересің, қаласаң одан тартып аласың, ықыласың түскенге үйіп-төгіп байлық бересің де қырыңа алғаныңды қор етіп қоясың. Игіліктің бәрі өз қолыңда. Сенің құдіретің бәріне толық жетеді», (3.Али Имран-26).
Алла біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін ескертеді. Бұл туралы Құранда былай дейді:

وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ

«Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» (51.Зарият-19).

Алла берген дәулетті қайда, қалай жұмсайтынымыз жайында мына аят баян етеді:

«Сенен адамдар мал-мүліктерін қалай жұмсауы керектігі жөнінде сұрайды. Сен айт: «Оны қалай жұмсасаңдар да еріктерің. Ата-аналарыңа ма, туысқандарыңа ма, жетімдерге ме, пақырларға ма, әлде мүсәпір жолаушыға ма, бәрібір әйтеуір жасаған қайырларыңды бір Алла білмей қоймайды», (2.Бақара-215).
Алла пендесін мал-мүлікпен де сынайды. Ал шайтан болса, бізге сараң болуды үгіттеп, садақа беруден тосатын болады.

«Алла берген несібені (игілікке) жұмсамай, сараңдық жасағандар қараулығы өздеріне пайда жеткізеді деп ойламай-ақ қойсын. Ол – өздеріне зиян. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күнінде мойындарына шынжыр болып оралады. Жер-көктегі игіліктің иесі Алла. Кімнің не істегенін бір Алла түгел көріп тұрады» (3.Али Имран-180).
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабаларының арасында мынандай әңгіме болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, - деді. Сахабалардан бірі:

- Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.), таппаған адам не істейді? Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер, - деді. Сахабалар:

- Істейтін жұмыс таппаса не болады? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Мұқтаж болған жанға қандайда бір көмегін береді, - деді. Сахабалар:

- Жәрдем ететін адам да таппаса ше? – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа, - деді. (Бухари, Муслим риуаяты)

Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» (Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.)
Бір хадисте: «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», - десе, екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет», - деп дұға етеді», - дейді. (Бухари, Зәкат 27; Муслим, Зәкат 57).

«Адамның өмірінде берген бір дирхам садақасы, өлім сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» (Әбу Дәуіт) хадисіне сай «Садақаны саулығыңда бер» деген бабалырымыз бес күндік тіршілікте ажал келместен, басқа бәле келместен алдын садақа беруді үрдіске айналдырған.

Сұраушыға көмек беру

Ғалымдарымыз есік алдына келіп сұраушыны бос қайтаруға болмайтынын айтып, мына хадисті негіз ретінде ұстанған.

-وَعَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُما: أَنَّهُ جَاءَهُ سَائِلٌ: فَقَالَ لَهُ اِبْنُ عَبَّاسٍ: أَتَشْهَدُ أَنْ َلا إِلَهَ إِّ لااللّهُ و اَنَّ محمدًا رسولُ الله؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَتَصُومُ وَتُصَلِّي؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: سَأَلْتُ وَلِلسَّائِلِ حَقٌّ، إِنَّهُ يَحِقُّ عَلَيْنَا أَنْ نَصِلَكَ. فَأَعْطَاهُ ثَوْبًا وَقَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَكْسُو مُسْلِمًا ثَوْبًا إِلاّ كَانَ فِي حِفْظِ اللّهِ تَعَالَى مَا دَامَ عَلَيْهِ مِنْهُ خِرْقَةٌ. أخرجه الترمذي.

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша бірде оған бір қайыршы келгенде одан: «Алладан басқа тәңірі жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.а.у.) Оның елшісі екеніне куәлік етесің бе?» - деп сұрайды. Қайыршы: «Иә», - дейді. Ибн Аббас: «Ораза ұстайсың ба, намаз оқисың ба?» - дейді. Әлгі адам: «Иә», - деп жауап береді. Ибн Аббас: «Сен сұрадың, сұраушының ақысы бар. Бізде сұраушыға беру міндетіміз», - деп оған бір киім береді. Сөзін жалғастырып былай дейді: «Алланың Елшісінен (с.а.у.) былай дегенін естідім: «Бір мұсылманға киім кигізген әрбір мұсылман Алланың қорғауында болады. Сол киімнің бір бөлшегі оның үстінде болғанша» (Тирмизи, Қиямат 42).

Садақа Алланың ашуын басады


وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الصَّدَقَةُ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ. أخرجه والترمذي.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Tирмизи, Зәкат 28)

Әнәс (р.а.) былай деп жеткізеді: «Алланың Елшісі (с.а.у.): Алла жерді жаратқан соң жер сілкіне бастады. Осыдан кейін таулармен оны берік етті. Сосын жер қимылдамады. Періштелер таулардың қуаттылығына таңырқап:

- Ей, Раббымыз! Таулардан да күшті бір зат жараттың ба? – деді. Алла:

- Иә, темірді жараттым, - деді. Періштелер:

- Темірден де күшті бір нәрсе жараттың ба? – деді. Алла Тағала:

- Иә, отты жараттым, - деді. Періштелер:

- Оттанда күшті бір нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала:

- Иә, суды жараттым, - деді. Періштелер:

- Судан да күшті нәрсе жараттың ба? – деп тағы сұрады. Алла Тағала:

- Иә, желді жараттым, - деді. Періштелер:

- Желденде күшті нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала:

- Иә, адам баласын жараттым. Егер ол оң қолымен садақа беріп, оны сол қолы көрмейтіндей жасырса (ол одан да күшті) - деді. (Тирмизи, Тәфсир, Муауизәтайн 2; Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3263 хадис)

Садақа апаттан, тозақтан сақтайды

Алиден (р.а.) риуаят бойынша былай дейді:

وَعَنْ علي رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بَادِرُوا بِالصَّدَقَةِ فَإِنَّ الْبَلاَءَ لاَ يَتَخَطَّاهَا

«Алланың Елшісі (с.а.у.): Садақа беруде асығыңдар. Өйткені апат садақадан оза алмайды», - деді. (Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3262 хадис).

«Жасырын берілген садақа Алланың ашуын қайтарады» (Бәйхақи)

وَعَنْ عدي بن حاتم رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ اِتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشِقِّ تَمْرَةِ.

Ади ибн Хатимнен (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жарты құрма болсада беріп оттан сақтаныңдар», - деді (Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3265 хадис).

Жақсы көрген нәрседен садақа беру

Аллаға жақын пенде бола білу үшін жақсы көрген нәрсемізді садақа етіп беру керектігін мына аят баян етеді:

لَن تَنَالُواْ الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» (4.Али Имран-92).

Әбу Талха есімді сахаба мадиналық дәулетті кісілердің бірі еді. Ол дүние-мүлкінен Пайғамбар мешітінің алдындағы «Бәйраха» деп аталатын бауын ерекше жақсы көретін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сол бауға жиі баратын, сондағы қайнардан мейірі қанып су ішетін. Бірде «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де, Алла оны толық біледі» деген «Али Имран» сүресінің 92-аяты түскен соң, Әбу Талха Пайғамбарымыздың құзырына барып: «Алла кітабында: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деп бұйырады. Менің ең жақсы көретін дүнием – «Бәйраха» бауы. Ол бүгіннен бастап Алла үшін садақа болсын. Бұл садақаның қайырлы және Алла құзырында оның таусылмайтын ақырет азығы болғанын тілеймін. Ей, Алланың Елшісі! Бұл бауды қалауыңызға қарай игілігіңізге жаратыңыз», - деп, садақа етеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сені құттықтаймын. Табысты дүние деген міне осы. Сені естідім Әбу Талха. Оны туыстарыңа бергенді жөн санаймын», - деді. Әбу Талха да: «Ей, Алланың Елшісі. Солай жасайын», - деп, аталған бауды кейбір туыстары мен немере ағайындарына бөліп береді. (Бухари, Зәкат 44; Муслим, Зәкат 42).

Иә, ардақты сахабалар осындай теңдессіз жомарттықты жасай білді!

Садақаны кезкелген уақытта беру

Садақа беру үшін арнайы уақыт пен сәт жоқ. Көңілден шыққан, беруге ниет еткен затты Алла разылығы үшін күндіз де, түнде де, жасырын да, ашық та беруге рұқсат.

الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُم بِاللَّيْلِ وَالنَّهَارِ سِرّاً وَعَلاَنِيَةً فَلَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ

«Мал-мүліктерінен күндіз-түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды» (2.Бақара-274).

Осы аятқа сәйкес Хазіреті Али (р.а.) бірде 4 дирхам ақшасын садақа етуді ниет етеді. Негізінде одан басқа ақшасы да жоқ еді. Сол ақшасының 1 дирхамын түнде, 1 дирхамын күндіз, 1 дирхамын жасырын, 1 дирхамын ашық түрде садақа етіп береді. Оның бұлай істегенін естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Неге бұлай істедің?» - деп сұрайды. Сонда Хз. Али (р.а.): «Раббымның уәде еткен сауабына қол жеткізе білу үшін», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ойлағаныңа қол жеткіздің», - деп сүйіншілейді. (Уахиди. 95 бет).

Садақаның қайтарымы еселеп қайтады

Алла шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын еселеп беретінін бұйырады. Бұған қатысты аяттарда былай дейді:

«Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші» (2.Бақара-261).

مَن جَاء بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا

«Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» (6.Әнғам-160)

وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ ...

«Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады» (34. Сәбә-39).

Бір күні бір қайыршы Хазреті Алиге келіп бір нәрселер сұрайды. Хз. Али баласы Хасанды анасына жұмсап: «Анаңа бар, өзіне бергем 6 дирхамның біреуін алып кел», - дейді. Баласы үйіне барып келеді де: «Анам ол 6 дирхамды ұн алу үшін қойып қойғанын айтты», - дейді. Сонда Хз. Али: «Бір құл Алланың құзырындағысына өз қолындағыдан да артық сенбейтін болса, иманы кәміл болмайды. Бар, оған айт, 6 дирхамның бәрін берсін», - дейді.

Ұлы Хасан үйіне барып 6 дирхамды әкесіне әкеліп береді. Али де оны қайыршыға береді.

Хазреті Али үйіне кіре берісте түйесін сату үшін жетектеген бір адам қасына жақындайды. Хз. Али: «Түйеңді қаншаға сатасың?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «140 дирхамға», - деп жауап береді. Али: «Несиеге беретін болсаң, оны есікке байла», - дейді. Әлгі саудагер түйені есікке байлап кетіп қалады.

Арадан көп уақыт өтпей бір адам келіп: «Бұл түйе кімдікі?» - деп сұрайды. Али: «Менікі», - дейді. Ол: «Оны сатасың ба?» - деп сұрайды. Али: «Иә, сатам», - дегенде: «Оны қаншаға сатасың?» - деп сұрайды. Али: «200 дирхамға», - деп жауап береді. Ол да: «Жақсы, алдым», - деп 200 дирхамын санап беріп, түйені алып кетеді.

Хазреті Али түйесін несиге сатқан адамға 140 дирхамын алып барып береді де, қалған 60 дирхамын Фатима (р.а-һа) анамызға ұсынады. Сонда Фатима анамыз: «Бұл не?» - деп сұрайды. Хз. Али: «Бұл, Алланың: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», - деп (6.Әнғам-160) Пайғамбары арқылы біздерге уәде еткен сыйы», - дейді. (Али әл-Муттақи. ҮІ. 572-573).

Бірде Фатима анамыз көңілсіз, ас ішуге деген тәбеті бармай отырған сәтінде Хз. Али бөлмесіне кіріп келеді. Сөйтіп жарына: «Ей, Фатима! Тәтті заттан не жегің келеді?» - деп сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Ей, Али, анар жегім келеді», - деді. Хазреті Али ақшасы болмағанымен сыртқа шығып, ойланып, қарыз алады да, базарға барып бір анар сатып алады. Үйіне келе жатып, жолда науқастанған кәрі кісіні көреді. Али оған жақындап: «Не қалайсыз?» - деп сұрайды. Ол адам: «Ей, Али. Бес күн болды осында тастап кетті. Адамдар өтіп кетіп жатыр. Ешкім маған қол ұшын берейін демейді. Анар жегім келіп тұр», - дейді. Хазреті Али сәл ойланып: «Егер қолымдағы анарды мына қарияға берсем, Фатима анарсыз қалады. Ал егер бермесем, Алла Тағаланың мына аяты бар: «Тіленшіге зекіме» (93.Духа-10) және Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Сұраушыны бос қайтармаңдар», - деген сөзіне қарсы келген болам деп, анарды әлгі қарияға береді.

Хазреті Али Фатима анамыздан ұялып, үйіне келеді. Фатима анамыз Алиді көрген кезде орынан тұрып қарсы алады. Али анар оқиғасын айтып бергенде Фатима анамыз: «Ей, Али. Сен уайымдама. Аллаға ант етемін, сен сол қарияға анарды берген кезде, анарға деген тәбетім басылды», - дейді. Хазреті Али осы сөзді естіген соң, көңілі жайланады.

Көп уақыт өтпестен есік қағылады. Хз. Али есік қағып тұрғанның кім екенін сұрағанда Салман Фариси екенін айтады. Есікті ашып, ішке кіргізеді. Оның қолында беті орамалмен жабылған табақ бар еді. Ол табақты Алидің алдына қояды. Хз. Али: «Бұны кім жіберді?» - деп сұрайды. Салман: «Бұны Алла Пайғамбарына (с.а.у.) жіберген. Пайғамбар (с.а.у.) да саған жолдады», - деді. Али табақтың бетін ашып қарағанда 9 анарды көреді. Сонда ол: «Ей, Салман. Бұл әкелгенің маған болса, 10 болар еді. Өйткені Алла Тағала: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», - деген» дейді (6.Әнғам-160). Салман күлімсіреп, жасырып қойған бір анарды шығарып, табақа қояды: «Ей, Али! Аллаға ант етейін анар саны он еді. Бірақ мен сені сынайын деп біреуін жасырып қойып едім», - дейді. (Мақасидут-Талибиин. 300-бет).

Садақа Аллаға берілген қарыз

Алла адамға берген нығметінен өзіне қарыз беруін және қайтарымын еселеп беретінін ескертеді. Бұл жайында аятта:

«....Парыз намазын оқыңдар, зекет беріңдер, Алла үшін қарыз-несие атаңдар. Сендер өздерің үшін қандай бір жақсы іс істесеңдер Құдай алдында тіпті керемет, тіпті зор сауапқа қолдарың жетеді...» (Музәммил-20) – деп бұйырады. Ал мына аятта болса:
«Кімде кім Алла үшін қарызды көп берсе, оның бодауын Алла әлденеше есе көп етіп қайтарады. Алла біреуді кең, біреуді тар қылады. Сендер Алла құзырына қайтып барасыңдар» (2.Бақара-245) дейді.
Аллаға қарыз беру деген Алла үшін садақа беру деген сөз.

Осы аталған аят нәзіл болған соң Әбу Дахдах есімді сахаба Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.)! Алла бізден қарыз сұрай ма?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә, ей, Әбу Дахдах, Алла қарыз сұрайды», - деп жауап береді. Әбу Дахдах Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қолын ұзатуын сұрап, оның қолын ұстап тұрып: «Мен ішінде 600 түп құрма ағашы бар бауымды Аллаға қарыз ретінде беремін», - дейді.

Әбу Дахдах Пайғамбар (с.а.у.) құзырынан шығып, құрма бауына барады. Бала-шағасы баудың ішінде жүрген еді. Баудың қақпасында тұрып әйеліне дауыстап: «Ей, Умму Дахдах! Бауды босатыңдар. Өйткені мен бұл бауды Аллаға қарыз ретінде бердім», - дейді. Әйелі де оған: «Ей, Әбу Дахдах! Өте табысты сауда жасапсың. Алла саудаңды мүбарак етсін», - деп, баудан шығады. Оның бұл әрекетіне байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жәннатта Әбу Дахдах үшін әзірленген, бұтақтары иілген қаншама үлкен құрма ағаштары бар» (Табари, ІІ. 803 б.; Хаким. ІІ. 24/2194)

Садақа тек қаржымен шектелмейді
сауапты іс жасау үшін тек қаржылай немесе заттай беру міндет емес. Жақсы ниетпен жасаған әрбір ісіміз садақа болатынын мына хадистер баян етуде:

«Әрбір жақсылық - садақа» (Тирмизи)

«Жақсы сөз - садақа» (Ахмад б. Ханбал)

«Күлімсіреген жүзбен сәлем беру - садақа» (Бәйхақи)

«Дін бауырына күлімдеп сәлем беру - садақа» (Тирмизи)

«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйу - садақа» (Муслим)

«Бауырына қарсы күлімсіреу  - бір садақа. Жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару да садақа. Жолдан адасқанға жол көрсету садақа, зағип жанға көмек беру садақа, жолдан тас, тікен, сүйек секілді нәрселерді алып тастау садақа, өз шелегіңнен бауырыңның шелегіне су құйу да садақа» (Тирмизи, Бирр 36).

Садақаның пайдасы

Садақа берген сәтте өзгелер үшін пайдасы болған амал ретінде көрінгенімен негізінде берген адам үшін пайдасы мен сауабы мол. Садақа адамға мейірімділікті, нәпсіні тәрбиелеуді үйретеді әрі мал-дүние мен жүректі тазалайды. Ал ақыретте сауапты амал жасау мүмкін болмаған сәтте берген садақасының сауабы жұмаққа жетелейтін болады.

Пенде дүниеден озғанда мал-дүниесі жайында қиындыққа тап болып, жиған-терген дүниесі артында қалғанымен сол үшін есепке тартылатын болады. Ал дүниесінен садақа берсе, есебін беру жеңіл болмақ.

Өзгеге қол ұшын беру мен садақа берудің ең маңыздысы өзі мұқтаж бола тұра барын бөліп беруі болмақ. «Кімде кім адал жолмен тапқан табысынан бір құрмадай садақа берсе, Алла ол садақасын қабыл етеді. Содан кейін оны таудай болғанша, яғни сендерден біреуіңіз тайын өсіргендей иесіне барынша үлкейеді», - дейді. (Бухари, Зәкат 8; Муслим, Зәкат 63).

Садақа беруде шамаға қарап амал еткен жөн. Әбу Бәкірдің қызы Әсма: «Ей, Алланың Елшісі! Жұбайым Зубайрдың берген мәхірінен басқа затым жоқ. Садақа берейін бе?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шамаңа қарап садақа бер. Дорбаның аузын бума, Алла да сенің ризығыңды буады», - деді. (Бухари)

Садақа берудің 10 пайдасы бар: осы дүниедегі 5 пайдасы

  1. Мал-дүниені тазартады;
  2. Күнәларды өшіреді: «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» (Тирмизи)
    «Садақа тәкәппарлықты жояды» (Тирмизи)
  3. Ауру мен апаттан сақтайды: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» (Бәйхақи риуаяты)
  4. «Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи)
  5. Мұқтаж жанды қуантады;
    Ризықты арттырып, табысқа берекесін береді:
    «Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа)

«Азда болса садақа беріңдер. Ақшасын тығып бермегенге, Алла да нығметін азайтады» (Муслим)

Садақаның ақыреттегі 5 пайдасы:

  1. Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады: «Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады» (Бәйхақи)
  2. Тозақтан құтқарады: «Жарты құрма болса да садақа беріп, тозақтан сақтаныңдар»
  3. Таразыда сауабы басым болады;
  4. Сырат көпірінен өтуі оңай болмақ;
  5. Дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ.

Садақа беруде мән берілуі тиіс жайттар

Мұсылман пенде қолғабыс жасау мен садақа беру барысында кейбір мәселеге көңіл бөлгені жөн:

– Жақсылықты Алла разылығы үшін жасау.

«Ал сендер қандай қайыр-садақа берсеңдер де ол өздерің үшін, тек оны Алланың разылығы үшін ғана бересіңдер...», (2.Бақара-272).
– Садақамызды алдымен жарлы адамнан бастаған жөн. Біреуден бірдеңе сұрауға ары жібермейтін қаншама тұрмысы нашар отбасылар бар. Осындай жанға жәрдем ету сауабы мол іс:

«Садақа берсеңдер – Құдайға құлшылық етіп, ешқайда шықпайтын, алыстап ешқайда бара алмайтын жоқ-жітікке беріңдер. (Ешкімнен) еш нәрсе тілемегеніне қарап, білмегендер оларды бай деп есептейді, ешкімге жабыспайтынын олардың жүзінен-ақ танисың. Мал-мүліктен нені садақа етсеңдер де оны Алла айқын біледі», (2.Бақара-273).
– Іске жарамсыз өзіңе де, елге де қажеті шамалы бұйымды садақа ретінде беру дұрыс болмайды. Бұл жайында аятта былай делінген: «Әй, мүминдер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден өндірген өнімнің жақсыларынан Алла үшін жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып амалсыз алатын құнсыз, сапасыз дүниені Алла жолына беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы», (2.Бақара-267).

– Берген көмек пен садақаны міндетсінбеу. Аятта былай ескертеді: «Ей, иман келтіргендер, мал-мүлкін көрер көз үшін жұмсайтындар, Аллаға және ақырет күніне сенбейтіндер секілді (сендер де) бергендеріңді міндет қылып, ренжітіп, садақаларыңның сауабын жойып алмаңдар. Олардың мысалы: үстіндегі шаң-тозаңын нөсер жуып кеткен жалаңаш жартас тәрізді болмақ. Олардың еңбектері еш кетеді. Алла ондай безбүйректерді тура жолға салмайды», (2.Бақара-264).

– Берген садақасын жарияламау. Садақаның жасырын берілуі адамды риядан сақтайды. Жасырын берілген садақа адамның күнәсінің кешірілуіне себеп болмақ. «Егер де садақаны құпия түрде берсеңдер, сендер үшін одан да жақсы. Алла сендердің күнәларыңды жарылқайды», (2.Бақара-271).

وَعَنْ سَعِيدِ بن المسيب رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: اَتَى سَعْدُ بنُ عُبَادَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ رَسُولَ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَىُّ الصَّدَقَةِ أَعْجَبُ إِلَيْكَ؟ قَالَ: الْمَاءُ. أخرجه أَبُو دَاوُد.

Сайд ибн Мусайябтан (р.а.) риуаят етіледі Сағд ибн Убада Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Саған ұнайтын садақа қайсысы?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Су», - де жауап берді. (Әбу Дәуд. Зәкәт 41)

Адам үшін тіршіліктің нәрі су болғандықтан су беру де сауапты амал болғандықтан мұсылмандар құдық қазып, құбыр тартып беруді үрдіске айналдырған. Хазіреті Осман (р.а.) Мадина қаласындағы яһудиге тиесілі болған құдықты сатып алып, мұсылмандарға бағыш еткенін, осы ісімен жәннатты сатып алғанын білеміз.

Тақырыпты мына бір ғибратты оқиғамен аяқтағанды жөн көрдік. 

Ертеректе патшаның ақылды уәзірі болыпты. Сол уәзір ел ішіндегі жағдайы төмен, мұқтаж жандарға қазынадан қарыз береді екен. Қарыз бергенде патша өлген соң қайтарасың деп, қол қойдырып алады екен. Алайда уәзірді көре алмайтын дұшпандары оның бұл әрекетін патшаға жамандайды. Патшаға сіздің уәзіріңіз қазынаңыздағы қаржыны түгі жоқ кедейлерге таратып жатыр, ол аздай патша өлгенде қайтарасың деп айтады екен. Ол сіздің өлуіңізді қалайды. Сіз дүниеден өткен соң сол қаржыларды өзі жинап алмақ деп жамандайды. Патша айтылған әңгімелерге сеніп, уәзірді жазаламақ болады. Тіпті өлім жазасына да кесетінін айтады. Сөйтіп уәзірді шақырып, естіген мәселе жайында сұрайды. Уәзір расында да солай қарыз бергенін, патша өлген соң қарызды қайтарасың деп келіскенін де жасырмай айтады.

Мұны естіген патша қаһарына мініп, уәзірді өлім жазасына кеседі. Сонда уәзірі дат сұрап, не үшін олай жасайтынын айтқысы келеді. Патша уәзірдің соңғы тілегін тыңдауды жөн санап, сөз береді. Уәзір патшаға қарап: «Мәртебелі патшам. Мен сіздің қазынаңыздан кедейлерге қарыз бергенде патша өлгенде қайтарасың деп келісетін себебім, олардың қайтаратын шамасының жоқ екенін білемін. Қайтара да алмайтынына көзім жетеді. Бірақ олар алған қарыздарын қайтара алмай қиналғандықтан үнемі Алладан «Ей, Алла! Патша өлмесе екен» деп сіздің тілеуіңізді, өміріңізді тілейтін болады», - дейді. Мұны естіген патша, уәзіріне дән риза болып, кешірімін береді.

Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.

Сейтбков Смайыл Сүйерқұлұлы

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы

бойынша өкіл имамы

Бөлісу: