27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с.) иісі аңқыған үңгір

Пайғамбардың (с.ғ.с.) иісі аңқыған үңгір

Мақалалар
Жарнама

2015 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен тұңғыш рет тікелей реис ашылып, біз ең әуелі, «Пайғамбардың қаласы» атанған Мәдина қаласына бардық.

Бұл көп жылдық қажылық сапарын ұйымдастыру тәжірибесі бар Аманкелді қажы (Еренғайыпұлы) үшін де үлкен жаңалық екен. Себебі, өзі осы қызметпен айналыса бастаған 1998 жылдан бергі  қазақстандықтардың үлкен қажылық міндетін Мәдина шаһары арқылы бастауы екен.

Қажылардың бәрі де қасиетті жерге табаны тигені үшін көздері жасқа шыланып, Алланың ақырғы Елшісін (с.ғ.с.) «Иә, мәрхаба» деп күтіп алған, барын алдына төсеп, пана болған, Ислам нұрымен «Нұрланған қаланың» Алла Елшісінің ізі қалған көшелерін, мүбәрак аяқтарымен басып жүрген топырағын басып, өнеге бақшасынан адамзат үшін гүлзар тұрғызған, Пайғамбарлық ізгіліктің, Елшілік шам-шырақтың нұры қалған қасиетті мекеннен алған әсерлерін тілмен айтып жеткізгісіз...

Зұлхижжа айының 4-жұлдызында, Алла Тағала «Нұр-Қазақстан» қажыларына жер-жаһанға Ислам шуағын таратқан қасиетті қаланың тарихи-қасиетті орындарын зиярат етудің сәтін салды. Арнаулы автобустар бізді ең әуелі Ұхұд тауына алып барды.

Жол бойы компания ұстазы Кентау қаласының бас имамы Исмайыл қажы қасиетті қаланың тарихы жайындағы әңгімесіне құлақ құрышын қандыра отырып, Ұхұд шайқасымен аты қалған тарихи тауға қалай жеткенімізді білмей қалдық. Жатаған тау. Бала күнімізде ауызашар мен соғым басында аталардан еститін аңыз өлке. Сира кітаптарынан ғана оқитын Ұхұд. Шексіз мейірімді Алла аңсаған жерге ақыры алып келді.... Талай қажының жүзінен Аллаға деген шексіз махаббатының бал-бұл жанған ыстық лебін көргендеймін. Талай қажының көз шарасында іркілген жас тамшылары – жүректен шымырлап шыққан шүкіранасы, мейірімді Раббысының алдында үлкенді-кішілі күнәлары үшін қымсынған ар-ұяты еді. Мөлт етіп үзіліп кетердей, тазарып келе жатқан жан дүниесіндей мөлдіреп, қарашықтарда боталап, кірпіктерде ілініп, көз шанағында лықсып, тұнып тұр... Қалай ғана жанарлар жасқа шыланбасқа? Алланың Расулының (с.ғ.с.) ізі қалған қасиетті топыраққа әр жылы мыңдаған қазақтың жанарынан жас тамады деп кім ойлаған. Бәрі де Ұлы әрі Құдіретті Раббымыздың елімізге, халқымызға берген нығметінің арқасы.

Бұл жерде әлемнің әр түкпірінен жиналған бауырларымыз зиярат етіп жүр. Түрі мен түсіне, ұлты мен ұлысына қарамай, бір-бірімен қауқылдасып, ізетпен ілтипат білдірісіп, өзара тілеулестігін, ниеттестігін көрсетіп күлімсірейді... Түсінген жанға бұл Ислам дінінің бейбітшілік, ынтымақ діні екенін айқындайтын көріністер еді.

Тарихи тағылымға айналған шайқас (Ұхұд ғазауаты) барысында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) садақшыларды орналастырған жотаның етегіне келдік. Иә, қияметке дейінгі адам баласына үлгі боларлық, тарихтың ащы сабағын берген орын еді бұл. Дәл осы жерде Пайғамбардың (с.ғ.с.) бір өсиетін орындамаған садақшылардың себебімен, ашығын айтсақ, болмашы бір түсінісбеушілік себебінен жеңіс жеңіліске айналған. Дәл осы жерде бір ауыз тапсырмаға берік болудың, жүктелген міндетке деген жауапкершіліктің ғибраты қалған.

Компания президенті Аманкелді қажы осы тарихи орында Ислам тарихындағы дінді қорғау жолындағы ұрыстардың бірі өткенін қажыларға баяндап берді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінен бұйрық келмейінше, тапжылмауға әмір еткен садақшылар, жаудың тықсылырып, ойсырай бастағанын көңілге медеу тұтып, олжадан құралақан қалмау үшін, өздері қорғап тұрған тау сағасынан ұрыс алаңына беттейді. Осы орайды пайдаланған жау әскері тасада тығылып тұрған қосалқы қосынмен ұрыс алаңына кіріп, мұсылмандарды ойсыра жеңеді. Бұл садақшылардың Алла Расулының (с.ғ.с.) бір әмірін орындамауының себебінен болған жеңіліс еді.

Аманкелді қажы мұдан ары Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бұйрықтарына бойұсынудың қаншалықты маңызды екенін баяндай келе, бұл таудың баурайындағы бір ғажайып үңір туралы әңгімеледі.

«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ұхұд соғысында қатты жарақат алып, 3-4 сағат сол үңгірде жатып, есін жиған. Алланың құдіреті сол, әлі күнге дейін сол үңгірден Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хош иісі шығады.

2005 жылы шейхтар маған: «Сол үңгірді зиярат ет, пайғамбарымыздың иісі шығады» деп айтқан кезде алғаш барған болатынмын. Жұпар иіс мұрнымызға келген кезде көз жасыма ие бола алмай қалған едім. 2013 жылы келгенімізде сол үңгірді арнайы зиярат етіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айттық. Бірақ, бүгінде ол үңгірді топпен барып зиярат етуге жергілікті үкімет тарапынан тыйым салынған. Бұрындары үңгірге емін-еркін кіріп шығуға болатын еді. Қазірде үңгірді зиярат етудің соңы Пайғамбарға (с.ғ.с.) табынуға ұласып кетпеуі үшін, кірер ауызы бетондалып, еркін зияратқа тыйым салынғандықтан топпен бару мүмкін емес. Дегенмен, ол үңгірді білетін кісілер ебін тауып, зиярат етіп жатады».

Дәл осы сәтте менің тұла бойымды жаратылыстың абзалы болған, аяулы жанға деген зор сағыныш кернеді. Оның мүбәрак иісін иіскеуді соншалық армандадым. Алақанымды жайып, «Иә, Алла! Маған сол үңгірге зиярат етуді нәсіп еткін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) иісін іскеу бақытын нәсіп етші», - деп дұға қылдым...

Бұдан кейін, қажылармен бірге Ұхұд шейіттерінің қабірін зиярат етіп қайтар жолда, Аманкелді қажы әңгіме арасында «Ореке, Құдай қаласа, түстен кейін бір жерге барамыз. Бүгін екінті намазынан кейін, қонақ үйдің алдында кездесейік», - деді. Мен Қажекеңнен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ұрпақтары жайлы сұрап келе жатыр едім. Сол кісілермен жүздесуге баратын шығармыз деп ойладым да, неде болса бара көрерміз деп, уәделі уақытты күттім.

Нәби мешітінен екінті оқып шыға сала уағдалы жерге жеттім. Міне, ғажап! Біз Пайғамбарымыздың иісі аңқыған үңгірге бара жатыр екенбіз. Алла не деген мейірімді десеңші!

Өзіне жалбарына жайған қолымызды қайтаруға ұялатын Раббымыз сұрағанымды бірер сағат ішінде нәсіп етіп отыр. Сонымен, Қажекеңнің бастауында Қостанай облысы Аманкелді ауданының бас имамы Жандарбек қажы, Аманкелді ауданының тұрғыны Нұрлыбек Еренғайыпұлы, Сәкен қажы Әбсадықұлы, Үржар ауданының имамы Қайырбек қажы бар, қасиетті үңгірді зиярат етуге тартып келеміз.

Меккелік жүргізуші Файсал машина тұмсығын биік жартастары бар, қожыр тасты таудың етегіне әкеп тіреді.

- Ана үңгір. Қажекелер, енді жаяулап көтерілеміз, - деп Аманкелді қажы жол бастап келеді.

Жаяу жолмен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жараланған сәтінде паналаған үңгіріне тақап қалдық. Шамасы, 20-25 метр қалғанда ешқашан иіскемеген жұпар иіс мұрынымызға келді. Міне, Пайғамбарымыздың жұпар иісі! Тәкбір айтып, таң қалыстық. Үңгірге жақындаған сайын жаңағы иіс жұпарлана түседі.

Жеткенімізде, бір-біріне иық сүйеген екі жартастың арасынан қалыптасқан, жақпар-үңгір аузын жартысына дейін бетондап тастаған екен. «адамдар Пайғамбарға сыйынып, шірік жасап кетеді» деп сақсынған жергілікті мұсылмандар, Бірақ, адам кіруге мүмкіндік табылатындай.

Сонымен кезек-кезек үңгір ішіне кірдік. Үңгір ішінің хош иісін тілмен айтып жеткізгісіз. Таңғажайып жұпар иіс мұрынды жара аңқып тұр. Соншалық қою, соншалық жұпарлы.

Жандарын Ардақты Елшіге (с.ғ.с.) деген терең сағынышқа бөлеген қажыларымыз жанарларына жас алды. Қажылардың көз шанағына іркілген мөлдір тамшылар Алланың құдіретінің шексіздігіне тәнті болған иманның мөлдір шықтарындай. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзін зиярат еткендей тылсым бір ләззат сезіміне шомасыз... Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаралы халінде осы үңгірге келгенде жарасынан бір тамшы қан үңгір ішіне тамған екен. Міне, сол күннен бері үңгірден хош иіс аңқып, айналаны кернеп тұрады екен.

Сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат-сәлемдер жолдап, ізгі дұға жасап, Пайғамбар иісін қимай-қимай аттандық. Қажыларымыздың оң қолынан әлгі жұпар иіс, дәрет алып, моншаға түскенде де кетпестен түннің бір уағына дейін аңқып тұрды.

Оразбек САПАРХАН

Бөлісу: