27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Рамазан айындағы 5 тарихи оқиға

Рамазан айындағы 5 тарихи оқиға

Мақалалар
Жарнама

Рамазан айы ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, ойымызды да жат дүниелерен тосу екені мәлім. Алайда, Рамазан айының таңғажайып тарихи оқиғаларға толы екенін білмейтін боларсыз. Ендеше, назарларыңызға Рамазан айында орын алған бес түрлі тарихи оқиғаны ұсынамыз.

Бәдірдегі шайқас

Бәдірдегі шайқастың адамзат тарихындағы жақсылық пен жамандықтың арасындағы ең елеулі шайқас екені сөзсіз. Бір жақта – соңғы Пайғамбар ﷺ мен оның 300-ден сәл ғана асқан ізбасарлары, екінші жақта – күшімен, адамдарымен, қару-жарағымен және байлығымен қаншама есе басым болған пұтқа табынушы құрайыштықтар. Одан әрі қарай әлі күнге дейін ол жайында сөз болғанда мұсылмандарды еске түсіретін эпикалық шайқас орын алды. Шындығында, бұл шайқастың маңыздылығын атап өту үшін «эпикалық» сөзі жеткіліксіз. Әлемдік жүйеде бұл шайқас қаншалықты маңызды еді? Шайқастың алдында Пайғамбар ﷺ қолын аспанға көтеріп былай деп дұға қылды:
«Егер бүгін мына аз ғана адамдар тобы қаза тапса, жер бетінде Саған құлшылық жасайтын ешкім қалмайды».
Олар қаза таппады. Соның нәтижесінде Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммедтің Оның құлы әрі Елшісі екеніне куәлік ететіндердің барлығы Алла Тағалаға мәңгілік шүкіршілік етіп өтпек.

Меккенің жаулап алынуы

Меккенің жаулап алынуы − Ислам тарихындағы жай ғана бір таңба емес, мәні әлдеқайда маңыздырақ жайт. Бұл дүниедегі ең ғажап оқиғалардың бірінің сәтті аяқталуы болатын. Ерлер мен әйелдердің ұстанған діндері үшін өзі туған қалаларынан ұзақ уақыт бойы қудалауға ұшырап, туған мекендерін тастап кетуге мәжбүр болғандығы, он жыл өткеннен кейін сол жерге жеңімпаз болып қайта оралғандығы жөніндегі оқиғалар. Меккені жаулап алу дүниежүзі тарихындағы оқиғалар барысын өзгерткен сәт болды – Ислам өзі бастау алған жерге қайтып оралды, Қағба қайтадан Аллаға ғибадат ететін жерге айналды. Мекке алынғаннан кейін Арабияның қалған бөлігі де Исламға бағынды. Біршама уақыт өткеннен кейін Арабия түбегіндегі тайпалардың барлығы дерлік өздерінің бойсұнушылығын білдіріп, куәлік ету үшін Меккеге делегацияларын жібере бастады.

Бүгінде 1,6 миллиардтан астам мұсылман күніне бес рет намаз оқу үшін осы қалаға бет бұрады, өмірлерінде, тым болмаса, бір рет қажылыққа баруды және Рамазанның тамаша күндерінің бірінде бағындырылған қалада жерленуді армандайды.

 Хаттиндегі шайқас (1187 жылдың 4 шілдесі)

Салахуддин Аюби Ислам тарихындағы ең таңғажайып қаһармандардың бірі болатын. Оның крестшілерді ойсырата жеңіп, бір ғасырға жуық уақыт франк-крестшілердің арамдауынан кейін Иерусалимді мұсылмандарға қайтарып алғанын білеміз. Ол мұндай жетістікке сондай қатыгез кезеңде қол жеткізе білді. Оның үстіне, рыцарьлік құндылықтарын сақтаған аса бекзат адам ретінде қалып, сонысымен тіпті дұшпандарын да мойындатты.

Бірақ, оның шайқасқа ең тамаша кезеңді таңдағанынан хабарымыз бар ма? Салахуддин крестшілердің патшалығын көптеген жылдар бойы төңіректеп жүрді. Күш жинаумен болды, өз әскерінің осал тұстарын жойып, шындығында, крестшілердің әміршілерімен «мысық-тышқан» ойынын ойнап келді. 1187 жылы сол ойын өзінің шарықтау шегіне жетіп, Хаттинде аяқталды. Орын алған ұрыс шайқастан гөрі Салахуддиннің жауды тактикамен, күшпен және ақылмен қалай еңсеруге болатындығын көрсеткен «шеберлік сабағындай» болды. Бәрі аяқталғаннан кейін мұсылмандардың жеңіске жеткендігі белгілі болып, крестшілердің көшбасшылары тұтқынға түсті, сөйтіп, Иерусалимге баратын жол ашылды.

Айн-Джалуттегі соңғы шайқас (1260 жылдың 3 қыркүйегі)

 Қазіргі кезде Моңғолияның адамдарын көрмек түгілі, ол ел жайлы естіген мұсылмандар некен-саяқ. Алайда, сол заманда жолында жолыққандардың бәрін талқандап, ойсыратқан моңғол ордаларының тегеурінінен бүкіл мұсылман әлемінің құты қашты. Мұсылмандардың моңғолдардан қаншалықты зәресі қалмай қорыққандарын жақсы түсінулеріңіз үшін бір хикаяны баяндап бермекпіз: бірде моңғол жауынгері мұсылманды жеңіп, тізе бүктірген де, өзі оны өлтіру үшін қылышын алып келгенге дейін сол орнынан тапжылмай күтуін бұйырған. Ал, мұсылман сарбаз қаша жөнелмей,оны сол қалыпта сабырмен күткен. Өйткені, моңғолдардың кегі өлімнен де жаман деп ойлап, басын қатерге тігуге қорыққан.

Бұл дұшпанның қолынан мұсылман әлемі түгелдей дерлік жеңіліс тапқан. Тек Мысырда бір форпост аман қалған. Онда мәмлүк сұлтаны Кутуз қол қусырып ажалын күтіп отырмауға бел буып, бүкіл әскерін жинап, соңғы рет талпыныс жасаған. Голиаф (Айн-Джалут) бұлағының маңында екінші дәрежедегі мұсылман державасы жеңілмейтін моңғол әскеріне қарсы тұрды. Бұл арық, әлсіз, жеңіл үміткер мен ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионының арасындағы бокс жарысындай болды, тек бір айырмашылығы – мыңдаған адамның өмірі қатерге тігілді. Екі жақ та жеңістен үміттеніп, шайқастың барысы құбылып тұрғанда Кутуз жаудың шебін бұзып өтті. Сол Рамазанда алғаш рет моңғолдар шайқаста жеңіліс тауып, Ислам (әлемнің басқа да бөліктерін айтпағанда) сақталып қалды.

 Гуадалет өзеніндегі шайқас (711 жылдың 19 шілдесі/Рамазан, хижраның 92 жылы)

 Африкадағы Омейядтар өкілінің құлы Тариқ ибн Зияд пен оның берберлік әскері Испаниядағы вестготтардың патшасы Родерикке қарсы шықты. Тариқ ибн Зияд құл болып дүниеге келіп, кедей болып көз жұмды, бірақ, сол екі аралықта тарихтағы ең ұлы қолбасшылардың біріне айналып үлгерді.

Тариқ Испанияның төменгі жағындағы үлкен жартасқа (ол әлі күнге соның атында) жақын жерде қайықтан түсіп, өзі мен жолдастары Мағрибтен (Батыс Африкадан) мініп келген қайықтардың бәрін өртеп жіберді. Оның бұл әрекеті әскеріне жігер берді де, қарсы тараптың сан жағынан басым болғандығына қарамастан (олар, кем дегенде, үш есе көп болған), мұсылмандар Родерик патшаны тізе бүктірді. Бұл мұсылмандардың бүкіл Испаниядағы және Францияның үлкен бөлігіндегі жеңістерінің басы ғана болатын.


Мұсылмандардың Андалусиядағы (Испаниядағы) 800 жылдық билігі осылай басталды. Сол кезең Омейядтардың өркениетінің кемелденген шағы еді. Бұл билік үстемдік еткен дәуір Еуропаны ағартудың негізін құрып, мұсылмандардың, христиндардың және яһудилердің өзара бейбітшілікте және үйлесімде өмір сүре алатынын дәлелдеп берді. Бұл кезең инквизиция келгенге дейін жалғасты.

 Тарихтан сабақ

Рамазан айын рухани тазару мен өзіңді дамыту айы деп қана санау, тарих бойы Рамазан айының артықшылығы болып келген жанкештілік пен ерлікті көзге ілмеу болмақ.

azan.kz

Бөлісу: