Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірқатар сауапты амалдарды орындаған кісіге Жәннатты уәде еткен. Ендеше мол сауаптан сіз де қапы қалмаңыз! Жәннат бағын бұйыртатын мына амалдарды жадыңызда жаттап, амал етіңіз:
«Ақыретте Алланың құзырына мына фәниде Оған еш ортақ серік қоспастан келген адам – Жәннаттық» (Бухари).
«Аллаға және және Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шынайы иман келтіріп, намазын толық орындаған және Рамазанда отыз күн ораза тұтқан кісінің орны – Жәннат» (Бухари).
«Бір Алланың разылығын іздеп, мешіт тұрғызған жанға Алла Тағала Жәннаттан үлкендігі дәл сондай зәулім үй тұрғызады» (Бухари).
«Екі намазды толық және уақытында орындаған кісі (таң және асыр намаздары) сөзсіз Жәннатқа кіреді» (Бухари).
«Бұл екі намазды (таңғы және түстен кейінгі намаз (бесін) мешітте жамағатпен бірге оқыған мұсылманның барар жері – Жәннат. Екі жағының ортасындағы (тілі) мен екі аяғының арасындағысын (күнәдан) сақтауға кепіл кісіге мен Жәннатқа кіруіне кепіл боламын» (Бухари).
«Күндіз және түнгі мезгілде 12 ракағат (бес уақыт намаздағы сүннет намаздар) намаз оқыған адамға Жәннаттан үй тұрғызылады. (Муслим) Білім іздеп жолға шыққан кісінің Алла тағала Жәннатқа барар жолын жеңілдетеді» (Бухари).
«Азан айтылған мезетте оны шын жүрегімен қайталаған кісі шүбәсіз Жәннатқа кіреді» (Әбу Дауд).
«Кімде-кім «Аллаға Раббым ретінде және Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарым ретінде разымын» деген сөзді шын жүректен айтар болса, міндетті түрде Жәннатқа кіреді» (Әбу Дауд).
«Кімнің ақтық дем алдындағы соңғы сөзі «Лә иләһа илла Алла» болса, ол – Жәннаттық» (Әбу Дауд).
«Субханаллаһ әл-Азым уә бихамдиһи» (Барлық кемшілік атаулыдан пәк әрі ұлық Аллаға мақтау, мадақтар болсын) деп үнемі зікір айтқан адам үшін Жәннаттан құрма ағашы өсіріледі» (Тирмизи).
«Үш заттан (тәкаппарлық, өкпе-реніш және қарыз) жүрегі таза болып жан тапсырған кісі – Жәннатқа кіреді» (Тирмизи).
«Кімде-кім екі қыз баланы (немесе әпке-қарындастарын) тәрбиелеп, өсірсе, онда ол екеуміз (Пайғамбар, (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Жәннатта боламыз» (Тирмизи).
Расында, шыншылдық тақуалыққа жетелейді, ал тақуалық — Жәннатқа. (Бухари)
«Уа, адамдар, араларыңда сәлемді таратыңдар, міскіндер мен ашқұрсақтарды тамақтандырыңдар, өзгелер ұйқыда жатқан кезде намаз оқыңдар – Жәннатқа есендікте кіресіздер» (Тирмизи).
«Қажылықтың кемелдігі – екі қажылықтың ортасында жасалған барлық күнәларды кешіріледі, ал Алла қабыл еткен қажылықтың сыйы, әрине, Жәннат болмақ» (Бухари).
«Мен Жәннаттан бір кісіні көрдім: ол мұсылмандарға кедергі келтірген жол бойындағы ағаш бұтағын (немесе ағашты) алып тастаған бір ғана әрекеті үшін ғана жәннаттың берекесімен қауыштырылған болатын» (Муслим).
«Алланың тоқсан тоғыз есімі бар, жүзден бірі кем. Кімде-кім оның әрқайсысының мағынасын толық түсініп, оған сеніп және соған сай әрекет етсе, ол Жәннатқа кіргізіледі» (Бухари).
Алла Тағала әрбір жасаған игі істеріңіз бен амалдарыңызға Жәннат бағын нәсіп еткей!
ummet.kz