28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Шағбан айының шарапаты, Бәраат түнінің берекеті

Мақалалар
Жарнама

Шағбан айы – үш мүбарак айдың екіншісі. Осы ай келген шақта күнде ең аз бір рет:

اَللّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِى رَجَبَ وَ شَعْبَانَ وَ بَلِّغْنَا رَمَضَان

«Аллаһумма! Бәрик ләнәә фи рәжәбә уә шағбәнә уә бәллиғнәә рамадана», - деп дұға ету сауапты іс болмақ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисте: «Шағбан - менің айым, Ережеп – Алланың айы, Рамазан – үмбетімнің айы», - деп осы айға да баса назар аударған. Хадистерде Алла елшісі (с.ғ.с.) Рамазан айынан кейін ең көп осы айда ораза ұстайтындығы айтылады.

Хазіреті Айша (р.анһа): «Алла елшісі (с.ғ.с.) шағбан айында ұстағандай өзге айларда ораза ұстамады. Ол шағбан айының басым көпшілігін оразамен өткізетін. Ол: «Амалдарды шамаларың жеткенше жасаңдар. Өйткені Алла сендер амалдан жалықпайынша (сауап беруден) жалықпайды» дейтін» дейді.

Басқа бір хадисте: «Шағбан – ережеп пен рамазан айының ортасындағы ай. Бірақ адамдар оның ерекшелігінен бейхабар. Алайда сол айда құлдардың амалдары әлемнің Раббысына қарай көтеріледі. Мен де ораза ұстаған күйімде амалдарымның Алла Тағалаға көтерілуін қалаймын» дейді.

Сахабалар да осы шағбан айы туғанда Құран оқуға көп көңіл бөліп, күні-түні Құран оқи бастаған. Ендеше осы айда Құранды мән-мағынасын түсініп көп Құран оқыған сауапты іс болмақ. Егер Құран оқи алмайтындар болса осы айда Құран үйренуді бастағаны абзал. Құранның әрпін үйреніп, ежелеп оқуға көп дегенде екі апта ғана уақыт кетеді. Үйренуге мүмкіндік таба алмағандар тым болмаса Құранның тәпсірі мен мағыналық аудармасын оқыған абзал. Мұсылман адам тым құрығанда осы қасиетті үш айларда өзінің дінін үйренуге ниет танытқаны дұрыс.

Осы айда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат айтқан абзал. Өйткені бұл ай Пайғамбарымыздың айы. Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисте: «Маған бір рет салуат айтқан адамға Алла Тағала он рет салауат айтады (яғни, он рет рақым етеді)» дейді.

Кейбір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсенің қадірін біл!

Қартаймай тұрып жастықтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, іспен шұғылданбай тұрып бос уақыттың, өлмей тұрып өмірдің» дейді.

Міне, Алланың айы болған Ережеп те өтті де кетті. Сол айдың қадірін біліп өткізген болсақ сауабын күте береңіз. Ал қадірін біле алмаған болсақ онда Алла елшісінің айы – шағбанды қадірлей білейік. Өйткені кез-келген пенде үшін енді қайтып шағбан айы қайтып келе ме, келмей ме белгісіз. Көптеген адамдар үшін осы қасиетті айлар ақырғы айлар болмақ. Аталмыш айлардың қадірін біле алмағандар күн ертең қайта осы айларға жете алмай көз жұматын болса саусағын тістеп өкініп арғы жағалауда қапыда қалмақ.

Бірде хазіреті Айша (р.анһа) Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Пайғамбарым! Шағбан айында неге көп ораза ұстайсыз?» - деп сұрадым. Сонда ол: «Айша! Бір жылда өлетін адамдардың аттары осы айда (өмір сүретіндердің) дәптерінен өшіріліп Әзірейілге тапсырылады. Ендеше мен де аузым берік күйде атымның өшіріліп (басқа дәптерге жазылуын) қалаймын» деп жауап береді.

Бәраат түні

Шағбан айының он бесінші түні – Бәраат түні. Бұл түнде адамның бір жылдағы ризық, бай немесе кедей, жоғары немесе төмен болатынынан, ғұмырларының ұзаруы немесе ажалының келуі жайлы хабарларды Алланың әмірімен періштелердің дайындайтындығы кейбір деректерде білдірілген.

Бұл түн – кешірім түні деп те аталады. Өйткені, осы түнде Алла көп адамның күнәсін кешірмек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бәраат түнін ғибадат етіп өткізген. Хазіреті Айша (р.анһа) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір түні орнынан тұрып намаз оқыды. Сәждеде көп тұрғаны сонша мен оны: «Жан тәсілім еткен жоқ па екен?» - деп ойладым. Орнымнан тұрып, қолымды аяғына тигізіп едім, қимылдады. Мен қайта орныма бардым. Сәждеде былайша жалбарынғанын естідім: «Аллаһым, азабыңнан кешіріміңе, ашуыңнан ризалығыңа сыйынып, Сенен Сені қорған етемін. Сен ұлысың. Саған арнаған мадағымды, Сенің өзіңе жасаған мадағыңмен тең тұта алмаймын. Саған лайық мадақтауға күшім жетпейді».

Намазды бітіргенде:

–  Айша, Алла Тағаланың елшісі саған әділетсіздік жасайды, - деп ойладың ба? – деді. Мен:

 –  Жоқ, уаллаһи, Пайғамбарым. Ондай ойым жоқ. Бірақ сәждеде ұзақ уақыт тұрып қалғаныңызды байқап, өлді ме? - деп ойладым.

–   Бүгін қандай түн екенін білесің бе?

–   Алла және оның Елшісі жақсы біледі. Сонда ол:

–  Бұл түн – шағбанның он бесінші түні. Алла Тағала шағбанның он бесінші түні құлдарына рақымын төгіп, кешірім тілегендерді кешіріп, «рақым ет!» - деп жалбарынғандарға рақым етеді. Тұла бойы қастыққа тұнғандарды өз еркіне қалдырады», - деді».

Бәраат түнінің ерекшелігінің бірі – сол күні құбыланың Қудус мешітінен, Қағбаға қарай өзгеруі. Бұл түні «жақсылық намазы» оқылады.

Ендеше осы түнді құлшылықпен өткізу дұғалардың қабыл болуына себеп.

Кейбір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) осы түні намазға тұрып «Фатиха» сүресін оқыған соң қысқа бір сүре оқып сәждеге барады. Бірақ сол сәждеде түн жарымына дейін тұрғаны, одан соң тағы бір рәкат қысқа оқып, сәждеде таң намазына дейін тұрғаны айтылады.

Олай болса осы түнді осылай өткізуге болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сәждеде айтқан дұғасын былайша көп рет қайталайды:

أَعُوذُ بِعَفْوِكَ مِنْ عِقَابِكَ، وَأَعُوذُ بِرِضَاكَ مِنْ سَخَطِكَ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْكَ، جَلَّ وَجْهُكَ، لاَ أُحْصِي ثَنَاءً عَلَيْكَ أَنْتَ كَمَا أَثْنَيْتَ عَلَى نَفْسِكَ *

«Әъузу биафуик мин иқаабик. Уә әъузу би ридаакә мин сахатикә. Уә әъузу бика минкә. Жәллә уәжһукә. Ләә ухсии сәнә-ән алайкә әнтә кәмәә әснәйтә ала нәфсикә».

 Періштелердің дұғасы аталған мына дұғаны ұзақ уақыт қайталап тұрса да болады:

سُبُّوحٌ قُدُّوسٌ رَبُّنَا وَرَبُّ الْمَلاَئِكَةِ وَالرُّوحِ

«Суббухун, қуддусун. Рәббунәә уә рәббул-мәләәикәту уәр-рух».

Сондай-ақ Бәраат дұғасын айтуына да болады:

 اَللّٰهُمَّ إِنْ كُنْتَ كَتَبْتَ اسْمِي فِي دِيوَانِ السُّعَدَاءِ فَأَثْبِتْهُ، وَإِنْ كُنْتَ كَتَبْتَ اسْمِي فِي دِيوَانِ الْأَشْقِيَاءِ فَامْحُهُ، فَإِنَّكَ قُلْتَ ﴿يَمْحُو اللّٰهُ مَا يَشَاءُ وَيُثْبِتُ وَعِنْدَهُ أُمُّ الْكِتَابِ﴾ *

«Аллаһуммә!  Ин кунтә кәтәбтә исми фии диуәнис-суъадә-ә фә әсбитһу. Уә ин кунтә кәтәбтә исми фии диуәнил-ашқияи фәмхуһу фә иннәкә қултә «ямхуллаһу мәә яшәә уә юсбиту уә индәһу уммул-китәәб».

 

 

Мұхитдин Исаұлы

Бөлісу: